Қостанайда болашақ шенеуніктер үшін мектеп жасақталды

Қостанай облысының Мемлекеттік қызмет мектебі құрылып, оған үздік студенттер іріктелді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қостанай облысының Мемлекеттік қызмет мектебіне іріктеу екі жыл қатарынан жүрді. Бұл мектепке дарынды және болашағы зор студенттер енді. Олар мұнда мемлекеттік қызмет саласындағы теориялық және практикалық білімді толығымен алады.

Облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Ерлан Салықбаевтың айтуынша, бұл жерде болашақ түлектерге мемлекеттік аппаратта жұмыс істеу дағдысын меңгеруге, мамандықты дұрыс таңдауға, өзінің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға көмектеседі.

«Мемлекеттік қызмет мектебінің миссиясы – келешекте мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін әлеуетті үміткерлерді дайындау. Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін біз елдің жас буынына ерекше назар аударуымыз керек. Жастар – біздің болашағымыз. Дәл осы мемлекеттік қызмет мектебі білікті және болашағы бар кадрларды дайындау үшін бірегей алаңға айналуы тиіс» деді Ерлан Салықбаев Мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушыларына.

Мектептің ашылуына дейін облыстың барлық жоғары оқу орындарында түсіндіру, сынақ жұмыстары жүргізілді. Себебі, оған білімімен, көшбасшылық қасиеттерімен дараланған студенттер енді. Қазір оның құрамына 20 студент алынды. Тыңдаушыларға ҚР Мемлекеттік басқару негіздері мен заңнамаларын зерделеу пәні оқытылады. Курстарды мемлекеттік басқару академиясы филиалының оқытушылар құрамы, облыстың мемлекеттік органдарының өкілдері өткізбек.

«Мен мемлекеттік және жергілікті басқару факультетінің 4-курс студентімін. Бұл мектеп маған көп мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін, өйткені өз өмірімді мемлекеттік қызметпен байланыстырғым келеді. Мен үшін мемлекеттік қызмет – қатардағы жұмыс емес, еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосу мүмкіндігі» деп атап өтті мектеп тыңдаушысы Динара Ғизат.

Айта кету керек, мектепті бітірген студенттер мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін сертификаттар беріледі.

 

Түпнұсқадағы тақырып: «Қостанай облысында мемлекеттік қызмет мектебі жасақталды»

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...