«Құлагерді» өз мақамымен жырлаған

Қостанайда қазақтың жыршылық өнеріне үлкен үлес, жаңашыл леп әкелген композитор бар. Бірнеше мақамның авторы. Таңды таңға ұрып жырлайтын таңғажайып жадының иесімен таяуда кездейсоқ жолығып, аз-кем әңгімелескен едік. Есім-сойы – Нағашыбай Алпысов.

– Жыршылық маған тұқым­мен берілген қасиет десем, қате­леспеспін, балам, – деді сонда жыршы. – Әкем Алпыс өнерге бейім адам еді, жарықтық. Жады керемет мықты болды. Өзіміздің әулеттің, Торғай бойындағы ар­ғын-қыпшақ, күллі қазақтың шежіресін таратып отыратын. «Мың бір түннің» қиссаға ай­налған хикаяларын таңды таңға ұрып айтушы еді. Оның сыртында «Албан Жұпар ханым» де­ген дастанды, Нұрханның күл­лі шығармаларын бес сау­са­ғындай білетін. Ол кезде айтуға тыйым салынған Ахмет Байтұр­сынұлының «Қырық мысалын», өлеңдерін, сондай-ақ, Торғай жерінде өткен әйгілі сахи жомарт Иманқұлдың Әбдрахманының, Күдері, Байтас ақындардың өлең­дерін жатқа соғатын. Әйтсе де, бұлардың бір де бірін маған арнайы үйреткен емес.

– Әйтсе де, өткен ғасырдың 80-жылдары сіздің есіміңіз ел аузында шарықтап тұрды ғой? – деп сұрадық қолына домбырасын алып, малдас құрып отыра берген ақсақалдан.

– Менің танылуым кездейсоқ оқиға болды. 1963 жылы қолыма бір кітап түсті…

– Қандай кітап? – Елең ете қалдық.

– Ілияс Жансүгіровтің «Құла­гер» поэмасы. Құдайдың құдіреті, әлгі ұзақ дастан бір оқығаннан санама таспен қашағандай орныға қалды. Түгелдей жаттап алдым. Әйтсе де, оны домбыраға қосып айта­мын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Оның үс­тіне 1964 жылы әскерге алынып, үш жыл Отан алдындағы бо­ры­­шымды өтеп қайттым. Кел­ген соң техникумға оқуға түс­тім. Содан, 1971 жылы ауылға ора­­лып, жұмысқа орналастым. Өнер­ден мүлдем алыс жүрдім…

«Бойдағы дарынын, бейнелеп айтсақ, бұлақ көзінің ашылуына қандай оқиға түрткі болды екен?». Ойымызды оқып қойған­дай-ақ, жыршы:

– Енді «қасқа айғырдан құры­ғанда төбел құлын туады» деген ғой, – деп күлді. – Ауылдағы (қа­зіргі Қостанай облысының бұ­рынғы Албарбөгет совхозы, қазіргі Жаркөл, Тәуіш мекені) біл­дей бір жыршының баласы болған соң аздап домбыра тартатыным бар-тұғын. Көрші-кө­ле­м­нің үйіндегі қуанышта ән салып беріп жүрдім. Бір кү­ні Жұман Опин деген азамат үйіме іздеп келді. Өзі бір атан жілікті, атақты Таңатқан ба­луан­ның туысы, сері жігіт еді. Жұман маған: «Нәке, сенің даусың тамаша! Өнерді жасыра берме. Ұзақ жыр айт. Сенің қо­лың – жыршылық. Алайда, «Есім серіні» Сардан Әбікеевтен (Жүсіпбек Салықовтың шәкірті), «Жа­уыр торыны» Бегәліден (Арал­бай ауылында Бегәлі Көр­пебаев атты жыршы болған) асыра алмайсың. Өзіңе бір ешкім айт­паған шығарма тап», — деп қамшылады.

Сол кезде баяғы «Құлагер» ойыма сап ете қалды. Айтып кө­ріп едім, Жұман мақамымды ұнатпады…

– Неге?..

– «Құлагер» – керемет-ақ. Бірақ сен оған жаңа әуен тап!» деді ол. Ақыры, ыңылдай-ыңыл­дай отырып, осы күні ел білетін мақамы өмірге келді. Бұл – 1979 жыл еді.

– «Құлагерді» халық қалай қабылдады? – Жетпісті желкелеген жыршыға сынай қарадық.

– Ол кезде елде жыр-дастан тың­дайтын еді. Үлкен кісілер жағы жиналып, терме, толғаулар айттыратын, – деді беторамалымен маңдайын сүрткен домбырашы. – Әр ауылдың өз жыршысы болды. Менің «Құлагерім» көпшілікке бірден ұнады. Көрші ауылдан адам жіберіп алдырып, тыңдайтын күнге жеттім. Өзім де ұяңдықты қойып, төселіп алдым. Марқұм Жұман Опиннің үнемі тыңдап, олқы тұсын сынап, жетілдіріп отыруы зор ық­пал етті. Бірде сол кездегі «Қы­зыләскер» совхозына барып, «Құлагерді» шырқап жатқанмын. Қонақтардың ішінде ақын інім Қонысбай Әбіл де жүр екен. Ол мені тыңдап алды да «ой, аға, мынадай қазынаны қалайша қор қылып жүрсің?» деп таңғалып, көп ұзамай республикалық газетке көлемді мақала берді. Со­дан бастап менің жұлдызым жар­қырай бастады. Газетке шық­қасын бір жылдан соң, 1983 жылы Ілияс Жансүгіровтің қызы Үміттен Алматыға шақырту алып, телестудияға жазылдым.

«Ол кезде жалғыз телеарна, таспаға түсу де оңай болмағаны анық». – Осылай ойлап үлгеріп едік. Қателеспеппіз.

– Ол уақытта халық әртісте­рінің өзіне бір сағат уақыт қана беріледі екен. Ал маған табаны күрек­тей екі сағат бұйырды. Мұ­ның өзі қазақ жырының Құла­геріне, яғни Ілекеңе деген құр­мет деп түсінемін. Кейін күй­табаққа басылды даусым. Ол кезде теледидардан көріну – танымал болдың деген сөз. Күй­табаққа шығу қазір клипің жарық көргенмен бірдей.

Осылай деген ақсақал құдды шабыт қысып кеткендей-ақ домбырасын қыса түсті.

– Құдай берген өнердің арқа­сында бірталай жерге бар­дық қой. 1984 жылы Кенен Әзір­баевтың 100 жылдық мерейто­йына қатыстым. Көкшетау-Тор­ғай облысы өнерпаздарының бәйгесінде бақ сынадым. Қайсы­бірін айта берерсің. Көбіне Нұр­ханның «Торғайдан сәлемін» орындап жүрдім. Бұл өзі ғажап туынды. Осыны мен бір бөлек мақаммен, торғайлық ақын-саз­гер Бөлтірік Молдашев өзінше түрлендіріп, Болат Қонысбаев деген әнші өзге әуенмен айтатын. Бір-бірімізді қайталамайтынбыз.

Жоғарыда бірнеше мақамның авторы екенін айттық қой. Бұ жо­лы өзі айтсын:

– Әр өлкенің өзіндік мектебі болатыны сияқты, әр жыршының өз мақамы болса, бұл артықтық етпейді. Өзім орындайтын шы­ғар­маларды түрлендіріп отыр­ғанды жақсы көремін. Бай­қа­саңыз, бір «Құлагердің» өзі бір­неше құбылады. Бастауы баяу, аттың шабысы, Ақан сері мен Баты­раштың тартысына келгенде екпінмен, ал жүйрікті жоқ­тайтын жерге келгенде зарлы да­уыспен айтамын. Өйтпесең, тың­даушыңды жалықтырып ала­сың. Сол сияқты, «Қатаған мен Сүйінбайдың айтысын» өзім шығарған мақаммен орындаймын. Осы айтысты мар­құм айтыскер Ерік Асқаров бір түн­де бірнеше айтқызып, айызы қанғанша тыңдап еді.

Қазіргі айтыскерлерге жиі айтылып жүрген сынның бірі де өзіндік мақамының жоқтығы ғой. Мәселен, жыршының бес буынды мақамын айтыстың ақтаңгері атанған Айбек Қалиев сахнаға алып шықты. Бес буынмен сөз сайысу – біздің білуімізше, қазақ айтысындағы бұрын-соңды бол­маған жаңалық. Ән өнерінде де сирек кездеседі. Айбек ақынның сахнада Нағашыбай ағасының ма­қамына салып айтысқанын жыр­шы да мақтан тұтады екен. «Үлкен насихат» болды дейді.

Қазір не көп, жалт-жұлт еткен «жұлдыз» әнші көп. Жыршылық осы даңғазаның тасасында қала бер­се, ақыры жойылып кетпей ме?

Бұл да жыршы ағамыздың жанына батады екен.

– Бұл – менің жаныма ең бататын дүние, – деді ол. – Бірақ бірер балық қарсы жүзгенмен тол­қын кері бұрыла ма? Амал жоқ, іштен тынасың. Қазақтың осынша кең-байтақ жерге ие болып отырғаны, бірінші, Алланың, сосын үлкен патриоттық рухтың қайнары – жыр-терме, сөз өне­рінің арқасы дер едім. Біздің тарихымыз қағазға жазылған жоқ, ауыздан-ауызға айтумен, қисса, дастан, толғаумен жетті. Яғни, жыр – үлкен тәрбие құралы болды. Өкініштісі, осынау ұлы дәстүр шетке ысырылып жатыр. «Заман талабы» деген ұран­мен бәрі жалт етпе, тамыры жоқ, бір сәттік шолақ дүниеге ұмты­лады. Сонда сан ғасырдан бері жалғасқан текті өнер, қа­сие­­тіміз қайда қалады? Мені қын­жылтатыны, біз, Жүсіпбек, Бегалы, Сардан, Мұхамедияр сынды көненің көзін жазып алып қала алмадық. Қолымызда құрал болған жоқ, қызмет те ыңғай бермеді. Өзім өмір бойы ауылда құрылыс шебері, кейін пошташы болып еңбек еттім. Енді бәрі дамыған мына заманда жиған-тергенімді беріп кетсем деймін. Бір менің білгенімнің өзі екі-үш күн жырласам таусылмайды. Қазір тыңдайтын адам аз, күнде айтпаған соң, ұмытып та барамын. Қанша дегенмен жас келді. Жетпістен астық…

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

суретті түсірген Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

egemen.kz 

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *