(Суретте Ахаң тұрған үйдің қазіргі күйі)
«Қырық мысал», «Оян, қазақ!»
1909 жыл. Ақпан айының басы. Торғай қаласы (Торғай уезінің орталығы). Күн бұлтты болғанымен, желсіз тымық. Қаланың орталығында татар-ноғай саудагерлерінің дүкендері қаз-қатар сап түзеген. Орталықта алай- бұлай жүрген адам көп. Әсіресе, татар Сафиуллиннің дүкeнінің алдында адам ығы -жығылау. Бір сары шашты сары бала қолындағы даңғырасын қатты-қатты соғып, «Оян, қазақ!», Қазақша жаңа кітап! Бағасы бар болғаны бір сом» деп жар салып әндетіп жүр. Қоңырауша сылдыраған баланың жарнамасына жұрт назар аударып, «Қолыңдағы не кітап?» деп тоқтатып, кітапты көріп жатқандар бар. Бес-алты адам жиналып қалған. «Оян, қазақ», «Дулатов» деп жазылып тұр ғой!» деді кітапты көрген адам. Екіншісі, «Дулатов дейді? Әлгі, сотта істеген қызбелдік Асқардың баласы шығар. Әкеші біреуін, мен алайын» деп Асқарды танитын адам жаңа кітапты сатып алған. Жарнамашы, кітап сатушы бала әлгі кісіге: «Аға, кітап оқысаңыз, Сафиуллиннің дүкенінде Байтұрсынов деген жазушының «Қырық мысал» деген кітабы бар, қызық кітап» деген. Торғайда ол кезде уез бастығын ұрып, Сібірге айдалып, барып келген, Ақтас пен Байтұрсындф білмейтін қазақ кемде-кем еді. «Байтұрсыновтың кітабы» дегесін, сатып алған кісі көп болған. Сөйтіп, Қоянды жәрмеңкесіне барып, саудалық заттарды шана-шанасымен әкелген саудагер Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» мен Дулатовтың «Оян, қазағын» алып келген. Елу тиынның кітабын бір сомнан сатып жатқан. Жарнамасы жақсы болды ма, екі кітап та Торғайға тез тарап кеткен. Бір ай бойы бүкіл Торғай Ахмет пен Міржақыптың құлағын шулатты. «Мектеп, медреседе оқыған балалар «Оян, қазақты» домбырамен сүйемелдеп, оқитын болған. Ахаңның «Қырық мысалын» жұрт ертегі сияқты тыңдайтын болды. Құлағы шала еститін кемпір мен шалдар: «Қырық мысалды» қызығып тыңдайтын . Мысал оқыған балаға: «Балам, құлағыма естілмей жатыр, қаттырақ оқышы» дейді. Сосын «Қызық екен, ә! Аю мен қасқырды адам құсатып сөйлетіп қойған ба?» деп таңғалып жатады.
Кей үй кітап оқи алатын балаларды арнайы шақыртып, оқытатын да болған. Ол күні сол үйде той сияқты, көрші-қолаң, туыстар жиналып, сүр ет қазанға салынып, естен кетпейтін кеш болатын.
Сафиуллин дүкеншінің приказчигі бірер күннен кейін, азық-түлік, қант-шай алып, Ақкөл, Аққұм жаққа шанамен бет алған. Приказчик тауарларды шай, қант, сиса, сәтен сияқты маталарды тері, жүнге айырбастайды, болса, ақшасына береді. Ақкөлге бет алғасын, А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың кітаптарын да қоса алған. Әрі «Сәлемдеме әкелдім» деп бір ұтса, саудадан да екі ұтатыны приказчиктің өзіне ғана мәлім. Приказчик жанында пошташы бар, шанаға жегулі тұрған атқа «шу» деп шыбыртқы үйіріп, Ақкөл, Аққұм ауылына қарай бет түзеген…
1909 жыл, ақпан айының онына қараған кез. Тауар тиеген темір табанды шана Ақкөл, Сартүбекке қарай жұқа қарды сыдыртып, күрең атпен желдіртіп келеді…
Сартүбектегі оқиға
Ақкөл, Сартүбек ауылы. Ауылда жиырмадан астам қыстақ үй бар, сары саз кірпіштен тұрғызылған. Төбелері қамыспен жабылған, жаппа үйлер. Сартүбектегі қыстауындағылардың көбісі Шошақ ұрпақтары. Мұндағы үлкен үй — Ақтастың үйі. Сырттан келген саудагер, пошташы, ояз қызметкерлері әуелі осы үйге кіріп-шығады. Ақтас осыдан жеті жыл бұрын Сібір каторгасынан келген. Жасы жетпіс беске тақап қалса да, атқа қиналмай мінетін, қапсағай жауырынды, денелі кісі. Ақтастың бәйбішесі Үбіжан Сібірге бірге еріп барып, сол жақта қайтыс болған. Ақтас айдаудан оралғасын, үйленген., 1885 жылы Ақтасты, Байтұрсынды, Даниярды Сібірге айдағанда, бүкіл Шошақ балаларының мал-мүлкін түгел кәмпескелеген. Ақтас пен Байтұрсын айдаудан келгелі Шошақ балаларының тұрмысы ептеп жөнделе бастаған. Ауылдың екі жүздей жылқысы бар, Жыланшық бойында еркін жайылып жүреді. Ұры-қары тиген емес. Ақтас пен Байтұрсынның атағынан сескенеді.
Ауылда таң ата қар қыламықтанып жауып тұр еді, түске қарай ашылып, күн шуағын шаша бастаған. Әр үйдің мұржасынан түтін шудаланып, шыға бастаған. Байтұрсынның үйі Ақкөл жақтан келетін жол жақта еді. Үйдің кішісі Зиляш қорадан бір құшақ шағыр алып, ауыз үйдегі пешке тастаған. От лаулап, үйді жылыта бастады. Анасы Күнші үлкен жез құманға су толтырып, пеш үстіне қойған. Байтұрсын төргі үйде ауырыңқырап, төсекте жатқан, Сібірден оралғанда денсаулығы әлсіреп келген еді.
— Зиляш ау, жаңа үйдің жанынан бір ат-шана өткен сияқты еді, кім екенін білмедің бе?- деп сұраған (Ұлын көп жылдан бері көрмеген Ана жүрегі ұлы Ахметті сағынады. Сырттан адамдар келсе, солармен Ахметі келіп қалды ма екен» деп ойлайды. Қайран ұлына деген Ана сағынышы бөлек). Зиляш:
— Жоқ, апа! Ешнәрсе байқамадым, — деген. Күнші Байтұрсынның төсегіне жақындатып, дастархан жайып, шай әкелген. Бауырсақ, құрт, сары май, бидай, жент дастархан төрінен орын алған. Зиляш ақ кесеге күрең шай құйып, әкесінің қолына берген. Сол кезде есік ашылып, Кәкіштің үйіндегі келіні кіріп келді. Оған Күнші «Есікті тез жапшы, келін, атаңа суық ызғар жақпайды» деген. Келіні бірақ ерекше қуанышты екен:
— Ата, апа! Семейдегі ағам сәлемдеме жібріпті! Сүйінші!
— Не дейді, құдай ау! — Күнші өз құлағына өзі сенбей.
—иНе деп тұрсың, келінім ау?
— Міне, ағамның жаңа кітабы! Атам мен сізге арнайы жберіпті. Жаңа қазірде Үлкен үйге келген пошташы алып келді. Әр үйге бір кітаптан беріп жіберіпті! — деп Бибіш келін Ахмет беріп жіберген кітапты Күнші апасының қолына ұстатқан. Бай отбасында өскен Күнші бала кезінен сауатты еді, кітаптың бетінде жазулы тұрған «Қырық мысал», «Ахмет Байтұрсынов» деген жазуды оқып, еңіреп, зарлап қоя берсін: «Ахметім-ай! Құлыным-ай, Ақ жүзіңді көре алмай, зар болдым-ау» деп еңірегенде үй солқылдағандай болды. Байтұрсын жатқан жерінен басын көтеріп:
— Әу, Күнші, не болды үйді басыңа көтеріп?. Жамандық шақырып тұрғаның не, зарлап?» -деп жекіп тастаған. Күнші сол көз жасын көлдеткен күйі қолындағы кітапты Байтұрсынға ұстатты. Байтұрсын орысша-арапша оқи алатын, кітаптағы Ахметтің атын оқып, қуанғанынан жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Сөйткенше, үйге құтты болсын айтқан туыстар да жиналып қалған. Қуанышты хабарды ауыл түгел естіпті, әкесінің жанына Кәкіш, Мәшен, Ақтастың үлкені Аспандияр келіп, құтты болсынды жаудырып, әкелерінің көңілін көтеруге барынша тырысып жатқан. Ақтас та келіп, інісінің қолын алды.
— Байтұрсын, Күнші қарағым! Ахметтің мына кітабы елдің еңсесін көтеруге сеп болып жатыр. Қуаныш ұзағынан болсын! Мен Ахметіме бір жорға атадым, — деді Ақтас.
Жиналған жұрт ырза, барлығы «Әмин» десіп жатты.
Сол күні Байтұрсынның үйінің таң атқанша шамы сөнген жоқ. Ертеңіне Байтұрсын бойына жаңа күш біткендей, далаға шығып, қорада тұрған отыз-қырық қой-ешкіге шөп салып, біраз тер төккен. Күнкөрістері осындағы екі сиыр мен оншақты жылқыға ғана қарап қалған. Жазда «қойдың еті, қыста «жылқының еті» дегендей. Содан ұлы Ахметтің «Қырық мысалы» ауылда бір ай әңгіме болып, Байтұрсын мен Күншінің көңілі бір өсіп қалған кез еді. Наурыздың басында Байтұрсын төсекке қайта жатып қалды. Шаншу көбейіп, буындары жүргізбей қойған.
«Бәйбішем-ау! бүгін жаман түс көрдім, Ахметке бірнәрсе болып қалған жоқ па екен? Шошып ояндым. Кет, пәлекет, кет, шайтан! Ух!»- деп оянып еді бір жолы.
Бір күні Күнші таң ата тұрып, пешке от жағып, қазанға су құйып жылыта бастаған. Күн шығар-шықпаста Байтұрсынның «Күнші-ау, тездетіп пешке от салсайшы, үй салқындаса, тез тоңып қалам» дейтіні бар еді, бүгін үнсіз жатқанына таңғалып, Байтұрсынның көрпесін ашса, денесі суып, көзі жұмылып қалыпты.
Күнші әйда кеп бетін жыртып, жоқтауға бассын. Еңіреп тұрған Зиляш Ақтас ағасына жаман хабар айтуға жүгіріп кетті…
Ахмет Байтұрсынұлының екінші қамалуы
Семей қаласы. 1909 жыл, наурыз айы басталған кез. Ахмет Байтұрсыновты Семей жандармериясы қамауға алған. Ахаңның қамауда жатқанына он күн болған.
Бәдрисафаға Ахаңның әкесі дүниеден озғаны туралы хабар келген. Бірақ Бәдрисафа ол қаралы хабарды Ахаңа жеткізуге батылы бармай жүрген.
Бір күні екі қарулы конвой кісенделген А.Байтұрсыновты жабық арбамен жандармерия кеңсесіне алып келді. Тергеу бөлмесінің терезесі темір торлы, оның жанындағы столда фуражкесін қисайта киген казак ефрейторы отырды. Алдында қаламсап, сия сауыт пен қамшы жатты.
Бір сәтте есікті еркін ашып, капитан дәрежесіндегі офицер кірді. Ол ефрейторға қарап «Ефрейтор! Мені анаған таныстыр!» деді. «Құп болады!» деді ол орнынан ұшып тұрып:
— Губерниялық жандармерия департаментінің аға тергеушісі, капитан Савелий Кривошин, — деді.
— Жақсы, тергеуді бастаймыз! Сосын Ахаңа қарап:
— Фамилияңыз?
— Байтұрсынов.
— Ага! Атақты Байтұрсынов мырза! Онда әңгіменің турасына көшеміз. Сіздің үстіңізден түскен арыз көп. Қойшығұлов деген кісіні танисыз ба?
— Танымаймын ондай кісіні, көрген адамым емес.
— Сол өз арызында сізді «губернияға жазылған петицияға қол қоюды сұраған» депті. Бұл кісі Қарқаралыдан. Бұған не дейсіз?
— Ешқандай кісіні «қағазға қол қой» деп мәжбүрлеген емеспін.
— Қоянды базарынан Есенбаев деген кісі де сіздің үстіңізден «Қол қойдырып жүргенін көрдім» деп жазыпты.
— Мен Қарқаралыда мектепте мұғалім болып қызмет атқардым. Базарға, жәрмеңкеге өте сирек баратынмын.
Ондай текті адаммен таныс-біліс емеспін.
— Ал, ендеше, Қостөбе болысының бұрынғы старшинасы Қиаспаев деген сіздің сол ауылда болып, «жергілікті өкіметке қарсы насихат жүргізді» деп арыз жазып отыр. Сіз сол болыстықта болғаныңыз туралы не дейсіз?
— Мен жалғыз Қостөбеде ғана емес, басқа болыстықтарда да болып, гимназияға, Петербор, Орынбор, Омбы оқу орындарына барып, оқуға балаларын жіберуді болыстық тұрғындарынан сұрадым. Оның ешқандай саяси астары жоқ. Жастарды мектептерге оқуға шақыру менің ұстаздық парызым. Менің осы сөзімді естіген, таза пиғылды кез келген ауыл тұрғындары растай алады, — деп жауап берген А.Байтұрсынов. Тергеуші капитан Кривошин сосын:
— Сіздің үстіңізден түскен басқа арыздар да көп. Олар жөнінде келесі жолы сөйлесеміз. Бүгінгі тергеуді осымен аяқтаймыз, — деді де, тергеу бөлмесінен шығып кетті. Екі конвой А.Байтұрсыновты түрмеге қайта алып кетті. Содан Ахаң тағы он күннен астам уақыт тергеусіз жатты қамауда. Бәдрисафа алаңдаулы, Ахаңмен кездесуге бір айда бір рет қана рұқсат береді. Тамақ жеткізеді, бірақ әкесінің қайтыс болғанын Ахаңа айтуға тілі жетпей жүр. «Айтқанда не болады? Түрмеден шығып, Торғайға бара ала ма? Әлде жүрегі көтеріліп, ауырып қала ма?
Екеуара қайғыдан өзін-өзі қажаған, күдігі басым. Бәдрисафа не істерін білмей, іштей қамығуда…
Қамаудағы күндер
Семей уезі. 1909 жылдың жазы. Ахаңның қала түрмесінде қамауда отырғанына үш ай болған. Тергеуге сирек шақырады. Бәдрисафа жандармерия бастығынан рұхсат алып, Ахаңмен кездесуге келген. Ахаңның жүдеп кеткенін Бәдрисафа көзімен де көрді, жүрегімен де сезді.
Екеуінің де уайымы көп. Ахаң:
— Мені «Өкіметке қарсы үгіт жүргізді» деп айыптап жатыр. Бір айыбының негізі, дәлелі жоқ. Мені ұзақ ұстап отырғаны содан. Заң бұзған қылмыскер емеспін, «шығаратын шығар» деген үміттемін. Бәрінен бұрын, әке-шешем үшін уайымдаймын. Әкем қиындықты көп көрген адам ғой, шыдар. Апам үшін қиналамын, жаны өте нәзік еді, күйіктен өмірден өтіп кете ме деп қорқамын, — дегенде Бәдрисафа шыдай алмай, ал кеп жыласын! Ахаң оған шошып кетіп, «Не болды, бірнәрсе болып па еді?» деп сұрағанда, Бәдрисафа көз жасын әрең тыйып:
— Жай, сенің ана жақтағы әкең мен анаңның күйі көзіме елестеп, жыладым.
— Ендеше, мен анама арнап хат жазып едім, соны тез апарып, поштаға салшы, мүмкін хатым көңілдеріне демеу болар, — деген. Сол кезде күзетші надзиратель де кездесудің аяқталғанын айтып, Ахаңды алып кеткен.
Бәдрисафa жолда келе жатып Ахаңның АНАСЫНА ЖАЗҒАН ХАТЫН оқып, поштаға жеткенше көз жасын тыя алмаған. Ахаңның сол өлеңмен жазған АНАСЫНА ХАТЫ төмендегдей еді:
«Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді, Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ,
Өкімет әр зорлыққа, бар ма, шараң.
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар мен жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам!
Алданып тамағыма оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адамның ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам…»
Ахаңның Анасына арнап жазған тоғыз ауыз өлең хаты осылай басталған. Ахаң анасына жазған осы хатында өзінің ішкі күйігін, арманын, мұратын, бәрін анасына түсіндіріп, жеткізе білген. Бәдрисафа хатты аяғына дейін оқуға мұршасы жетпей, асыға поштаға кіріп, хатты конвертке салып, заказной ақшасын төлеп, елге жөнелткен.
Жалдап алған пәтерге келіп, көп ойланып, толғанып, Батыс Сібір губернаторының атына хат жазуға отырды. Губернатордың атына жазылған арызда Бәдрисафа «Күйеуім Ахмет Байтұрсынов, негізсіз қамауға алынып, дәлелсіз, зорлықпен түрмеден шығармай» отырғаны айтылған. Бәдрисафа Байтұрсынова деп қол қойылған ол хатта «А.Байтұрсыновтың ісі сотта қаралып, ақ-қарасы шешілсін, олай болмаған жағдайда тез босатылуын талап етемін» делінген.
Бұл тамыз айының жетісі еді. Келесі айда Батыс Сібір губернаторының канцелериясы қол қойған жауап келген. Онда «»Ваше просьбу отказана» делінген екен…
Қамаудағы сарылыс
1909 жылдың қыркүйегі аяқталып та қалған. Семей уезі бойынша 1905 жылы жазылған Петицияны ұйымдастырғандарды тергеу жалғасып жатқан. 1908 жылы Қазан университетінің Заң факультетін Алтын медальмен бітірген Жақып Ақбаев пен тағы он шақты оқыған қазақ сотқа тартылып, олар екі жылға Жетісуға жер аударылған болатын. Соған қарамастан Петицияны жазушылар мен отаршылдыққа қарсы белсенді сөз айтып жүрген қазақ оқығандарын сыпыра «Өкіметке қарсы пікір таратқан» деген саяси айыппен қылмыстық іс қозғау істері жалғасып жатқан. 1909 жылдың күзі. «Өкіметке қарсы» деген жаламен Ахмет Байтұрсыновты түрмеде ұстап отырғанына жеті айдан асты.
Бәдрисафа Омбы губерниясының губернаторы канцеляриясынан » Өтінішіңіз қабылданбады» деген хат келгеннен кейін қаладағы жанашыр оқығандардың ақылымен бүрын Ресейдің II-Думасының депутаты болған Н.Скалозубтың мекен жайын тауып алып, соған А.Байтұрсыновтың хал-жағдайын айтып, хат жазған. Н.Скалозуб А.Байтұрсыновты 1906 Ресей Думасына депутат сайлауына қатысқан кезінен білетін. А.Байтұрсынов Қарқаралыда жүргенде осы Н.Скалозубқа дауыс берген. Одан да бұрын Орынбор газетінде әр облыстан Ресей Думасына дерутаттар енгізуді мәселе етіп көтергені бар еді. Бәдрисафаға Скалозубтың есімі Ахаңның жазбаларынан таныс. Бәдрисафаның хаты он-он бес күнде жеткен болуы керек, Батыс Сібір губерниясында беделі бар Н.Скалозуб Омбы губерниясының губернаторына «Елге танымал ағартушы-педагог Ахмет Байтұрсынов түрмеде жазықсыз ұсталып, «кінәларын мойындату үшін зорлық-зомбылық жасалатын көрінеді. Жазықсыз айыпталып отырған Ахмет Байтұрсыновты түрмеден босатуыңызды сұраймын» деп хат жазған. Ресейдің белгілі өкілі Н.Скалозубтың А.Байтұрсынов туралы хаты Омбы губерниясының бастықтары арасында алаңдаушылық туғызғаны рас, бірақ губерния жандармериясының бастығы «Депутат А.Байтұрсыновқа зорлық- зомбылық көрсетілгенін дәлелдесін» дегендей сылтау айтқан. Оған қоса Семей жандармериясының бастығы Омбы губерниясының губернаторынан «А.Байтұрсыновты түрмеде ұстау мерзімі ұзартылсын» деген тағы талап қойған. Сонымен, депутат Н. Скалозубтың Омбы губернаторына жазған хаты аяқсыз қалған. Бірақ Н.Скалозуб алған бетінен оңайлықпен қайтатын адам емес еді. Ол кешіктірмей Ресей империясының Ішкі істер министріне «Ахмет Байтұрсыновты босату және кінәсі дәледенбесе, сотта қаралуын сұрап» талап арыз жазды. Оған қоса Ресей Ішкі істер министрінің атына Бәдриса Байтұрсынованың атынан арыз осы уақытта түскен. Сондай-ақ Санкт Петербургтің газетінде «Казахский поэт Ахмет Байтурсынов в тюрьме» атты резонансты мақала жарияланған. Басқа орыстілді газеттерде де осы сипаттағы мақалалар жарияланған. «Орынбор қалалық газетінде орыс тілінде «Поэт Ахмет Байтурсынов» атты мақала шыққан. Түптеп келгенде осы депутат Н. Скалозубтың, Бәдрисафаның Ішкі істер министріне жазған хаттары және үлкен газеттерде А.Байтұрсынов туралы жазылып жатқан мақалалар оның үстінен қозғалған қылмыстық істің барысына әсер етті.
1910 жылдың қаңтар айында Ахмет Байтұрсыновтың ісі Семей сотында қаралып, «Өкіметке қарсы насихат жүргізгені жанама түрде дәлелденуіне байланысты Орынбор губерниясына жер аударылсын» деп үкім шығарған.
Сот үкімі шыққаннан кейін де А.Байтұрсынов түрмеден бірден босатылған жоқ.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ
Жалғасы бар (Басы мына жерде).