Қостанай өңірінде 264 адам вакцинациялаудан бас тартқан. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Орал Бекмағамбетов екпеден бас тартудың негізгі себептеріне ішкі сенімсіздік, вакцинаға сенімсіздік, діни көзқарастар жатады дейді. Бұл туралы holanews.kz хабарлады.
Жыл басынан бері облыста жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау аурулары бойынша 15208 жағдай тіркелген.
Өңірде «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын артыру жұмыстары кешенді жүргізілді.
«Жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Облыста 90-нан астам жұқпалы аурулар бойынша мониторинг жүргізілуде. Инфекциялық аурулар көрсеткіштері өткен жылдар деңгейінде қалды. 20-29 жас аралығындағы адамдарға қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталды, 78 660 адамға вакцинация жасалды. Өткен жылдың 1 сәуірінен бастап 9-11 айлық 7182 бала егу шараларынан өтті. Бұл 97,5%-ды құрайды. 2019-2020 жылдарға бюджет қаражаты есебінен құны 52 млн теңгеге 60 000 дана тұмауға қарсы вакцина сатып алынды. 30066 адамды вакциналау жұмыс берушілер есебінен қаржыландырылды, өз қаражатымен 626 адам егілді», – дейді департамент басшысы.
Еске сала кетсек, 19 қаңтарда Алматы перзентханасында туғанына он күн болған шақалақ қайтыс болған еді. Туыстарының айтуынша, бала перезентханада салынған «В» гепатитіне қарсы екпеден көз жұмған.