Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Қостанай қаласының «Аэропорт» шағын ауданында көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жаңа үйге қоныстанған 108 тұрғынға пәтер кілттерін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тапсырды. Бұл шағын аудандағы зәулім үйлердің барлығы да «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Облыс әкімі тұрғындарды ел тарихындағы маңызды мерекемен құттықтап, өңірде жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламалары туралы қысқаша айтып өтті.
«Күні кеше көпбалалы аналарға 82 пәтер тапсырдық. Қазір кезекте тұрған әлеуметтік санаттағы көптеген азамат баспанамен қамтылып жатыр. Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл біз облыста 330 мың шаршы метр тұрғын үйді халық игілігіне беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде бұл шағын аудандағы тұрғын үй құрылысы аяқталды. Биыл мұнда 7 үй тұрғыздық. Оның біразына тұрғындар қоныстанып алды. Енді 4 үйге байқау жарияладық. Сонымен, «Аэропорт» шағын ауданының құрылысы толығымен аяқталады. Бұдан кейін баспана кезегіндегі тұрғындар «Береке» және «Қонай» шағын аудандарына қоныстанады» деді аймақ басшысы.
Жалпы, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өңірге 18 млрд теңгеден астам қаржы тартылған. Бұл қаржының басым бөлігі «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ арқылы несиеге берілді. Облыс басшысы айтқандай, Қостанай облысы тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикада алдыңғы үштіктің қатарында.