Алдағы күндері Қостанай облысында жылу беру маусымы аяқталады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде жазды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін өңір басшысы қала және аудан әкімдерімен селекторлық кеңес өткізді. Жиын барысында 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы қаралды.
«Облыс аудандары жылумен қамтамасыз етуден ажыратылады. Жалпы ағымдағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша тіршілікті қамтамасыз ететін барлық кәсіпорындар, облыстың әлеуметтік сала объектілері тұрақты жұмыс істеді. 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап облыста жылумен, сумен жабдықтау және кәріз тарифтері 2%-дан 10%-ға дейін төмендетілгенін атап өтемін» деп жазды Архимед Мұхамбетов.
Кеңес отырысында Жұмыспен қамту Жол картасының аясында атқарылған шаралар айтылды. Жалпы бұл бағытта 22 жоба қарастырылған. Оған 33 млрд теңге қаражат бөлінді. Жобалар ТКШ саласын жаңғыртуға бағытталған.
«Сондай-ақ білім саласындағы бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын талқыладық. 2020 жылы 135 білім нысанына жалпы сомасы 13,1 млрд теңге бағытталды. Барлығы 2300-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланған» деп жазды облыс әкімі.
Жиын соңында Архимед Мұхамбетов қала және аудан әкімдеріне, облыстық мекемелердің басшыларына ТКШ жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін, Жұмыспен қамтудың жол картасы жобаларын қайта жаңғырту мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.