Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аппарат мәжілісінде аудан әкімдеріне ескерту жасады деп хабарлайды tobyl-torgai.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
2019 жылы Қостанай облысының екі ауданында өндіріс көлемі азайған. Әсіресе, Денисов және Науырзым аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Өнім өндіру көлемі мен инвестиция тарту қарқыны кеміген. Алайда нәтижелері төмен өңірдің басшылары мұның өзіндік себептерін айтты.
«Егіннің шықпай қалуының кесірінен жоспарымыз жүзеге асқан жоқ. Былтыр ет пен ұн бағасының төмендеуі экономикаға әсер етті. Өндіріс өнімінің көрсеткіші 2 млрд 493 млн теңгені құрады. Бұл облыс нәтижесінің 0,2 пайызына жетеді. Аудандағы әлеуетті деген «Қостанай Трейд» ет өңдеу кәсіпорнының иесі ауысып кетті. Осындай себептердің әсерінен жалпы көрсеткішіміз төмендеді» деп баяндады аудан әкімі Б.Нұрғалиев.
Мұндай жағдай Науырзым ауданында да қайталанып отыр. Егіннің жалпы түсімі 116,2 мың тоннаға азайған.
«Тұрғын үй салуға егіннің қандай қатысы бар? Жұмыс жүйелі жүргізілмеген. Кәсіпкерлермен нақты жұмыс жүргізілмейді. Керісінше, арыз-шағым айтушылар көбейген. Оларға қысым жасағанша, көмектесу керек. Жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Көрсеткіштеріңіз көңіл көншітпейді. Аудан басшыларының өздері ешқандай бастама көтермейді, жүктелген тапсырмалар да орындалмаған. Науырзымда негізгі капиталға салынған инвестиция (жеке индекс көлемі 83 %) аудандар бойынша соңғы орында тұр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 73%-тен аспайды. Бұл да ең төменгі нәтиже. Өңірлерде «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Инвестиция тарту мәселесіне қатты көңіл бөлген жөн. Осылайша, бюджеттен шығатын шығынды азайтқан жөн» деп ескерту жасады А.Мұхамбетов аудан әкімдеріне.
Жалпы республикалық көрсеткіш бойынша 2019 жылы Қостанай облысы өнім өндіру көлемі бойынша алдыңғы орында тұр.