Тәуелсіздік алған жылы, яғни 1991 жылы Қазақстан халқының саны 17 млн-ға тақау болған еді. Ал, соңғы деректерге жүгінсек еліміздегі халық саны 18,5 млн-нан асқанын көріп отырмыз. Яғни, осы уақыт аралығындағы өсіміміз бар болғаны 1,5 млн. адамды құраған, Еуропаның бес Франциясы сыйып кететін Қазақстан үшін бұл өте аз сан. Әрине, табиғи өсім болды, 1 млн-ға жуық этникалық қандастарымыздың атажұртқа оралуына қарамастан, өзге ұлт өкілдерінің тарихи отанына кеткенінін де білеміз.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары халқының 30 жыл бойы азаю динамикасын қарайық. Олар әр облыс бойынша 20 проценттен 45 процентке кеміген, бұл үрдіс әлі де жалғаса береді деп ойлаймын.
Не істемек керек? Әрине, оның екі жолы бар. Бірінші, оңтүстік пен батыстағы ағайындарды көшіру, дегенмен бір пәтерден екінші пәтерге көшу оңай емес, оның қасында кім жылы орнын ауыстырғысы келеді және барған жерінде жұмыс дайын тұр ма, жағдай жасалған ба? Жалаң ұранмен алысқа бара алмаймыз!
Кеңес Үкіметін жан-тәніммен жек көргеніммен, одан, оның жүйесінен алатын бір нәрсе бар. Ол — Қазақстанды, тың және тыңайған жерлерді қалай игерді? Есіңізде шығар! Сол тәсілді Қазақ Үкіметі қолдану керек, жаңадан велосипедті ойлап табудың керегі не?
Әрине, солтүстік пен шығыстағы әр облыс бойынша сол жерлердегі халықтың санының азаюына әртүрлі факторлар әсер еткен және проценттік саны да әрқилы. Халқының 45 процентін жоғалтып, алғашқы орында Солтүстік Қазақстан облысы тұр екен. Яғни, 450 000 адамға азайған, тиісінше, Қостанай облысы болса 350 000 адамын жоғалтқан. Ақмола облысы 300 000 адамға кеміген, сонда бұл екі облыс халқы әрбірі 28 проценттен азайған. Шығыс Қазақстан облысында да осындай жағдай, шамамен 400 000 адамға азайған және ол 22 процентті құрайды.
Ал, Қарағанды және Павлодар облыстары тиісінше 370 000 және 200 000 адамға кеміген (яғни, тиісінше 21 және 20 процент). Қанша дегенмен солтүстік өңір Ресеймен көрші аймақ, шекаралас облыстар. Шетімізді қымтып отыру да керек.
Солтүстік облыстардағы демографиялық һәм тілдік мәселелерді шешудің бір жолы – ол «Серпін» жобасы еді.
Өкінішке орай, аталған жоба өзінің тиімділігін дәлелдей алмай отыр, дұрысы мемлекеттік деңгейде мән берілгенмен, жергілікті билік органдары немқұрайлық танытып отырған сыңайлы.
Мысалы, аталған жобамен еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерінің жоғары оқу орындарында оқыған жастардың көпшілігі өкінішке орай келген аймақтарына қайтып кеткен. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына сілтемеге кірейік:
https://www.azattyq.org/a/kazakhstan-educatio…/30128313.html
Сондықтан, аталған жобаны қайта қарайтын кез келді, оны бәлкім Мемлекет Басшысы бақылауына алуы қажет болар.
Десе де 2019 жылы «Серпін» жобасы бойынша тәмамдаған 4000 жастың бар екенін айта кеткен жөн, бұл санның теңізге сіңген тамшыдай екені шын ғой.
«Жалпы жоба аясында оны іске асыру кезеңінде 22784 грант, оның ішінде 18094 жоғары оқу орындарына, 4690 колледждерге бөлінді. Айта кетерлігі, жыл сайын түлектер саны артып келеді.» депті Серпіннің сайтында. 2018 жылдан кейін сайттың ақпараты да жаңартылмағанға ұқсайды.
Жобаның мақсаты – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік бағдарламасын іске асыру, өкініштісі бізде іс пен сөздің арасы алшақ болатыны өтірік емес.
Бірақ, аузымызды құр шөппен сүртпейік.
Жақында, Түркістан облысының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Сарыарқадағы облыстарға барып, қала-ауылдарды аралап, оңтүстік өңірден бұрын көшіп барған аймақ тумаларымен, олардың жағдайымен танысып қайтқан еді.
Қайтып келушілер сирек болса да кездеседі, дегенмен, қоныстанушылардың негізгі бөлігі тұрмысына разы, жұмыспен қамтамасыз етілген, кейбірі жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр, салыстырмалы түрде жақында көшіп келгеніне қарамастан, іскерлігіне, ұйымдастырушылық қасиеттеріне байланысты ауыл әкімі сияқты, тіпті аудан әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген жандар да бар.
Мысалы, аталған топтың құрамында болған белгілі қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы ағамыз былай дейді: «Өткен дүйсенбіден бері Түркістан облысын аралап үгіт-насихат жүргізіп жүрміз. «Нұр-Отан» партиясының облыстық филиалы үгіт-насихат тобын құрған. Қазір Түркістан облысында көші-қон мәселесін «Нұр-Отан» партиясының аймақтық филиалы (Төрағаның бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев мырза) қолға алған.
Жұмыс енді қызып жатыр, дегенмен Өмір ағамыздың дерегінше, 2015 жылдардан бері Түркістан облысынан Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақтан облыстарына бар болғаны 800-ге жуық отбасы көшкен. 3 миллион халқы бар Шымкент қаласы мен Түркістан облысы үшін – бұл өте аз сан емес пе?!
Айтқандай, Түркістан облысының басшылығы мен облыстық «Нұр-Отан» партиясының бастамасын Шымкент қаласы әкімдігі мен қалалық партия ұйымы неге іліп әкетпейтіні түсініксіз, былай қарасаңыз бір өңір, бір партия, бірақ істері әртүрлі!
Солтүстік өңірлерді қоныстандыру дегеніміз — қаңырап қалған қазақ ауылдарына жан бітіру емес пе? Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Жоламанұлының айтуынша, облыста бүгінге дейін 110 ауыл босап қалған, 290 мектеп жабылған. Бұл дегеніңіз қаншама қазақ ауылдары тарих бетінен жойылды, қаншама мектепте бала үні естілмейді деген сөз! Біз осы мәселеге әлі де мән бермей отырмыз, мән бермек түгілі, мемлекеттің тиісті органы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ертеңгі күні туындайтын әлеуметтік проблемалардың алдын алуы керек. Егер, дәл қазір солтүсікке халықты қоныстандыру мәселесін шешпесек, ертеңгі күні кеш қалуымыз мүмкін.
Ал, осы проблемалардың алдын алатын болсақ, Өмір ағамыз айтпақшы «Оңтүстікте жұмыссыздықтан болатын қылмыс азаяды. Баспана, үш ауысымды мектептер проблемасы шешіле бастайды. Және солтүстік өңірдің бойына қан жүгіріп, тіршілік жанданады.». Әрине, біздің бұған алып-қосарымыз жоқ.
Менің көптен бері ойымда жүрген тағы бір мәселе – солтүстікке тек этникалық қазақтар ғана көшуі тиіс деген оймен келіспес едім, әрине, қазақыландыру өте маңызды, бірақ, меніңше, қандастарымызбен бірге оңтүстіктегі түрік, өзбек, әзірбайжан, күрд және дұнған ұлттарының өкілдері де қоныстандырылуы тиіс. Бастамасы да бар, мысалы, жақында Сайрамда кездесу болып, өзбек ағайындар да ат басын солтүстікке бұруға әзірліктерін білдірді. Бірақ, этникалық топтар дара өмір сүріп «үй ішінен үй тікпеуі тиіс», әйтпесе мысалы, Сазтөбеде Сіз қайда жүргеніңізді түсінбей қалуыңыз мүмкін!
Тағы бір еске алатын нәрсе, ол қай өңір болсын аймақ жастарының ауылда қалуы үшін шынайы жағдай жасалуы керек. Меніңше солтүстік облыстардағы әкімдіктер жұмыс күшіне зәру болғандықтан, әсіресе механизаторлар (жалпы ауыл шаруашылығы қызметкерлері), дәрігерлер мен мектеп мұғалімдеріне барлық жағдайды жасауға дайын. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір мысал келтіре кетейін, биыл менің туған өлкем – Қостанай облысының ауылдары мен қалаларында 143 жас маман – дәрігер жұмысқа қабылданды, дегенмен облыс бойынша әлі де 360 дәрігер мен 600 орта деңгейдегі медицина мамандары жетіспейді. Және ауылға барып жұмыс істеймін деген жас маман – дәрігерлерге 1 млн. теңгеден көмек те беріледі.
Кешегі күні Қазақстанның батыс өңіріндегі Жаңаөзен қаласындағы жас отбасылардың жергілікті әкімдік басшылығына жұмыс тауып беруін талап етіп жатқан видеосы шықты. Артық жұмыс күші көп, Маңғыстау облысы, әсіресе Жаңаөзен қаласының жұмыссыз жастары, жедел түрде солтүстік облыстарға барып орнығуы тиіс деп санаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қостанай облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова: «Біздің ведомство әрбір қала, аудандардағы жылжымайтын мүлік нарығына сараптама жүргізді. Мәселен, аудан орталықтарындағы баспана 500 мың теңгеден бастап, 6 млн теңгеге дейін бағаланды. Ал ауылдарда 300 мың теңге көлемінде үй табуға болады. Қалалық жерлерде пәтер бағасы 1,5-9 млн теңге аралығында» деп дерек келтіреді. Ал, 2016 жылы Қостанай облысына басқа өңірлерден — 22, 2017 жылы — 30 ғана отбасы ғана көшіп келген, қазір әрине қоныстанушылар саны көбейгенмен, әлі де жұмысты жандандыру керек-ақ. Жалпы, Қостанай облысы алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінен 10 мың отбасына көшіріп алып келеміз деп жоспарлап отыр. Жоспар іске ассын деп тілейік, ал, Батыс өңірлердің жергілікті билігі (бұл жерде әңгіме Маңғыстау облысы туралы болып отыр) солтүстік өңірлерге келіп, жергілікті жермен танысып, ол жаққа ағайындарды ертіп апарды дегенді естімеппін!
Осы ретте, ағылшындардың майорат деген дәстүрі есіме түсіп кеткені, бұрын оларды былай болатын. Отбасының үлкен ұлы қара шаңыраққа ие болып, атақ-даңқ оған тиесілі болса, ортаншы ұл соғыс ісін үйреніп, Америка асып кететін, ал кіші ұл дін жолын таңдар еді. Көпбалалы оңтүстіктегі отбасылар да осындай салт ұстанса болады екен ғой деген ой қылаң бергені, оның үстіне қазір Қазақстанда дүниеге келетін әрбір төртінші бала Шымкент қаласы мен Түркістан облысы тумасы екен.
Енді, Қазақстанның солтүстігіне көшу, қоныстану мәселесіне байланысты Өмір Шыныбекұлының мынадай ұсыныстарын келтіре кетейін:
«1. Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмекті көбейту керек.
2. Ұлттық қордың ақшасын жеке банктерге салудың орнына осы көші-қонға жұмсау керек.
3. Халқы тығыз, жұмыссыздық деңгейі жоғары Түркістан облысы, Шымкент, Алматы қалаларының әкімдеріне жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша арнайы кеңесші керек. Әзірге мұндай штат Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында ғана бар екен.».
Жалпы, кейде біздің шенеуіктердің жай ғана жылы сөзі талай адам тағдырын шешуі мүмкін, егер, ол өз лауазымдық міндеттіліктеріне адал қарап, сұранушының сұрақтарына дұрыс жауап беріп, қоныстанушыны қызықтыра және түсіндіре алса, қаншама қандасымыз оңтүстіктен және батыстан солтүстікке үдере көшкелі отыр. Әйтпесе олардың, яғни Бағдарламаға кірген облыстардың Жұмыспен қамту басқармаларының, аудандардың жұмыспен қамту бөлімдерінің қызметкерлері жүрдім-бардым жауап беріп, адамның көңілін су сепкендей басатыны да бар ғой. Кейбірі телефонмен дұрыс жауап та бермейді. Ал, оның жеп отырған наны халықтың есебінен екенін ұмытпауы тиіс.
Халықты құрғақ сөзбен алдай алмайсың, егер, қоныс аударушы қандай жеңілдіктер алады дейтін болсақ, біріншіден, еңбек нарығы толық өңірлерден еңбек нарығының тапшылығы бар солтүстік өңірлерге азаматтарды қоныстандыру қарастырылған. Биыл жоспар бойынша 2 253 отбасы немесе 10 000 адам қоныс аударуы тиіс. Бүгінде 1050 отбасы немесе 4 мың адам қоныс аударды, оның ішінде 2000-ы жұмысқа орналасты.
Екінші, көшіп келген әрбір отбасы мүшесіне 88 000 теңге көлемінде біржолғы төлем, үшіншіден баспана жалдауға, коммуналдық төлем төлеуге бір жыл бойы ай сайын бір отбасына 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 77 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша саны 5-тен кем емес адамды жұмысқа алған белсенді жұмыс берушілерге субсидия беріледі». Тамаша емес пе?
Ендеше, көш көлікті болсын ағайын!
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Сурет «Ана тілі» газетінен алынды