Байтұрсынұлының Орынборға жер аударылуы
1910 жылдың сәуірі. Семей қалалық түрмесінің алдына бір топ адам жиналған. Олар — Ахаңды, Бәдрисафаны Орынборға шығарып салушылар. Арасында М.Дулатов, ерлі-зайыпты Құлжановтар бар. А.Байтұрсыновты Семей жандармериясы соттан кейін Орынбор жандармериясының бақылауына апарып тапсырмақ. Бәдрисафаға Ахаңмен бірге баруға жандармерия рұқсат берген. Әне, екі конвой Ахаңды екі жағынан қоршап, жабулы ат арбаға қарай алып келеді.
Жұрт Ахаңмен көрісіп, қоштасуда. «Амандықпен жолығуға жазсын» деп жатыр әрқайсысы. Міржақып ағасына жақынырақ келіп:
— Аға! Сізге жайсыз хабар айтуға мәжбүрміз. Осы күнге дейін жеңгемнің де, менің де сізге айтуға батылымыз бармай келген…
— Не боп қалып еді? — деп Ахаң бір үрей жайлаған реңмен сұрағанда, Міржақып:
— Әкеміз Байтұрсын өткен жылы наурыз айында дүниеден өткен!
Ахаң үнсіз көз жасына ерік беріп, іштегі күйігі шығып, өксіп, Міржақыпты құшақтап тұрып:
— Әкемнің жылы да өтіп кеткен екен. Ұлының түрмеде отырғанын, шарасыз болғанын білмей кетті-ау, қайран әкем! Орынборға мені жер аударды ғой, ол жерден де мені елге барып қайтуға жібермейтін шығар.
— Аға, оны сонда барғасын билік басындағылармен сөйлесіп, шешіп көрерсің.
Ахаң Міржақыпты құшақтап тұрып:
— Шешеме көңіл айтып, қамаудан шыққанымды, Орынборға жіберілгенімді айтып, хат жазарсың.
— Әрине, аға! Бүгін жазамын!
Жиналғандар Ахаңның қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Әйелдердің ішінде көзіне жас алып, жылап тұрғандар да болды.
Жұрт Ахаңмен қоштасып, Ахаң мен Бәдрисафа конвой отырған жабық арбаға мінді. Бет алыстары — Орынбор.
Семей мен Орынбор арасында әр он сегіз шақырым сайын орналасқан пошта бекеті бар-тын. Конвойлы арба сол бекеттерде аз тыныстап, ат ауыстырып отырады.
Міне, Ахаңдар мінген конвойлы ат арба Павлодар бағытында орналасқан бірінші бекетке де жатіп қалған.
Ахаң қайғысынан айыға алмай келе жатқандай, үнсіз, мұңды… Арбаның дөңгелегінің шиқылдаған үніне құлақ түріп келеді.
Орынборда. «Маса», «Бақытсыз Жамалдың» баспадан шығуы
1910 жыл. Орынбор. Омбы жандармериясы Семей сотының «Жер аудару» туралы шешімінен кейін А.Байтұрсыновты Орынбор жандармериясының бақылауына жеткізген. Орынбор жандармериясы Ахаңнан «Қаладан тыс жерге шығуға болмайтынын» ескертіп, қолхат алып, босатқан. Ахаң енді Орынбор қаласында қызмет істеп, қала ішінде еркін жүруге мүмкіндік алды. Ахаң мен Бәдрисафаға бұл да үлкен жетістік болды. Ахаң бұрын осы қалада оқыған, қаланы жақсы біледі. Бәдрисафаның Орынборды алғаш көруі, қалада темір жол вокзалы, солтүстікке, батысқа, оңтүстікке теміржол қатынасы бар екен. Семейден үлкен қала екенін көріп, ішінен тамсанды. Ахаңа Орынборға жер аударылғаны барлық жағынан мұратына сай келгендей болды. Орынбор солтүстігінде Ақтөбе, Қостанай, Торғай уездеріне жақын, Сондай-ақ баспаханасы көп Қазан, Уфа қалаларына жақын. Орынборда оқу орындары да баршылық. Ахаң өз армандарын орындауға жол ашылғандай сезінді. Өсімқордан қарыз ақша алып, Бәдрисафа екеуі орталыққа жақындау жерден екі қабатты үйден үш бөлмелі пәтер жалдап алды. Орынбор губерниясы жанындағы Земство департаментіндегі оқу бөліміне қызметке тұрды. Одан басқа губерниядан шыққан заң актілерін, нұсқауларын болыстарға, старшиналарға орыс тілінен қазақшаға аударып беріп, қосымша табыс тапты. Сөйтіп, Ахаң мен Бәдрисафа екеуі өмірлерін мамыражай қалыпты ағысқа түсіре бастаған. Бірақ Ахаң үйде отырғанда стол басында жазу жазып отыратын. Ахаң баспаға дайындап жатқан «Масa» атты кітабын қайта-қайта қарап, редакциялап, кей жерін түзеп, көңілі өсіп отырған шақ еді.
— Бәден! Маған жақын келші, міне, қара, екінші кітабымды баспадан шығаруға әзірлеп біттім! — деген. Бәдрисафа Ахаңа күлімдеп келіп:
— Құтты болсын! — деді. Ахаң Бәдрисафаға жаңа кітабына енген «Адамдық диқаншысы» деп аталатын жаңа өлеңін оқып берді
«Адамның диқаншысы қырға шықтым,
Көзі жоқ, көгалы жоқ, қырға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың…» деп басталған өлеңін Бәдрисафа ерекше ықыласпен тыңдап отырып, қуаныштан ба, әлде терең сезімнен бе, көзінен жасын ағыза отырып, Ахаңның бетінен сүйіп, «Керемет жазылған!» деп лебізін білдірген.
Ахаң ертеңіне қызметіне барып, одан соң қала ішіндегі баспаға соғып, «Маса» атты кітабын басып шығаруға, ақысына келісті.
Содан жеңіл абамен үйге келсе, төрде танымайтын қонақ отыр екен. Ахаң сәлемдесіп, асықпай шешініп, қонаққа қарай жүрген. Ол орнынан тұрып, Ахаңның қолын алып, «ассалаумағалейкүм» деп амандасты.
— Аха, мені бұрын көрмегенсіз, танымайсыз, мен Сарықопа болысынан келдім, Есімім — Асқар, — деді.
Орынбордағы пәтерінде төрде отырған Асқарға Ахаң:
— Мен сізді шырамыттым. Мен Торғайдағы орыс-қазақ училищесін бітірейін деп жүргенде сіз төменгі класта оқыған сияқтысыз.
— Иә, иә. Мен сізден бірер жас кішімін. Училищеден кейін ел ішінде қызмет еттім, — деген Асқар.
— Естуім бар. Міржақып інім сіз туралы көп айтатын.
— Әкеміз Дулат ерте қайтыс болып, Міржақып менің қолымда өсті. Ауылда жүріп, сіздің «Қырық мысалыңызды» бала-шағамызға дейін оқып, жаттап алғанбыз.
— Жақсы екен. Міржақыптың «Оян, қазағы!» Торғайда әр үйге тараған деп жүр. Міржақып інім роман жазуға кірісіпті деп естіп едім?..
—Иә, ол рас. Мен Міржақыптың сол романын алып келдім. Орынборда ма, әлде басқа жерде ме, соны бастыруға алып келдім.
— Міне, керемет! Жөн болған!
Сонда Асқар:
— Аха! Романды әуелі сіз оқып көрсін деп еді, ақыл-кеңес берер деп сізге алып келдім.
— Жөн екен! — деп қолжазбаны алып көрді, шағатай әліпбиінде жазылған екен.
Бәдрисафа шай әзірлеп, столға ақ дастархан жайды да, қонаққа қарап:
— Аға, Мир Якубтың жаңа романы құтты болсын! — деді. Асқар Бәдрисафаның қазақша сөйлегеніне бір таңғалса, оның Міржақыпты Мир Якуб дегені тағы таңдандырған. Ахаң мән-жайды түсіндірді. Бәдрисафаға Семейде жүргенде үйленгенін, жеңгесі болғасын Міржақып қайнысына «Мир Якуб» деп ат қойғанын күліп отырып айтқан. Асқар оған тәнті болды.
— Құрған шаңырақтарыңыз берекелі, қуанышы көп болсын, — деді. Манадан бері менен үлкен қателік кетті… Үйге кірген бетте Байтұрсын атамызға құран бағыштап, оқуым керек еді. Оған айып етпеңіздер, — деп Ахаңның әкесі Байтұрсынға арнап дұға оқып, шай дастарханын қайырған. Ахаң шайдан кейін Асқарға:
— Сіз келесі бөлмеге барып тынығыңыз, мен Міржақыптың романын оқуға кірісемін, — деген.
Ахаң Міржақыптың қолжазбасын басын алмай, таң атқанша оқып бітірген. Сосын сәл көз іліндіріп, бірер сағаттан кейін көңілі жадырап, ерекше күйде тұрды. Таңертеңгі шай кезінде Асқарды ыстық лебізбен құттықтады.
— Бұл қазақтың алғашқы романы болайын деп тұр. Бұған дейін қара сөзбен, көркем тілмен қазақ өмірін суреттеген шығарма болған емес! Көз алдыма өз ауылымның өмірі елестеп, терең әсерде болдым, — деді.
Міржақыптың ағасы әрі әкесі Асқар Ахаңның жүрекжарды сөзіне қуанып:
— Кітапты қай жерде бастырсақ екен? — деп сұрады.
— Иә, ең маңызды мәceле енді сол.
Ахаң сәл ойланып:
— Қазан қаласында бастырғаныңыз жөн-ау. Өйткені, онда баспахана көп әрі мұндағылардан арзан бағаға басып береді. Одан басқа ел-жер көріп қайтасыз. Онда оқып жүрген елдің жастары бар, — деген. Асқар Ахаңның ақылын тыңдап, Қазан қаласына жол жүріп кеткен.
1910 жыл, қазан айы басталған кез. Қала ішіндегі ағаштардың жапырақтары сарғайып, алтын желекке бөленген, олар кейде күн көзіне шағылысып, жан-жағына нұр шашып тұрғандай. Қаланың орталық көшелеріне жұмыр тас төселген. Әр жерден дәулеттілердің пар ат жеккен күймесі көзге түседі. Адам таситын екі дөңгелекті арбалы пәуескелер де жиі ұшырасады. Олар жаныңнан өткенде арбаға жегілген аттың темір тағалы тұяғы барабан соғып бара жатқан сияқты, тық- тық етіп, қоңыраулары сыңғырлап, музыка ойнап бара жатқандай сезіледі.
Ахмет сондай бір тарантасқа мініп, баспаханаға соғып, бояуы кеуіп үлгермеген «Маса» атты кітабының мың шақты данасын алып келе жатқан. Ахаңның көңілі ерекше көтеріңкі, су жаңа кітабын қайта-қайта қолына алып, алғашқы беттерін оқып, мәз боп келеді. Танымайтын атшыға қуанышын айта алмайды. Содан үйге, Бәдрисафға жаңа кітабын көрсеткенше асығып келеді.
Үйге де жетіп, кітаптарды жерге түсірген, Бәдрисафа күткендей, жедел шығып, кітаптарды үйге тасуға көмектескен. Жаңа кітаптың баспадан шыққанына Бәдрисафа да ерекше қуанып, Ахаң екеуі елге, анасына, Торғайға, Семейге жақын адамдарына жіберетін кітаптарды бөлектеп, қағазға орап, бөлек жерге қойған.
Ахаң мен Бәдрисафа біразға дейін ұйықтаған жоқ, Ахаң домбырада күй тартып, скрипкада ойнап, ерекше көңіл күйде болды сол күні.
Бір аптадан кейін Қазанға Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» атты романын бастыруға барған Асқар оралған. Оның да арбасында Міржақыптың баспадан шыққан жаңа кітабы бума-бума боп жатыр екен. Асқар, Ахаң, Бәдрисафа үшеуі үйге тасып кіргізді.
Қос қуаныш — Асқар пен Ахаң бірін-бірі жаңа кітаппен құттықтап, мәз.
Шай үстінде Ахаң мен Ақтас өзара ақылдасып, Міржақыпты Семейден шақырып, қазақтың белгілі оқығандарын шақырып, солардың алдында екі кітаптың беташарын жасауды ұйғарды.
Келесі күні Ахаң мен Асқар қаладағы бір татар байының жаңа үлгімен жабдықталған үлкен залы бар үйін бір күнге жалға алды, сырттан келгендерге қону мүмкіндігін жасады. Екі кітаптың беташар өткізетін күні де белгіленген. Бұл кезде Ахаңның «Қырық мысалы», М.Дулатовтың «Оян, қазағы» қазақ жеріне түгел тарап, екі ақынның да есімдерін ел жақсы білетін кез еді. Бұрын Екінші Думаның депутаттары болған елге белгілі тұлғаларды да екі кітаптың беташарына арнайы шақырған.
Орынборда өтетін «Маса» мен «Бақытсыз Жамал» романының беташарына шақыру Ахмет пен Міржақыпқа жиі хабарласып тұратын Ә.Бөкейхановқа, ағайынды Досмұхамедовтерге, Құлмановқа, Калменовке, Ж.Ақбаевқа, М.Шоқайға, Құлжановтарға және әр болыстықтардағы қазақ оқығандары мен жанашырларына жіберілген еді.
Ахаң мен Жахаңның «Маса» және «Бақытсыз Жамал» атты романының беташарына әр жерден жүз шақты кісі келген. Оның ішінде ағайынды Досмұхамедовтер, Мәскеуден келген М. Шоқай, Семейден келген Құлжановтар, Қалменов, Уфаның «Ғалия» медресесінің шәкірттері, Б. Майлин, «журнал шығарамын» деп жүрген М. Сералин және Орынбордың оқыған қазақтары болды.
Беташарды Ахмет Байтұрсынов бастаған:
— Ал, халайық! Елдің келешегі үшін жасалып жатқан үлкен игі істің бастауына келіп отырсыздар. Қай ұлттың да келешегі үшін мәдениеттің, ұлт тілінің, әдебиетінің атқаратын рөлі сіздерге жақсы мәлім. Қазақ ауыз әдебиеті ғасырдан-ғасырға жетіп, ұрпағымыздың рухына дем беріп келе жатыр. Енді жетпей жатқаны жазба әдебиет еді, бүгін Сіздер қазақтың жазба әдебиеті дүниеге келіп жатқан сәтке куә болғалы тұрсыздар. Сол сөзімнің дәлелі мынау — Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы! Авторы, міне, қасымда тұр, өзіне сөз беремін, құттықтауларыңызға болады! — деген Ахаңа жұрт сөзін айтып үлгертпей, төрден жапырыла келіп құшақтап, құттықтап, кітаптың байғазысын беріп жатқандар да болды. Сосын Міржақып әрең дегенде сөз алып:
— Құрметті қонақтар, қазақты зиялы оқығандары! Жаңа Ахаң сөйлегенде тек менің кітабым туралы ғана айтып, өзінің баспадан шыққан «Маса» атты кітабы туралы айтпай кетті. Ахаңның бұл — екінші кітабы (Тыңдаушы жұрт шапалақ ұрып, қол соқты)! Ахаңның бұл кітабы елдің санасын жаңғыртушы, рухпен қанаттандырушы кітап.»Қырық мысал» кітабы ел арасына кең тараған. Ахаңның бұл кітабы да ел келешегі үшін, тарихы үшін қымбат болатынына сенімдімін, — дегенде, жұрт ұзақ қол шапалақтағанда, үйдің шатыры селкілдегендей болды. Сосын Міржақып Ахаңның жаңа кітабының байғазысы деп «Қараторғай» халық әнін орындап берді. Қонақтар Міржақыптың әншілігіне таңғалысып, өздері де қосылып кетті. Семей семинариясында оқытушы қызметін атқарып жүрген Нәзипа Құлжанова ортаға шығып, халық әні «Шилі өзенді» сызылта айтып бергенде, тығдаушылар жақсы әсерге бөленіп, «мен де ән айтамын» деушілер көбейді.
Екі жаңа кітаптың беташарына келгендердің бәрінің қолында Ахaң мен Міржақыптың жаңа кітаптары. Бұрын мұндай қызықты әдеби кешті көрмегендей, көңіл күйлері айрықша көтеріңкі отырды. Беташар соңында Ахмет Байтұрсынов шетте тұрған пианиноға отырып «Аққұм» әнін орындады.
Әдемі әуенге аң-таң болып отырған жұртшылыққа Ахаң алғысын айтты. Беташардың соңында құрметті қонақтардың бірі Мұстафа Шоқай сөйлеп, Ахаң мен Міржақыпты жаңа кітаптарымен қазақ қоғамының әдеби тарихын дамытуға жаңа қадам жасағандарымен құттықтады. Халел Досмұхамедов құттықтау сөз сөйледі. Жаһанша Досмұхамедов қолына домбыра алып, «Адай» күйін орындағанда, әсерінің күштілігінен жұрт орындарынан тұрып кетті.
Сонда Ахаң:
— Бұл күй қазақтың гимні болатындай күй екен, — деген.
Сөйтіп, Ахаңның «Маса», Міржақыптың «Бақытсыз Жамал» романының беташарына жиналған қазақ оқығандары қайталанбас ерекше әсермен тарасқан еді…
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ
Жалғасы бар…
(Жалғасы)