Қостанай облысында карантин режимі күшейтіледі

Облыс әкімдігінде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов соңғы күндері короновирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағанын атап өтті. Карантиндік шараларды сақтау мониторингінің нәтижелері бойынша, сондай-ақ, облыс аумағында КВИ індетінің өсуін ескере отырып, жедел штаб осы жылдың 18-30 маусым аралығында шектеу шараларын енгізу жөнінде шешім қабылдады.

«Талдау көрсеткендей, инфекцияның таралуына әлеуметтік, отбасылық байланыстардың артуы себеп болып отыр. Яғни адамдар масканы кимейді, қашықтықты, жеке гигиенаны сақтамайды. Сонымен қатар, өз қызметін қайта бастаған нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим дұрыс орындалмаған. Сондай-ақ кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар қызметкерлерін қолғаппен, маскалармен және басқа да қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қажет», — деді Архимед Мұхамбетов.

Жалпы Қостанай облысының аумағында COVID-19 инфекциясының 247 жағдайы тіркелген. Сонымен, облыс аумағында келесі шектеу шаралары енгізілді:

1. Осы жылдың 19 маусымында сағат 00.00 бастап 3 санитарлық бекет орнатылады. Олар: «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған», «Қостанай – Рудный», «Арқалық – Амантоғай» автожолдарында.

2. Аттракциондар мен субұрқақтардың, үрлемелі конструкциялардың (батуттар) жұмысына тыйым салу;

3. Караоке барлардың, бильярд, боулинг орталықтарының, тату-салондардың, массаж салондарының жұмысына тыйым салу;

4. ХҚКО-ға онлайн режимінде қызмет көрсетуге көшу, онлайн режимінде жүзеге асыру мүмкін емес қызметтерді жазу бойынша сағат 10-00-ден 18-00-ге дейін;

5. Сұлулық салондарының, шаштараздардың жұмысын тек жазу бойынша 10-00-ден 18-00-ге дейін шектеу;

6. Білім беру орталықтарының жұмысы, үйірмелер, балаларды дамыту орталықтары 9-00-ден 16-00-ге дейін (толтырылуы 15 адамнан артық емес);

7. Өнеркәсіп тобының тауарларын өткізетін объектілердің жұмысын 20-00-ге дейін шектеу;

8. Азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлардың жұмысын 10-00-ден 16-00-ге дейін шектеу;

9. Мемлекеттік қызметшілердің 80%-ын «қашықтықтан» жұмыс нысанына ауыстыру, селекторлық режимде жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференциялар және бейне конференциялар өткізу.

Өңір басшысы кезекті рет облыс тұрғындарын жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *