Еліміздің полицейлері ерлікпен қаза тапқан әріптесінің отбасына көмектесті

Қазақстанның патруль полиция қызметкерлері ерлікпен қаза тапқан полицей Дархан Базарбаевтың отбасына көңіл айтып, материалдық көмек көрсетті деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елдегі барлық патруль полициясы атынан СҚО жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығы Ерлан Мәдиев Дарханның туған жеріне келді.

«Әріптесіміздің қазасы — бүкіл полиция қызметіне ортақ қайғы деп біліңіздер. Орны толмас жағдайға қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстандағы әр облыстың патрульдік полиция қызметкерлері атынан сіздерге келіп отырмыз. Дарханның ерлігі — жас полицейлер үшін үлгі. Оның қызметке деген адалдығы ұмытылмайды», — деп атап өтті Ерлан Мәдиев.

Дархан Базарбаевтың отбасына Қостанай облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев та барып, көңіл айтты.

«Дархан Базарбаев ұлт батырына, мақтанышына айналды. Оның қызметтегі ерлігін әріптестері ұмытпақ емес. Артында қалған ұлы да әкесін мақтан тұтатынына кәміл сенімдімін. Біз оның отбасына әрдайым көмектесіп тұруға уәде береміз. Жақын күндері ІІБ барлық қызметкері Д. Базарбаевтардың есепшотына бір күндік жалақысын аударады», — деді Ардақ Ынтықбаев.

Еске салсақ, қостанайлық полицей Дархан Базарбаев қызметін атқару кезінде мерт болды. Кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дархан Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

 

 

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...