5,2 млн гектар алқапқа астық егіледі

Қостанай облысында көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары басталды деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, көктемгі егіс науқаны мамыр айының ортасына қарай басталады. Қажетті техникалар, құрал-жабдықтардың дайындығы пысықталуда. Егілетін тұқым жеткілікті, жанар-жағармай қоры да сақадай-сай. Оны үлестіру кестесі де бекітілген.

«Осы жылы Қостанай облыстық ауылшаруашылық құрылымдары 5,2 млн гектар егіс алқабына дән сіңіреді. Соның ішінде 4,7 млн гектары жазғы егіс алаңы саналады. 4 млн гектарға дән және бұршақ дақылдары егіледі. Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалағасады. Нәтижесінде, майлы дақылдардың көлемі ұлғаяды», — дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Қабделов.

Диқандардың басты мәселесі — егіс алқаптарын әртараптандыру, экономикалық тиімді, ішкі-сыртқы нарық сұранысына сай өнім көлемін арттыруға көңіл бөлу. Мамандар егіс алқабын әртараптандыру елдегі агроөндірістік кешенді дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екеніне екпін сала өтті. Ол үшін диқандар майлы дақылдар егуге ден қоюы керек. Бірақ оны егу де оңай шаруа емес. Бабы күшті және арнайы техника болмаған жерде аста-төк өнім аламын деу — бекер.

Тәжірибелі диқан Сайран Бұқановтың сөзінше, майлы дақылдарды егу қиын болғанымен, оның жемісі екі еселеніп қайтады.

«Қазақта «еге алмаған жерден көреді, басқара алмаған елден көреді» деген сөз бар. Ниет танытса, еңсерілмейтін қиындық жоқ. Өйткені, егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру нақты нәтижелер бере бастады. Экономикалық тиімділігі мен табысы астықтыкінен көп. Мұнымен айналысуға бізді нарық мәжбүрлеп отыр», — деді Сайран Бұқанов.

Сонымен, биыл арпа егілетін алқап 337 мың гектарға жеткізіледі. Мал азығын 25 мың гектарға, ал көкөніс алқабы 129 мың гектарға артпақ. Былтырдан бері 2 млн тоннадан астам бидай экспортқа шығарылды. Атап айтқанда, Қостанай астығы Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Иран, Тәжікстанға жеткізілген. 2019 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша көршілес мемлекеттерге Қостанай облысынан 235 мың тонна астық экспортталған.

Айта кетейік, былтыр Қостанай облысында 5 млн 214 мың тонна астық жиналған. Орташа түсімділік 12,8 центнерді құрады.

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында әкім асылып қалған

Қостанай облысындағы Пресногорковский ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаев асылып өлген күйінде табылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *