Қостанайлық полицей Дархан Базарбаев қызметін атқару кезінде мерт болды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше «102» пультіне Тобыл қаласының тұрғыны хабарласып, Комсомольский көшесіндегі үйде отбасылық жанжал туындағанын айтқан.
«Патрульдік полицейлер Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықов оқиға орнына 6 минуттан соң жетті. Тәртіп сақшылары 28 жастағы үй иесінің өзінің отбасын пышақтап өлтірмек болғанын анықтады. Отбасы мүшелері ол пышақ алып шығуға кеткен уақытта, үйдің есігін жауып тастаған. Күдіктіні ұстау барысында полицей пышақ жарақатын алған. Алайда ол отбасы қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды жасады. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі Дархан Базарбаевтың көз жұмғанын айтты» деді облыстық Полиция департаменті баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.
Полицейдің артында 4 айлық сәбиі қалған. Қазір күдікті қамауға алынып, ҚР ҚК 99-бабы бойынша іс қозғалды.
Дархан Базарбаев полиция қызметіне 2016 жылы келген. Әскерден енді келген жас жігіт кезекші бөлімге жұмысқа тұрып, кейін патруль бөліміне ауысты. Полицияның кіші сержанты Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, Дархан әр уақытта көмекке келуге дайын тұрады.
«Дархан Базарбаевтың қазасы оның отбасы ғана емес, облыстық полицияның орны толмайтын қайғысы дер едім. Ол кісіге көмектескенді қызметінің басты міндеті деп білетін. Біз жұмысты бірге бастадық. Жақсы маман жақсы досқа айналды. Әлі сене алар емеспін. Кеше ғана тапсырмаларды бірге орындаған әріптесіміз бүгін жоқ. Антқа адал, досқа берік азаматтан айырылдық. Жанға бататыны осы» дейді Данияр Баймағамбетов.
Дархан Базарбаев 2019 жылғы наурыз айында Мөлдір есімді қызбен отау құрды. 4 ай бұрын олардың шаңырағында Әлисұлтан есімді баласы дүниеге келді.
«Оның қызметтік жолы тағы бір сатыға өсіп, бұған әкелік міндетті атқару қосылды. Онымен отбасы, әке болу туралы ашық әңгімелесетінбіз. Осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатты. Спортты сүйді, мансабын жақсы құруға тырысты. Ең бастысы, Дархан қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созу қасиетін биік қойды. Әлі есімде, былтыр қыста жолда тұрып қалған «Камаз» жүргізушісін аман сақтап қалды. Жүргізушінің үсіп кетуіне жол бермеді» деп еске алды әріптесі Ербол Дәнкенов.