Қара лақ қайда екен?

(Табиғатты қорғау инспекторының әңгімесі)

2018 жылы бидайықтарға, сай салаға, өзен көлдерге су мол түсті. Маң даланың еркесі де сәні, тамылжыған табиғаттың көркіне көрік қосар сұлуы, мөлт-мөлт еткен көздерін айтпағанда, желпілдеген танауының өзі әдемі көрінетін, сонысымен-ақ баурап алатын сүйкімді жануар — киіктер де уақытында, май айында төлдеді. Жаздың аптап ыстығына, жаудай болған масасына қарамастан, соңынан еріп жүріп, рейдтік жұмыс барысында таңғажайып бір көрініске тап болдық. Кыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында күндіз-түні бірге ақбөкенді қорғау мақсатында жүрген әріптестерім – аға инспектор Алмас Тұрматов, инспекторлар Алмат Кемпіров, Рамазан Кайырбеков, Алмат Молдашов, Руслан Акбаров, Виктор Михайлович, мен және «Алтын дала» резерваты инспекторларының  бақылауымен киіктердің лақтау уақытын басынан аяғына дейін қадағалап жүрдік. Торғайдың жазық даласында Ақкөл көлемімен Ақтөбе, Ақшығанақ Ырғыз , Торғай территориясында киіктердің лақтауы уақытында, әдеттегідей рейд  барысында бір керемет оқиғаның куәсі болып, өзіміз де таңғалдық.

«Охотзоопром» және «Алтын дала» инспекторлары әдеттегідей дүрбі салып тұрып, киіктердің төлдеген лақтарының ішінен бір қара лақты байқадық. Кәдімгі егіз лақ. Егіз лақтың біреуі сарғыш, екіншісі қара екенін байқадық. Құйрығында қара жолақтылары және бар.

Лақтар әдемі өсіп қалды. Секеңдеп, ойнақ салады. Өскен соң, солтүстікке – егін жаққа қарай беттеді. Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ақшығанақ ауылының жанындағы Торғай өзенінің Ақжалпақ деген өзегінен киіктер жапатармағай өтіп жатты. Өзеннен жүзіп өтерде суға бірінші аналығы бастап өтеді. Жер қайыстырар көп киіктің судан өтіп жатқан уақытында бір сағаттан артық шыдап тұра алмайсың. Маңыраған даусынан басың ауырып кетеді. Оның жанында май айындағы сары масаның ызыңы артығырақ. Осы көп киіктің ішінде біздің қара лақ та бар еді, «Құдайдың жіберген қара лағы» деп атап кеткенбіз. Біз алыстан қадағалап қарап тұрдық. Жақын маңда малшы ауылы бар екен. Малшы ауылдың иесі біздерді қара қостан дәм татып кетуге үйіне шақырды. Сапар деген кісі екен. Шай үстінде қара лақ туралы айтып едік, «былтыр көп киік өткенде, менің қара текем жоғалып кеткен, дәуде болса соның лағы» деді. Ол кісінің сөзіне қарап мен сендім. Кейбір кісілер сенбеді. Әзілдеп отыр деп ойлады.

Сенген себебім, киік пен үй текесінің бірге жүргенін көрмеп едім, ал дала тағысы – қаншық қасқыр мен малшы ауылдың төрткөз төбеті үш жыл қатарынан ақпан айында ұйлыққанын көрдім. Бұл оқиға 1993-96 жылдар аралығында Ақкөл совхозында болған еді.

Ақкөл ауылының  Ашутас деген жерінде 1 отар қойын бағып малшы ауыл тұрды. Сол жылдары мен зоотехникте жүргізуші болып жұмыс істедім. Қыс уақытында, ақпан айында сол малшы ауылға соққан едік, дастархан басында зоотехниктің «мал-жан аман ба?» деген сөзіне малшы: «Дін аманбыз, біздің қорғаушымыз бар, мықты қаншық қасқыр. Ешқандай ит-құсқа тигізбейді. Бұл жерде мекендегеніне биыл екінші жыл. Анау қырдың үстіндегі төмпешіктің үстіне келіп қарап, жатып кетеді. Бір апта болды, біздің Лайка жоқ. Тағы ақ қаншық қасқыр ертіп кетті ғой деймін. Былтыр осы ақпан айында келіп, ертіп кетіп, бір аптадан кейін дым болмағандай үйге қутыңдап, арсалаңдап кайтып келген. Әуел баста жынданып кетті ме деп итті байлап қойып, тексердік. Ондай ештеңе байқалмады. Сол жылы мамыр айында біздің Лайкадан 5-6 күшік тапқан. Күзде көрші малшының қойына шауып, бір бұзауын жеп кетті. Олар жиналып, қасқыр аулауға шығып, қасқырлардың бетін басқа жаққа аударып жіберді. Бұл қасқырларды аулау қиынға түскен жоқ. Өйткені иттің қаны бар еді. Итке шатысы бар болғандықтан, адамға жақын. Ауылға және техникаға белгілі бір қашықтықта қорықпай жақындап жүретін. Бөлтіріктер майтабан кезінде  қасқырларды күзде атпен қуып, атып алып жүрді», – деді малшы.

1995 жылы мамыр айында нағашым Серік, Сызай ауылынан Төлеухан үшеуіміз сол қасқырдың иттен ұйлыққан күшігін іздеп шықтық.   Таңертеңнен кешке дейін іздеп, іңір қараңғыда қаншықтың апанын таптық. Апанды қазып қарасақ, төрт қара күшік, үш сұр күшік бар екен, көзін ашқан, бауырын көтерген. Төрткөз қара күшікті мен асырауға алдым. Нағашым Серік қара-сұрын , Төлеухан қасқыр түстес ақ-сұрын алды. Нағашым Серік қалған төртеуінің артқы тілерсектерін кесіп жіберді. Мен нағашымнан себебін сұрадым: бұл не үшін деп. Бұл күшіктер енді қысқа дейін не жүгіре алмайды, не жемтігін өзі жүгіріп аулай алмайды. Бұлардың шешесі осыларға тамақ тасып-ақ арып-ашып өледі деді. Сонымен, үшеуіміз үш жаққа кеттік… Күзде тілерсегі кесілген төрт күшікті ауыл адамдары ауылдың маңайынан атып алыпты. Ал аналық қасқырды көрген-білген адам жоқ.

Асыраған қара күшігіме Арлан деп ат қойдым. Бір жылдан кейін көрші үйдің тоғыз тоқтысының құйрығын жұлып алды. Сосын аттыртып тастадым. Нағашымның Көксерегі адамға шапты. Төлеуханның Ақтөсі өзінің жеті ешкісін бауыздап тастады. Бұл қара қасқырдың тұқымы әлі бар деп естідім. 2017 жылы қаңтар айында Қанат деген жігіт Торғай көлемінде жүргенін айтты. Қызмет барысында байқағаным, қасқыр жылына үш күшік, екі жылдан кейін 5-6-сын тауып, жылдан-жылға көбейтіп отырады екен. Қасқырдың бір қасиеті, апанының жанынан адамның немесе техниканың ізін байқаса, бір-ақ күнде күшіктерін басқа інге алып кетеді. Қасқыр інін сортаң жерге, суы бар ескі борсықтың ініне салады. Қаншық қасқыр ініне келіп, күшіктерін емізгенде ініне бір ізбен келіп, бір ізбен кетеді. Інінен екі жаққа бір із ғана болады. Қасқырдың арланы інге көп келе бермейді. Тіпті дене жарақатын өзі жалап емдейді. Қалған жұқпалы аурудан Бетпақдаланың бойында шипасы бар шөптерді теріп жеп емделеді. Бұл аңды «Бетпақдаланың санитары» дейді. Тағы бір қасиеті, мамыр айында, киіктер төлдейтін уақытта үш күн іші өтіп тышқақтап, тамаққа зауқы болмай, қамыстың ішінде немесе салқын бір сай-салада жатып ауырады. Сол күндері киіктің лағы аяқтанып, жүгіргенде машинаға оңайлықпен жеткізбейтін болады. Туғанына екі-үш күн болған лақты құралай деп атаймыз.

P.S. Табиғаттың әсем жаратылысы – киіктің өсіп-өнуіне адамзат кедергі  болмаса екен.

Солтүстікке қарай кеткен киіктің қара лағын көргендер бар ма екен?

Сол кеткен көп киік қайтадан оңтүстікке өтті, бірақ ішінде біз көрген қара лақ жоқ…

Марат ЕРМҰХАНОВ,

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК

ОП Амангелді инспекторы

Қостанай облысы

Жангелдин ауданы

Ақкөл ауылы

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *