Қостанайда вакцинация паспорттарын «сатқан» екі ер адам ұсталды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қостанай қаласының 27 жастағы екі тұрғынын анықтады. Олар өздерінің пайдасы үшін COVID-19 вакцинациялау паспорттарын сатумен айналысқан. Олардың айтуынша, шілде айында Telegram әлеуметтік желісінде арнайы аккаунт ашқан. Содан кейін клиенттерді іздеу үшін олар барлық әлеуметтік топтарға вакцинация паспорттарын істей алатындығы туралы жарнама тарата бастаған.
Тілек білдірушілер алдын ала төлемді бөтен адамға рәсімделген екінші деңгейдегі банктердің карталарына аударған. Ақшалай қаражат – 300 мың теңгеден астам ақша олардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Бірақ, олардың айтуынша, құжаттарды ешкім алмаған, олар клиенттерді бұғаттап отырған. Сонымен қатар қазіргі уақытта жедел уәкілдер вакцинация паспортын заңсыз жолмен алғысы келген адамдарды анықтау бойынша тергеу әрекеттерін жүргізуде.
Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері азаматтарға заңға қайшы келетін әрекеттер үшін заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
фото: дереккөз