1923 жылы Орынбордағы қазақ қауымы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толған мерекесін дүрілдетіп өткізеді. Сол салтанатты мәжіліс Я. Свердлов атындағы клубта болды. Жиналысты сол кездегі Қазақстан Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин кіріспе сөз сөйлеп ашып, сонда Смағұл Сәдуақасұлының Ахмет өмірі мен ғылыми, әдеби еңбектері жайында баяндама жасаған.
Осы оқиғаға қатысты әңгіме бола қалған жағдайда қыр соңынан қалмай, бірге айтылып жүретін бір сөзге қатысты пікір білдірмекпіз. «Ахметке шіріген жұмыртқа лақтырды». Шындығында солай болды ма? Әлде өтірік пе? Ахметке шіріген жұмыртқа, жемістер лақтырылды ма? Әрине, ол күннің куәгерлері бүгінде жоқ. Бірақ әлгі сөз әлі күнге дейін «өмір сүріп» келеді. Оның да нүктесін қоятын кез келді. Дау сонымен тәмам болуы тиіс.
Бұл оқиғаның куәгері – алаштықтардың көзін көрген ғалым, жазушы Ғалым Ахмедов. Қаламгер «Алаш Алаш болғанда» (Алматы, «Жалын», 1996, 33-бетте) атты кітабында сол оқиғаға қатысты былай дейді:
«Жиналысқа Орынбордағы қазақтар қалмай келген. Бәрі де Ахаңа қатты қол шапалақтап, түрегеліп құрмет көрсетті. Антракт кездерінде А.В. Затаевич қазақ әндерін, оның ішінде Ахаңның әні дейтін, жастар көп айтып жүретін «Қара көз» деген әнді де фортепианода ойнады. Мәжіліс өте жақсы, көңілді өтті. Беріде сол кездерде Орынборда оқыған (?) бір құрметті ағамыз сол жиналыста Ахаңа шіріген жұмыртқа лақтырдым деуші еді, онысы енді өзі әңгімешіл адамның қыза келгенде аузынан шығып кеткен басы артық бір сөзі болар. Мен сол жиналыстың басынан аяғына дейін болдым, ондай өрескел ештеңе көрген емеспін және мәжілісті Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Сәкен өзі басқарып, барлық үкімет басшылары, зиялы қауым түгел қатысып, юбилярды сонша ардақтап отырғанда ондай уақиғаның болуы мүмкін де емес еді. Сол жиналыста қазіргі көзі тірілерден Халық әртісі Қапан Бадыров та болған, жақында бір көргенімде ол да осы менің айтқанымды растады».
Автор «Орынборда оқыған құрметті ағамыздың» аты-жөнін атамайды. Тек болған оқиғаны баяндап береді. Бірдеңе лақтыру секілді теріс қылықтар айтылмайды. Болмаған оқиғаны қалай болдырасыз?! Осының өзі де жеткілікті.
Ал енді бұдан бөлек, әлгі жел сөзді гулетіп жүргендердің сүйенетіні – Сәбит Мұқановтың кітаптары болса керек, сірә… Мұқановқа сөз берелік:
«Ақаң» дегендері Ахмет Байтұрсынов болып шықты. Сұрастырып көрсек, Байтұрсыновтың елу жасқа толғанына зор мерекелі юбилей жасалмақ, сыйлықтар берілмек, арнаулы кеш өткізілмек. Ол кештің қалай өтуіне арналған афишалар көшелерге, оқу үйлерінің ішіне жапсырыла бастады. Афишаның айтуынша, Байтұрсыновтың юбилейіне арналған кеште Смағұл Сәдуақасов «Ақаңның алдында» деген баяндама жасамақ… одан кейін сыйлықтар берілмек… Одан кейін Байтұрсыновтың өз шығармаларынан құралған әдебиет бөлімі өткізілмек… …Орынбордағы ең үлкен зал – Свердлов атындағы клуб. Юбилей сонда ұйымдастырылды. Мыңнан аса кісі орналасатын залға адам лық толды. Сахна ашылды. Байтұрсыновты қолтықтап Смағұл Сәдуақасов және кейін «халық жауы» боп кеткен ұлтшылдар шығып, безендіре құрған президиум столын айнала отырды. Сөз Сәдуақасовқа берілді… Бұл юбилейге қарсылар, жиналысқа күн бұрын даярланып, газетке орап қалталарына шіріген капуста, картошка сияқты заттарды сала барды, ойлары – егер Сәдуақасов Байтұрсыновты баяндамасында мақтайтын болса, шіріген овощтарды лақтырып қуып шығу.
Соны сезгендей, Сәдуақасов өзінше тактика қолданып, Байтұрсыновты мақтай жөнелмей, сатылап жетті. Оның баяндауынша, қазақ халқында ұлттық бес көсем бар, олар: Кенесары, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов… Кенесары мен Байтұрсыновқа халықтың қаны ұйымайтынын, дұшпан көретінін Сәдуақасов жақсы біледі, сондықтан да ол бұл екеуін көпшіліктің санасына халық шын сүйетін Шоқан, Ыбырай, Абайға қосақтап майлап өткізгісі келеді. Сәдуақасов баяндамасын осылай өрбіте жөнелген кезде, трибунада тұрған оның үстіне залдан лақтырылған шірік овощтар жауды да кетті… Сәдуақасов сахна сыртына қашып шықты… Содан кейін мәжілістің кейінгі жағы өткізілместен, «юбилей» тарады… Байтұрсыновқа қарсы студенттердің өтінішімен, сол күні түнде «Қара тақтаға жазылмаңдар, шешендер» деген атпен жазылған менің мақалам, ертеңіне республикалық «Еңбекші Қазақстан», 69 нөмірінде (1923 жылы) бас мақала боп жарияланды (Сәбит Мұқановтың 16 томдық «Таңдамалы шығармалар» жинағы. «Өмір мектебі» романының екінші кітабы)».
Кітапта осылай делінсе де, түсіністік танытайық, оған бүгінгі күннің биігінен қарап отырып баға беру оңайырақ. Ал ол уақытта цензура Алаш арыстарын мақтатып қойған жоқ, керісінше, соның желкеден төніп тұрған нұсқауымен Ахметтер халыққа дұшпан кейіпте көрсетілді.
Шындығында Ахаңа да шіріген жұмыртқа лақтырылған жоқ, Смағұлға да ештеңе жауған жоқ. Әсіре әдіптелген сөздер әдебиетке айналды. Қызыл өкімет қызыл сөздің көрігін қыздырды. Бары сол.
Ал Ахмет аты Шоқан, Ыбырай, Абайлардан кейінгі қатардан ойып тұрып орын алғанын ТӨРЕШІ УАҚЫТ өзі көрсетті.
Бауыржан БЕРІКҰЛЫ