Мың домбыра шанағынан төгілген «Балбырауын»

Батпаққара даласының көгінен күй төгілгендей болды. Орталық алаңдағы мерекелік іс-шара өтетін орынға мың домбырашының жайғасуы күй тартпай тұрып-ақ керемет сұлу көрініс еді. Аппақ киініп, қолына қоңыр домбыра ұстаған домбырашылар жағалай аққу-қаздар қонып, құс базарына айналған көк айдын іспетті. 

 Олжас Қылдыбаев дири­жер таяқшасын сілтеп қал­ған­да, мың домбыра шанағы­нан Құрманғазының «Балбы­ра­уыны» төгіле жөнелді. Арқа­ның кешкі май тоңғысыз самалы ерке күйді алысқа алып кет­іп жатқандай. Көкке ілініп тұрып, құйқылжыта сайрайтын бозторғай да мың домбыраға кезек бергендей, Ұлы дала ты­нып, күйге ұйып қалыпты. Дом­бырашылар күйдің ырғақты жерінде самал желпіген егіндей тербеліп кетеді. Дирижердің си­­қырлы таяқшасы мың дом­быраның иесін де, үнін де ба­ғындырып, еріксіз байлап ал­ғандай, домбырашылардың саусақтары пернеде бірдей жү­гі­ріп, шанақты бірдей қағады. «Балбырауын» мен ойнақы халық күйі «Келіншекті» ой­наған мың домбыраның үніне де, сәніне де елтіп қалған көрер­мен кешкі тымық ауаны жарып, шапалақты да аямады.

Өткен жылы Ұлттық домбыра күні мерекесі белгіленгенде аудандық Халық аспаптар ор­кестрі концерт қойған еді. Сол концертті тыңдаған аудан әкі­мі Әмірхан Асанов:

«Аман­гелді ауданында төріне домбы­ра іл­меген үй жоқ шығар. Құр­ман­ғазының бір күйін бір мезгілде тартатын 500 домбырашы қалайша шықпас екен? Соны жасап көрсек қайтеді?» деп бастама көтерген еді. Басшыны қостаушы аз болған жоқ, сонымен, қазан айында іс қолға алынды. Негізгі күш аудандағы 11 ауыл­дық округтегі клубтар мен мектептердің музыка мамандарына түсті. Мектептердегі домбыра үйірмелері бұрынғыдан да белсенді жұмыс істеді, оқу­шылармен қатар мұғалімдер де домбыра үйрене бастады. Жас­тар былай тұрсын, ауыл­дың үлкендері де клубқа күй үй­ренуге келетін болды. Міне, алты ай бойы осындай ыжда­ғатты дайындықтан кейін мамыр айындағы Қызғалдақ фес­тивалінде 500 домбырашы күй тартқан еді. Одан тура бір айдан кейін мың домбырашы сахнаға қайта шықты. Ауданда он жеті мыңдай тұрғын болса да, мың домбырашыны жинау оңай шаруа емес. Өйткені домбыра ұстағанның бәрі күйші емес қой. Сондықтан 90 жасқа аяқ басқан Ғалымжан Жүнісов ақсақал да сонау жас кезінде ойнаған «Балбырауынды» есіне түсіріп, домбырашылар қатарына отырды. Ал мың домбырашының қатарындағы ең жас күйші 10 жастағы Әрсен Мұратов болды.

– Алты ай бойы домбыра­шы­ларға күй үйреттік. Тіпті «Бал­бырауынды» жаттап алды. Домбырашылар арасында кім жоқ дейсіз, оқушылар, студенттер, мұғалімдер, мекеме басшылары, шаруашылықтағы мамандар күйші болып шыға келді. Ұйымдастыру жұмысы жеңіл емес, бірақ қызық болды, – дейді дирижер Олжас Қылдыбаев.

Домбырашылардың қатарына Батпаққара топырағынан түлеп ұшқан, бүгінде есімі елге бел­гілі өнерпаздар, домбырашы Анар Мұздаханова, Шолпан Қор­ған­бекова, Қайыржан Шаях­­метовтер отырып, мыңды толық­тыра түсті.

Ауданда тойланған Ұлттық домбыра күні мен Елорда күні мерекелері аясында бел­гілі мәдениет майталманы, облыстағы көркемөнерпаздар ұжым­дарының дамуына үлкен үлес қосқан Төкен Елтебаев­ты еске алуға арналған ғылы­ми-практикалық конферен­ция өтті. «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ұлт аспаптары ансам­бль­дерінің байқауы да оның есімін ұлықтауға арналды. Жұрт­шылық Нұр-Сұлтан, Қоста­най, Арқалық қалалары мен Алтынсарин, Амангелді аудандарынан қатысқан өнер ұжым­­дарының өнерін тамашалады. Бас жүлдені Нұр-Сұл­тан қаласынан келген «Қор­қыт» ансамблі, бірінші орынды Арқалық қаласының «Мұрагер», екінші орынды Нұр-Сұлтан шаһарынан «Тарлан», үшінші орынды Алтынсарин ауданының «Мұрагер» ансамблі алды. Дар­хан Сұлтанбеков, Ғазиза Жұ­ме­кенова, Алма Адалханова, Ақжанай Қалиевалар орындаған ән мен күй руханиятқа сусап отыратын ауылдағы ағайынның құлақ құрышын қандырды.

«Ел іші – өнер кеніші». Амангелдідегі ағайындар «мың домбыра шыққан жерде тағы мың жоқ дейсің бе?» деген тоқ көңілмен тарасты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ
egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *