Қазақстанда Ахмет Байтұрсынұлының есімі бір ауылға, 200-ден астам көше мен 39 мектепке, бір әуежай мен бір музейге берілген. Сонымен қатар, Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Қостанай қаласында Қостанай өңірлік универститеті бар. Оған қоса, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ахмет Байтұрсынұлы орталығы» ашылған, деп жазады Azattyq Ruhy.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне, Ұлт көсеміне арналған Ақтөбе, Қарағанады, Қостанай, Түркістан облыстарында ескерткіш қойылған. Соңғысы 1 қазанда Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай ауылында орнатылды. Алматы әкімдігі де қараша айында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы скверде тұлғаға арнап ескерткіштің орнатуды жоспарлап отыр.
Осы уақытқа дейін алаштың арда азаматын насихаттап келгенімізбен, оның еңбектерін әлі толыққанды зерттей алмай жүрміз дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары, ахметтанушы Ермұхамбет Маралбек. Ғалым тыңғылықты зерттеу жүргізуге мемлекеттің білек сыбана кіріспей отырғанын айтады. Оның өзі жақында Баку қаласының ұлттық мұрағатынан Ахмет Байтұрсынұлы қатысқан 1926 жылы Бакуде өткен бүкілодақтық түркологиялық алғашқы съездің тұпнұсқа видеосын тауып әкелуге үлес қосқан қос ғалымның бірі. Құнды деректі алып келуге мемлекеттік грант арқылы барғанын айтады. Дәл осындай қаржылық қолдаудың аз екенін айтқан ғалым 150 жылдық мерейтойдың аясында зерттеуге қарағанда, насихаттау жұмыстарына басымдық беріліп кетті дейді. Azattyq Ruhy тілшісі ахметтану ғылымын дамытуда қандай кедергілердің бар екенін ғалымның өзінен сұрап көрді.
— Ермұхамбет мырза, айтыңызшы, ұлт ұстазын шын мәнінде ұлықтай алып жүрміз бе?
— Ахмет Байтұрсынұлы 1988 жылдан бері, яғни ақталған кезден бастап өз бағасын алған тұлға. «Ұлт ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі» деген сөз бар. «Ұлт ұстазы» деген тұтас ұлтты тәрбиелеу дегеннен шығады. Ұлтты екінің бірі тәрбиелей алмайды. Бұл Ахмет, Абай сияқты тұлғалардың қолынан келеді. Мәселен, Абылай ханды «ұлттың ұстазы» деп айта аламыз ба? Ол қанша жерден бірегей тұлға болса да, айта алмаймыз. Ол – лидер, ұлтты бастаған ұлы тұлға.
Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлын ұлттың рухани көсемі дейміз. Әдетте, ұлт көсемі деп Әлихан Бөкейхановты айтамыз. Меніңше, ұлттың рухани көсемі деген ұлт көсемінен де жоғары тұрады.
— Ал ахметтану ғылымы өз деңгейінде дамып жатыр ма?
— Меніңше, ахметтану ғылымы өз деңгейінде танылып, зерттеліп жатқан жоқ. Көпшілік ғалымдар бірең-сараң шын мәнінде танып-білген ғалымдардың айтқан пікірлерін қалыптасқан сөз ретінде қолданып жүр. Оның арғы мәніне бара алмайды. Өйткені, оның мәніне бару үшін зерттеу керек. Екіншіден, оны түсінетін сондай деңгей керек. Жалпы 150 жылдықтың негізігі мақсаты да осы. Ол екі бағытта жүруі керек. Біріншісі – Ахмет мұраларын зерттеу. Бұл бір жылда бәрін түгендеп зерттеп тасау керек деген сөз емес. Зерттеуге кең жол ашылу керек. Екіншісі – насихаттау керек. Осы жолы 150 жылдық қарсаңында Ахмет мұралары жақсы насихатталды. Бірақ зерттеу жағы ақсап тұр. Ахметтанушыларды қолдау керек. Ахметтің ғылыми мұраларын зерттеуге конкурс жариялау керек.
— Қазақстанда ахметтанушылар көп пе?
— Ахмет Байтұрсынұлының есімі тек тіл білімі саласында ғана емес, ол әдебиет, тарих, демография, география, философия деген сияқты көптеген салалармен байланысып жатады. Сондықтан, ахметтанушылар соның деңгейінде болмаса да, Ахмет мұраларын түсіне алатын, әрі қарай зерттей алатын деңгейде болуы керек.
Бүгінгі ахметтанушылардың деңгейі қандай? Олар өмір жолын зерттеген, әдеби мұраларын зерттеген, жік-жікке, сала-салаға бөлінгендер болып келді. Бірақ толыққанды ахметтанушылар өте аз, тіпті жоқ деуге де болады. 1988 жылдан бері ахметтану бойынша жеке бағыттар бойынша жазылған еңбектер бар. Дегенмен, бүгінгі ахметтану ғылымы жан-жақты мұраларының барлық қырларын білетін ахметтанушыларды күтеді. Мысалы, Аристотельді алсақ. Ол ғылымның көптеген салаларымен айналысты. Әл-Фараби шын мәнінде аристотельтанушы. Ахметтану ғылымы да осындай болу керек. Оның тек өмірбаянын ғана зерттеп қою ғалымның зерттеу аясының тарлығын білдіреді.
— Ахметтің қай тұстарын тереңірек зерттеу қажет?
— Ахмет Байтұрсынұлын Абайдың деңгейінде зерттеу керек. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлын тану бірнеше бағытта жүреді. Алдымен, өмір жолы. Оның саяси күрестегі жолы. Тарихқа қатысты мәселелерін бір бөлек қарастыру керек. Ахметтің Ахмет болып қалптасуына әсер еткен факторлар қандай? Оның ішінде оған қазақ, шығыс, орыс, татар, Еуропа мәдениетінің ықпалы қандай болды? Ахметке ықпал еткен тұлғалар кім? Оны нақты фактімен келтіру керек. Өмір жолында оның қайда барғаны аса маңызды емес. Оның не үшін, қалай, кім үшін барғаны, не көздеп барғаны маңызды. Өмір жолын тануда осындай дүниелер анықталмай жатыр.
Екіншісі, ғылыми мұраларына қатысты. 1895 жылдан бастап атылғанға дейінгі кезеңдерде өте көп мұралары бар. Осының өзі түгенделмей жатыр. Шамамен, 40 пайыз еңбегі белгісіз шығар деп ойлаймын. Оның бүркеншік есімдері де бар. Соларды анықтау керек. Ал, бүркеншік есімдерді қалай анықтау керек? Оның өзінің жазу стилі бар. Оның өзі зерттелмеген. Әрбір еңбегінің жазылу тарихы бар. Ол бірде-бір еңбегін мен ғалым болайын деген оймен жазған емес. Дені дұрыс ахметттанушы осыны жақсы біледі. Ол қандай да бір мәселеден ертең ұлттың басына нәубет келеді-ау деп, алдын-ала жазып отырды. Ахметтану толыққанды болуы үшін ең бірінші академиялқ толық шығармалар жинағын құрастыру керек қой. Ол үшін Үкімет арнайы шын мәніндеге ахметтанушылардан топ жасақтау керек.
— Ал зерттеу жүргізуге не кедергі?
— Былтыр министрлікке Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармаларын жинап құрастыру бойынша ұсыныс енгіздік. Оның 70 пайыз еңбегі тіл біліміне қатысты болғандықтан, оны Тіл білімі институты жасау керек деп, сметасын да жасап бердік. Бұл бастама 150 жылдықтың қарсаңында жүзеге асады деген жоспарға ілінді. Орындаушы мекеме ретінде біз қарастырылып келдік. Енді соңғы рет бекіткенде бұл жинақты Еуразиялық универтитеттің жанындағы Алаштану институы алды. Оның 6 томы Ахметтің еңбектері болса, қалған 6 томы сол еңбектің түпнұсқасы, яғни фото түрінде басылып шығарылмақ екен деп естідім. Ал біздің Тіл білімі институты шығармалардың жинағын 10 томға жеткізуге қауқарлы еді, әрі Ахметті тікелей зерттеумен де айналысатын бірден-бір институт.
Тіл білімі иституының ішінен «Ахметтану» бөлімін былтыр сол үшін аштық. Ол бөлімнің жұмысын жандандыру үшін арнайы грант бөлінуі керек. Бірақ әзірге ондай қаржылық қолдау көріп отырған жоқпыз.
— Жақында Ахмет Байтұрсынұлының видеосын елге алып келгеніңізді айттыңыз. Өзге де тың дүниелерге қол жеткізу жағы қалай болып жатыр?
— Ол жағы әзірше құпия бола болсын. Видеоның түп нұсқасын табуға болатынын мен бұрын да білетінмін. Оған мемлекеттен грант алып, соның аясында бардық. Үкіметтен тағы сондай қаржылық қолдау болса, аранайы ахметтанушыларға тақырып беріп, шәкірт тәрбилеп, мұны жүйелі түрде ұйымдастырғанда, оның мұраларын жақсылап зерттеуге болады. Ахметті қанша таныған сайын ұлттың саламаттығына соншалықты пайдалы. Ұлттық жоба болу керек. Бірақ оны науқанға айналдырып жібермеу керек.
Келесі жылы Мәскеуге, әрі қарай Бакуге барып келуім мүмкін.
— Мәскеудегі архивтерде Ахмет Байтұрсынұлына қатысты деректердің көп екені айтылады. Оларға қол жеткізуде кедергілер кездесе ме?
— Шын мәнінде Ресейдің архивтерінде өте көп дерек бар. Бірақ, оның бәрі жасырылған. Оған былтыр Орынборға барған кезде көзім анық жетті. Ол жерде архив ашық, бірақ көп құжатты жасырып отыр.
— Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Ұлт ұстазының бұдан да көп еңбегін жарыққа шығарып, өзіңіздің де ұлтқа еңбек етуіңізді тілейміз!