Алтын Дала

«Алтын Дала»! Сонымен, 2019 жылғы 6 шілде күні түс кезінде Амангелді кентінен «Алтын Дала» резерватының «Ұлы Жыланшық» учаскесіне бағыт алдық. Жалпы, резерват Қазақстанда құрылған қорықтардың ішінде еліміз тәуелсіздік алған жылдары құрылған резерваттардың бірі. «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты — Қостанай облысының Амангелді және Жанкелдин аудандарының аумағында орналасқан резерват. 2012 жылы 27 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы №1496 қаулысымен жаңадан «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты ұйымдастырылды.

«Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының жер көлемі – 489 766 га алқапты қамтиды. Бұл табиғи резерват Қостанай облысының Амангелді және Жанкелдин аудандарының аумағында орналасқан далалы, шөлейтті, шөлді, шалғынды және сулы батпақты алқаптардың табиғи экожүйелері мен ландшафтылық ерекшеліктерін және еліміздегі ақбөкендердің Бетпақдала популяциясын қорғауды көздейді.

«Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы 3 кластрлі учаскеге бөлінген: 1. Сарықопа – 52 115 га (Сарықопа көлдер жүйесі). 2. Тосынқұм – 95 881 га (Тосынқұм құмы, Торғай өзенінің сол жағалауы). 3. Ұлы Жыланшық – 341 670 га (шөлейттенген далалы алқап, Ұлы Жыланшық өзенінің жағалауы). Аумағына бір Бельгия сыйып кететін Торғай жері қандай үлкен болса, оның ішіндегі «Алтын Дала» резерватының көлемін көзбен елестете беріңіз?

Әрине, біз уақыттың тығыздығына байланысты әр учаскеге бір күнімізді арнадық. Мысалы, 6 шілде Ұлы Жыланшыққа барсақ, 7 шілде күні Тосынқұмға жеттік, сәйкесінше 8 шілдеде Сарықопаға өттік. Біріншіден, сөзіміздің басында айтқандай бұл резерват («Ырғыз-Торғай» резерватымен бірге) киіктердің Бетпақдала популяциясының 90 проценті мекендейтін киіктердің отаны.

Екіншіден, мұнда «Алтын Емел» қорығынан құландар әкеліп жерсіндірілген болатын, өкінішке орай олардың саны әзір аз, бір қуаныштысы құландар қыстап шықты және жергілікті жерге тез көндігіп кетті. Үшіншіден, бұл резерват қазақ даласындағы сирек кездесетін қызғалдақтың құмда өсетін түрінің отаны, бір қызығы, бұл дала өсімдіктері сияқты өте өміршең болады екен.

Төртіншіден, дәл осы резерватта ғана тораңғы өседі. Бесінші, бұл аймақта дала сәбізі – көсік пен құм сағызы өседі. Алтынша, бұл резерват құстардың мекені, дәл осы резерватта әлі де дуадақ кездеседі.

Жалпы, қазіргі күні резерват аумағында өсімдіктердің 370 түрі өседі, оның 23-і сирек кездесетін өсімдіктер, ал құстың 275 түрі кездеседі, бір қызығы мұнда әсіресе ірі құстар, оның ішінде бүркіт тұқымдастардың түрлері көп. Оған өзіміз де куә болдық. Көрсең көз тойғандай екен, әр төбеде қарауылдар сияқты шоқиып отыр және еркін ұшады.

Тіпті бірде мынадай көрініске куә болдық. Зорман ба саршұнақ па, әйтеуір бір аңды ірі құстың шүйлігіп іліп алмақшы болғанда, біз де көлікпен жете қалдық (айтқандай зорманымыздың да екі түрі болады екен). Сол кездегі зорманның түрін және көзін көрсеңіз, бізге бір қарап, құсқа бір қарап, жаудың қайдан келгенін түсінбей қалғаны бар және айбат шегуінің өзі ерекше көрініс екен. Бүкіл мимикасы, қозғалысы керемет болатын. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!

Жалпы, резерват аумағында бауырымын жорғалаушылардың 11 түрі кездеседі екен, әсіресе, қосаяқты көргенде көзіңізге Австралиядағы кенгуру елестеп кетеді, сүт қоректелердің 57 түрі бар деседі, соңғы жылдары мұнда сабаншы мен елік те пайда болыпты, ал амфибиялардың 4 түрі мен балықтардың 9 түрі де бар екен. Баяғыдағы Бердібай Қарасуындағы өзім аулаған балықтарды айтсаңызшы, ау құрып қойсаң кешке жарты қапшық балықты көтеріп кетесің ғой. Жыланшықтың шортандары қандай тағы! Айтқандай, Ұлы Жыланшық өзені бойынан зіл де, ежелгі аңдар (мысалы, мүйізтұмсық) да табылған, тіпті біреуінің атауы ғылым тілінде Торғай жерімен байланыстырылғаны есімде.

Міне, осындай аумақтың аңы мен құсының да жергілікті ерекшеліктері көп, былайша айтқанда эндемиктер мол, яғни осы өңірге тән. Біздің мақсатымыздың да бірі осы болатын, яғни оларды көру, танысу, зерттеу. Әсіресе киікті айсаңызшы!

Дала еркесі киікті баяғыдағыдай, яғни «В мире животных» деп аталатын хабардың заставкасындағыдай көрмесек те, бұрынғыдай ақбөкендерді көліктен шығып, олардың 15-20 минут бойы өтуін күтіп тұрмасақ та, далада жиі кездесуі ежелгі мамонттардың құрдастарының даламыздың сәні бола береді деген сенімімізге үміт ұялатқандай болды.

«Алтын дала» резерватының «Ұлы Жыланшық» учаскесінің қызметкерлерінің айтуынша, биыл киіктер төлдеу кезінде олардың тұтас үйіріне, тіпті 10 000 киік бір жерге жиналғанына куә болыпты. Шіркін-ай, киік бар да қазақ та бар ғой! Жолда қасқыр да көрдік, дұрысы бөрісі арқасын көрсетті. Кім қалай ойлағаным білмеймін, бірақ мен өзімді резерваттың «Ұлы Жыланшық» учаскесі аумағында жүрген кезде сафариде, дұрысы ашық аспан астындағы хайуанаттар бағында жүргендей сезіндім.

Туған жердің аң да құсы да ыстық, көзге қуаныш сылайды екен. Айтқандай мұндай сирек және бірегей қорық аумағына кіруімізге мүмкіндік берген (оған дейін ресми хат жазған едік) Ауыл шаруашлығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Төрағасы Қайыр Өмірсадықұлы Рыскелдинов мырза мен комитетке қарасты «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дүйсенғали Қалибекұлы Айтпаев мырзаға және резерваттың Табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімінің бастығы Серікболсын Қаржаубайұлы Құлжанов мырза мен «Алтын Дала» резерваты «Сарықопа» учаскесінің басшысы Қасқырбай Изатұлы Ізтілеуов мырғаға, сондай-ақ, қорықтың бізді күтіп алып, бірге алып жүрген қызметкерлеріне алғыс білдіремін.

Сапарымыз Қостанай облысы Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Қуанышбекұлы Торыбаев мырзаның жәрдемімен жүзеге асқанын да айта кетуіміз керек. Ол үшін тағы да рахмет айтқым келеді!

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Суретке түсірген Әлия Ахмалишева

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *