Биыл Қостанай облысының 140 кәсіпорны мемлекеттік қолдауға ие болды

 

2020 жылдан бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бизнесті жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жалпы сомасы 24 млрд теңге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде 140 кәсіпорынға қаржылық қолдау көрсетілді. Қордың кепілдігін 3,5 млрд теңгеге 104 кәсіпкер иеленді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz «Даму» қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Пандемия болған соң ҚР Үкіметі ШОБ мемлекеттік қолдау бағдарламасына бірқатар маңызды өзгеріс енгізді, соның ішінде, несиенің пайыздық мөлшерлемесі 6% жылдық мөлшерлемемен біріздендірілді. Қазіргі уақытта ол 6%-ды құрайды. Кәсіпкер несие бойынша  6% жылдық мөлшерлемені төлейді, айырмашылықты «Даму» қоры субсидиялайды. Қазіргі уақытта қор саудаға салынған инвестицияларды қоспағанда, экономиканың барлық саласындағы кәсіпорындардың қызметін қолдап отыр. Бұл шаралар пандемияға байланысты дағдарыс кезеңінде бизнесті қолдау үшін қабылданды», — деп атап өтті «Даму» қоры аймақтық филиалының клиенттермен жұмыс бойынша бас  менеджері Елена Матвеева.

Жеңілдетілген несие алған Қостанай облысының компаниялары қатарына арнайы киім және жеке қорғаныс құралдарын өндіретін «Азурит» ӨСФ компаниясы, еттен жартылай фабрикаттар дайындайтын «Terra Meat» және «ДОГМА» ветеринарлық клиникасы (Падерин ЖК) кірді. Кәсіпорындар сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шеңберінде өнім өндіру көлемін және қызметтер ауқысын ұлғайтуға мүмкіндік беретін жабдық сатып алды.

Ет өнімдерін өндіретін «Terra Meat» жас компаниясы өндірілетін өнім көлемін арттыруға ниетті. Бүгінгі таңда компания ет өнімдерін Қазақстанның 14 қаласына жөнелтуде. Сұранысты сапалы тауармен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын банктік несие қаражаты бойынша жылдық 13%-бен 45 млн теңге сомасына жабдық сатып алды. ЖШС несиені жылдық 6%-бен төлейді, ал айырмашылықты «Даму» қоры төлейді.

«40 млн теңге ресейлік, поляк және неміс өндірісінің тоңазытқыштарын, илеуге арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалды. Күніне 3 тоннаға дейін өнім, атап айтқанда, жартылай фабрикаттар өндірісі жолға қойылды», — дейді «Terra Meat» ЖШС сатылым бөлімінің басшысы Нұрлан Амантаев.

Бизнесті мемлекеттік қолдауға ие болғандардың бірі «Азурит» ӨСФ компаниясы болды. Ұйым 20 жылдан астам уақыт бойы арнайы киім, жеке қорғаныс құралдары мен мектеп формасын шығарады. Бүгінгі күні ол өңірдің және бүкіл Қазақстанның тұрғындары мен кәсіпорындарын өніммен қамтамасыз етеді. Өндірістік қуаттылықты арттыру және сұрыпталымды  ұлғайту мақсатына қол жеткізу үшін компания банкке жүгінді, онда ол 3 несие желісін алды. Жалпы сомасы жылдық 15% сыйақы мөлшерлемесімен 57 млн. теңгені құрады, оның 9%-ын мемлекет «Даму» Қоры өтейді. Қарыз қаражатына компания тігін және кесте тігу жабдықтарын сатып алды, сондай-ақ, айналым қаражатын толықтырды.

«Өткен жылы тамыз айында біз жабдықтар алу үшін несие алдық. Бұл өндірістің өсуіне ықпал етті. Біз кесте тігетін жабдықтар, 15 арнайы машиналарды, үлгіні дайындауға арналған бағдарламаны сатып алдық. Жұмысымыз алға басып, үлгіні жасау оңайырақ болды. 2018 жылы қолымызда жабдықтар  жоқ кездің өзінде жылына 11 мың өнім, ал өткен жылы — 15 мың, ағымдағы жылдың басынан бастап 7 мың костюм және 280 мың бетперде кәсіпорындарға тігілді», — деп ағынан жарылды компанияның комерциялық директоры Наталья  Токун.

Сондай-ақ «Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған бизнесмендер мен стартаперлерге несие сомасының 85%-на дейін кепілдік береді. Олардың ішінде жас кәсіпкер Максим Падерин бар. Ол жуырда  жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Максим ашқан «ДОГМА» ветеринарлық клиникасы өзін жануарларға кәсіби және білікті көмек көрсететін мекеме ретінде көрсетті. Клиникаға заманауи УДЗ-диагностика аппараты қажет болды. Бұл сканер Қостанайдың ветеринарлық УДЗ нарығында жоқ. Кәсіпкер жеңілдетілген несие алу мәселесі бойынша «Даму» қорына жүгінген. Екінші деңгейдегі банк жобаны қолдап, 8 900 000 теңге көлемінде несие берді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкердің өз кепілі болмағандықтан, қор несие сомасының 85%-на өз  кепілдігін берсе, ал қалған 15%-ын бизнесмен өз қаражатынан қосты.

«Біз 5 ай бұрын ашылдық. Қолымызда аздаған қаражатымыз болды. Бірақ ірі жабдықты сатып алуға қаражат болған жоқ. Біз «Даму» қорының мемлекеттік қолдау бағдарламасы туралы естіп, несие алу үшін банкке өтініш бердік. Банк өтінішімізді мақұлдады. Қор бізге кепілдік ұсынды, одан соң банктен несиемізді алдық. Бірден УДЗ жабдығына тапсырыс бердік, жақында қолымызға аламыз», – дейді клиника басшысы Максим Падерин.

Айта кетейік, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры — бұл «Бәйтерек» Ұлттық холдингі құрылымына кіретін мемлекеттік даму институты. Қордың мақсаты Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Даму» Қорының негізгі құралдары Екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, банктер алдында кепілдіктер беру, лизингтік мәмілелерді және микрокредиттік ұйымдарды жеңілдікті қаржыландыру, сондай-ақ, қаржылық емес қолдау көрсету (оқыту, консалтинг, ақпараттық-талдамалық қолдау) болып табылады. Ұйымның Қазақстанның барлық 14 облысында және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өңірлік филиалдары бар.

 

Мынаны да қараңыз

Қор өкілдері қандастармен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің белсенділері Рудный қаласына арнайы барып, қандас, ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *