2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар көлемі өзгереді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, жалпы мүгедектік бойынша әлеуметтік төлем топқа байланысты 32 431-59 872 теңге аралығында төленеді. Төрт немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған және күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы табыс көлемінен тыс беріледі: төрт бала үшін — 42 496 теңге, бес балаға — 53 127 теңге, алты балаға — 63 757 теңге, жеті және одан да көп балалар үшін — 74 388 теңге төленеді.
Асыраушысынан айрылғандарға берілетін жәрдемақы адам санына байланысты 26 818 теңгеден 65 797 теңгеге дейін болады. Ата-анасынан айырылған балалардың әрқайсысына 36 796 теңгеден беріледі.
Бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы: бірінші, екінші және үшінші балаға — 100 776 теңгеге дейін, төртінші бала үшін — 167 076 теңгеге дейін беріледі. Жұмыс істемейтін әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін ай сайын бірінші балаға — 15 276 теңге, екінші балаға — 18 061 теңге, үшінші балаға — 20 819 теңге, төртінші балаға — 23 603 теңге жәрдемақы беріледі.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқалары бар немесе бұрын «Батыр ана» атағына ие болған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын 16 973 теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі.
Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушысына, қамқоршысына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәмелетке толғанша 43 657 теңге беріледі. Осындай мөлшердегі жәрдемақы бірінші топтағы мүгедек баланы күту бойынша да төленеді.
Фото интернеттен алынды