Қостанай облысының полицейлері «STOP трафик» жедел-алдын алу шарасы аясында қыздарды жезөкшелікке салған 2 жеңгетайды анықтады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері облыстың аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы бойынша 2 фактіні (жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру, ұстау және жеңгетайлық) анықтады. Сондай-ақ, рейдтік іс-шара барысында полицейлер қала аумағында ақшалай сыйақы үшін жыныстық қызмет көрсететін 5 қызды ұстады. Тергеу барысында қыздарды саудалаған 2 жеңгетай анықталды», — деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір тәртіп сақшыларының көмегімен адам саудасының құрбанына айналған бір бойжеткен «Прогресс катализаторы» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызмет көрсету баспанасына орналастырылды. Оның жағдайын мүдделі органдар қадағалайтын болады.