Құрметті қостанайлықтар!
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай Қазақстан Республикасының бүкіл аймағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минуттан бастап 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минутке дейін енгізіледі.
Сонымен қатар, Президент Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияны құрды, оның құрамына Премьер-Министр, бірқатар жоғары мемлекеттік органдарының басшылары кірді. Жарлыққа сәйкес төтенше жағдай кезеңінде жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына мыналар тапсырылды:
— қоғамдық тәртіптің сақталуын, ерекше маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдегі, режимдік және ерекше күзетілетін объектілердің, сондай-ақ халықтың тіршілігін және көліктің қызметін қамтамасыз ететін объектілердің күзетін күшейту;
— ірі сауда объектілерінің қызметін шектеу, сауда-ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелер мен жұрттың көп жиналатын басқа объектілердің қызметін тоқтата тұру, көпшілік орындарында болатын, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларды өткізуге тыйым салу бойынша жұмыс жүргізу.
Бұдан басқа, карантин енгізіліп, ауқымды санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері мен ішкі істер органдарының қатысуымен жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленді. Кіруге шектеу тек шет елдердің азаматтарына қатысты болатынын ескертемін.
Құрметті жерлестер!
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту мақсатында келесіні ұсынамын: — жеке гигиена ережелерін сақтау; — өзін жайсыз сезінген жағдайда үйде қалып, дереу медициналық мекемелерге хабарласу; — жалған ақпарат таратуға, жасанды ажиотажға жол бермеу және арандатушылыққа бой алдырмау; — тек ресми ақпарат көздеріне ғана сену. Сіздерден қойылған шектеулерге түсінушілікпен қарауды, оны қатаң сақтауды, олардың біздің елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қабылданғанын түсінулеріңізді сұраймын. Бұл шаралардың тиімділігі әрқайсымыздың іс-әрекетімізге байланысты болады. Ең алдымен өз денсаулығыңызға және айналаңыздағы адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау керек.
tobyl-torgai.kz