Бүгін есімі Тобыл-Торғай жұртына етене таныс еңбек ардагері Әлімжан Хамилиннің туған күні. Саналы ғұмырын экономика саласына арнаған Әлекең сексеннің сеңгіріне сергек шығып отыр. Құтты болсын айтамыз!
Әлімжан Хамилин 1939 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Шақшақ Жәнібек ауылында туған. 1958 жылы осы аудандағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген. Алматыдағы Халық шаруашылығы институтын экономика мамандығы бойынша аяқтаған ол, Торғайда банк саласында, аудандық Ауыл шаруашылығы басқармасында экономист-қаржыгер болып жұмыс істеген.
1969 жылдан 1976 жылдың соңына дейін ауданның Шилі совхозында бас экономист, одан кейін аудандық Ауыл шаруашылығы басқармасында Жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы болып қызмет етті. 1981 жылдан 1988 жылға дейін аудандық Совет атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1988 жылдан 1996 жылға дейін Аққұм совхозының директоры болып жұмыс істеді. 1996-97 жылдары аудандық Ауыл шаруашылығы басқармасында бас экономист болып еңбек еткен Әлімжан Хамилин кейін зейнеткерлікке шығады. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Әлекең немере сүйіп отырған бақытты ата.
Мерейтой иесін туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ізгі ниетпен, Әбілқайыр Ғалымбектің отбасы