Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырылған «АХМЕТ ұшқан алтын ұя» өңірлік семинары өтті. Аты айтып тұрғандай, семинар жұмысы Ахмет бабамыздың кіндік қаны тамған туған жері А.Байтұрсынұлы ауылында ұйымдастырылды. Семинарға қатысушылар Байтұрсын әулетінің қорымына барып, аруақтарға арнайы құран бағышталды, деп хабарлады tobyl-torgai.kz.
Іс-шараға Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов, AMANAT партиясы Жангелдин аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Ғабит Сүндетбаев, Жангелдин ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімі басшысы м.а. Ғабдол Омаров, Жангелдин аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Алма Абишева, Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей, А.Байтұрсынұлы ауылының әкімі Нұрсұлтан Байдильдин, А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры Қанат Сәпенов және Жангелдин ауданы Тілдерді оқыту орталығының басшысы Гүлім Ысмағұл (модератор) қатысты.
Жиында Арқалық қаласы мен Амангелді ауданының Тілдерді оқыту орталықтарының мемлекеттік тіл курсын оқытушылар мен әдіскерлер және Жангелдин аудандық Тілдерді оқыту орталығының ұжымы, тіл мамандары мен ауыл тұрғындары да болды.
Іс-шарада Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов сөз сөйлеп, семинарды ұйымдастырушыларға алғыс білдірді және оған қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонау Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің директоры, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, ахметтанушы Райхан Сахыбекқызы Имаханбет арнайы осы өңірлік семинар үшін құттықтау сөзін видео арқылы жолдады. Жасаған жұмыстарын слайд арқылы дайындап ұсынды. Семинар жұмысының сәтті өтуіне, мағыналы өтетіне сенім білдірді.
Алма Абишева «Ахмет Байтұрсынұлының әліпби реформасы» тақырыбында, ал Гүлбану Сәрсекей «Ахмет Байтұрсынұлы мұраларының насихатталуы» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара барысында таяуда аудан орталығында аудан ұстаздары арасында А.Байтұрсынұлы 150 жылдығына арналған жыр мүшәйрасында бас жүлде алған ақын — Қаратүбек жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Злиха Кенжеғозина «Ахметке арнауын» оқып берді.
Ахмет бабамыздың ұрпақтары атынан сөз алған Нұрқожа Ерназаров қызықты естеліктерімен бөлісті.
AMANAT партиясы Жангелдин аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ғабит Сүндетбаев қорытынды сөз сөйлеп, жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған аудандық Тілдерді оқыту орталығының ұжымына алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Арқалық қалалық Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі курсының оқытушысы Жазира Смагулова мен Жангелдин ауданы әкімдігінің аудандық Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл курсының оқытушысы Алма Жұмағазы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы, шығармашылығына арналған хронологиялық кестелер мен жұмыс, жетілдірілген латын әліпбиін насихаттауға бағытталған тәжірибелік жұмыстарын жүргізді.
Семинар жұмысының соңында Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Қайырбекұлы Арқалық қаласы мен Амангелді ауданынан келген семинарға қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады. Басқа да спикерлер мен қатысушылар алғыс хаттар мен сертификаттар алды.
Семинар қатысушылары Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған кітап көрмесін тамашалап, әйгілі Ақкөл көліне барды.
Фото: дереккөз