Қостанай облысы — түрлі салаларды дамытуда әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Сондықтан ел экономикасына елеулі әсер ететін салаларға инвестиция салу мен дамытуға ерекше мән берілген. Бұл тұрғыда Kazinform агенттігінің «Әкімге сұрақ» жобасы аясында осы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтан сұрап көрдік.
— Құмар Іргебайұлы, Қостанай облысы ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды өңірлердің бірі. Мал шаруашылығындағы жайылым, ал егін шаруашылығында астықтың өнімділігі мәселесі қалай шешіліп жатыр? Былтыр күзгі жауын-шашынға байланысты елімізде сапасы төмен астықтың көлемі артты. Шаруалар шығынға ұшырамас үшін бұл астықты экспорттау мәселесі шешілді ме? Биылғы егін егу науқаны қарсаңында шаруалар тұқыммен қамтамасыз етілген бе?
— Егін жинау жұмыстары кезіндегі қолайсыз ауа райы былтырғы егін сапасына әсер етті. Алынған астықтың сапасы алдыңғы жылдарға қарағанда төмен болды. Дәнді дақылдардың 4 млн тоннасы жиналды. Жалпы өнімнің 10 пайызы 3-класқа жатқызылса, 4-класқа 15 пайызы, 5-класқа 20 пайызы жатады. Ал өнімнің 55% сыныптан тыс қалды.
2023 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында Үкімет резервінен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ астық сатып алу үшін 8,5 млрд теңге бөлінді. Астық сатып алу көлемін бөлуге сәйкес облыстың үлесі жалпы республикалық көлемнің 29,4 пайызын құрайды. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ 152,7 мың тонна немесе жоспардың 161% сатып алды.
Сонымен қатар, егіс науқанын жүргізу үшін 2024 жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 514,2 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын толтырды, қамтамасыз етілуі — 100%. Тұқым зертханаларында барлық толтырылған тұқымдар алдын ала тексеруден өтті.
Бұдан бөлек, халықты жайылымдармен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 173 мың га алқапта ауыл халқының малын жаю үшін жайылымдық жерлерді өтеусіз беру туралы меморандумдар мен келісімдер жасалды. 2 ауданда алқабы 2,4 мың га елді мекендердің аумағын ұлғайту іске асырылды, халықтың жеке ауладағы малын жаюға қатысты сұранысын қанағаттандыру мақсатында жалпы ауданы 527,9 мың га жер учаскесі резервке алынды. Сондай-ақ, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдіктеріне 54,7 мың га жер учаскесі тұрақты пайдалануға берілді.
— Қостанай облысында автокөлік шығару өндірісін дамытуға ерекше екпін қойылған. Осы бағытта қандай жобалар іске қосылады? Жалпы, автокөлік өндірісінде облыстың әлеуеті қандай?
— «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Қазақстан Республикасындағы автомобиль шығару өндірісі бойынша ірі кәсіпорын саналады, онда 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын 6 брендтің 50-ден астам моделін шығарады: JAC, KIA, СHEVROLET, LADA, Jetour, УАЗ.
Облыстың өңдеу өнеркәсібі құрылымында автомобиль жасаудың үлесі 2023 жылы шамамен 50% құрады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша «СарыарқаАвтоПром» ЖШС 90 230 автомобиль шығарды, оның 9 122-сі экспортталды. Кәсіпорын биыл кем дегенде 95 мың автомобильді өндіруді жоспарлап отыр. Автомобиль жасау секторын одан әрі дамыту жаңа өндірістерді құруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен жүзеге асырылады. Аталған салада 377 млрд теңге сомасына 11 инвестициялық жобаны іске асыру атқарылып жатыр, онда 4 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделген.
Бұл жерде іске асырылатын жобалардың ішіндегі ең бастысы — KІА автомобильдерін шығаратын жаңа зауыт салу жобасы. Өздеріңіз білетіндей, былтырдың қараша айының басында құны 90 млрд теңге және өндірістік қуаттылығы жылына 70 мың автомобиль болатын зауыт құрылысы басталды. Нәтижесінде, 1 500 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс. Сондай-ақ, жүк техникасына арналған автокомпоненттерді өндіруге бағытталған 3 жоба іске асырылып отыр. Жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 238,7 млрд теңгені құрайды, онда мыңнан астам жұмыс орнын құру ескерілген.
— Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында қандай жетістіктер бар?
— Өңірде автомобиль жасаумен қатар, ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі белсенді дамып келеді. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» ЖШС, «МТЗ Қазақстан – машина жасау зауыты» ЖШС, «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС, «Дон Мар» ЖШС іспетті зауыттар жұмылдырылған. 2023 жылы барлығы 310 комбайн, 2 571 трактор және 639 дестелегіш шығарылды. Биыл кәсіпорындар 233 комбайн және 3 мыңнан астам трактор, сондай-ақ 440 дестелегіш шығаруды жоспарлап отыр.
Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында трактор құрастыру секторында «Беларусь», «Кировец», «LOVOL» маркалы ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі жолға қойылғанын атап өту қажет.
— Өңірде тұрғын үй құрылысындағы негізгі мәселелерге тоқталсаңыз. Баспана кезегінде тұрғандардың проблемалары шешіліп жатыр ма?
— 2023 жылы облыс аумағында қаржыландырудың барлық көздерін қоса есептегенде, 474,7 мың шаршы метр баспананың пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, 4 118 пәтер тапсырылды. Баспананың басым бөлігі Қостанай, Рудный қалалары, Қостанай ауданына тиесілі.
Биыл облыс бойынша 500 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған. 56 көпқабатты үй салынады. Оның 35-і бюджет қаражатымен салынса, 21 үйге инвестиция тарту көзделген. Осы бағыттағы атқарылатын жұмыс тұрғын үй саласын дамытуға септігін тигізуі тиіс.
— Елімізде жылу беру жүйесі мен инфрақұрылымды жетілдіруге, газбен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Қостанай қаласындағы жылу беру жүйесі тозған. Жақын арада бұл мәселенің шешімі бола ма?
— Облыста жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 743,6 шақырым, оның 47,4% тозған. ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында біздің алдымызға 2029 жылға дейін жылу желілерінің тозу деңгейін 43 пайызға дейін төмендету міндеті қойылған. Биыл ұзындығы 11 км жылу желілерін қайта құру бойынша 6 жоба республикалық бюджеттен қарастырылатын 8,2 млрд теңгеге жаңартылады. Сондай-ақ, 20 км жылу желісін жаңарту бойынша 15 жоба 2024 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде жолданды. Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған жағдайда, қосымша 15 жаңа жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады, осы жобаларды іске асыру жылу желілерінің тозуын 1,1 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
— Ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Қостанай облысында байқалды. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін облыс бойынша жеке бағдарлама қабылдануы мүмкін бе?
— Қостанай облысы бойынша 2023 жылдың аяғында сумен жабдықтау қызметтерімен қамту 80,4 пайыздан 86,7 пайызға дейін өсті. Елді мекендер бойынша 492 ауылдың 347-сі немесе 70,5 пайызы сумен қамтамасыз етілді. Аталған бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 59 жобаны (24 – қалалық, 35 – ауылдық) іске асыруға 18,8 млрд теңге бөлінді. Республикалық бюджетті нақтылауға үстіміздегі жылдың ақпан айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 48 жоба мәлімделді, оның ішінде 31 ауылдық және 17 қалалық, жалпы сомасы 20,6 млрд теңге сұратылды. Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған жағдайда, қосымша 36 жаңа жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша біздің облысымыз үшін қала халқы бойынша — 99%, ал ауыл халқы бойынша 90% сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды. 2025 жылдың соңына дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалалар мен ауылдардың 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажет.
— Облыста орыс тілінде оқытатын мектептерінің саны қазақ мектептерінен екі есе көп. Мемлекеттік тілде білім беретін ұйымдарды, қазақ тілінде оқитын оқушылардың санын көбейту — өңірдегі өзекті мәселенің бірі. Өңірде 2021 жылдан бері мемлекеттік тілде білім беретін ұйымдарды дамыту үшін жол картасы жұмыс істеп жатыр. Бұл жол картасы қазақ тілінде оқитын оқушыларды көбейтуге ықпал етті ме?
— Қостанай облысында жалпы контингенті 111 818 оқушысы бар 445 мемлекеттік мектеп жұмыс істеп жатыр, оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарда оқушылардың 27,3% білім алып отыр.
Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен балалар контингентін ұлғайту мәселесі облыс әкімдігінің күн тәртібінен түскен емес. Мемлекеттік тілде білім алушылар контингентін ұлғайту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілде білім беру ұйымдарының желісін және білім алушылар контингентін ұлғайту жөніндегі жол картасы үшінші жыл іске асырылып жатыр.
Үш жыл ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілде оқытатын 61 топ ашылды. Сонымен қатар аталған картаға сәйкес, 2022-2023 оқу жылында орыс тілінде оқытатын Қостанай қаласының физика-математика лицейі, Қостанай ауданының Майкөл ЖББМ, Жуков НОМ және Рудный қаласының № 12 ЖББМ және № 4 мектеп-лицейі іспетті 5 мектепте қазақ сыныптары ашылды. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы №115 аралас тілде білім беретін мектебі толықтай мемлекеттік тілге көшірілді.
Қазіргі кезде, ата-аналар арасында мемлекеттік тілдің маңыздылығына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мәселені, баршамыз – қоғам, жергілікті атқарушы органдар мен ата-аналармен бірлесе отырып шешеміз деген үміттеміз.
— Облыс орталығын дамытуда қандай жаңа жобалар қамтылған? Биыл әлеуметтік және мәдени нысандар салына ма?
— Облыс орталығында Құрылыс басқармасы оқушы орындарының тапшылығын төмендету мақсатында «Береке» және «Қонай» жаңа шағын аудандарында 1880 орындық орта мектептердің құрылысын аяқтауға жақындады. «Жайлы мектеп» ауқымды ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 2 700 орындық 3 мектепті іске қосу жоспарланған. Жыл аяғына дейін 280 орындық 2 балабақша салынады. Одан бөлек, 2023 жылы «Юбилейный» шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Кешеннің құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2024 жылы аяқталады.
— Қостанай қаласында қоғамдық көлікті жаңарту барысы жайында айтып берсеңіз…
— Облыс орталығының барлық автопарктеріндегі автобустардың жалпы саны — 296. 2023 жылы тасымалдаушылар отандық «Yutong» маркалы 37 жаңа автобусты сатып алды. 2024 жылы «Компания STA» ЖШС тасымалдаушысы 15, «Туристтранссервис» ЖШС 7 қоғамдық көлікпен толықты. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Бірер жылдың көлемінде облыс орталығында толықтай жаңа автобустар жүретініне сенімім зор.
— Біраздан бері өңірдегі жол құрылысы мәселесі өзекті. Соның ішінде қаржаттың тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту керек деген ұсыныстар айтылып жатыр. Биыл бұл салада ілгерілеу бола ма?
— 2024 жылы автожол саласын жөндеуге барлық бағдарламалар бойынша 54,5 млрд теңге бағыттау жоспарланған, бұл 2023 жылғы бюджеттен 25 пайызға артық. Қаражат 108 елді мекенде 820 км жергілікті маңызы бар автожолдарды (83 учаске) және 364 көше учаскесін жөндеуге мүмкіндік береді. Бөлінген қаржыны толықтай игеру және тиімді жұмсау жергілікті биліктің басты назарында.
— Республиканың жұмыс күші артық өңірлерінен азаматтар мен қандастарды облысқа тарту қарастырылған. Жалпы, қоныс аударған адамдар өңірде тұрақтамай, қайта көшіп кетуі проблемасы бар. Қостанай облысында қоныс аударған адамдарға қатысты тиісті жағдай жасалған ба? Олардың баспана мәселесі шешілген бе? Себебі еліміздің батысы мен оңтүстігінен артық жұмыс күшін Қостанай облысына орналастыру тіптен жүргізілмей отыр деген уәж айтылып жатыр. Осы бағдарлама аясында қоныс аударатындарды тұрақтандыру тұрғысында қандай да бір өзгерістер енгізіле ме?
— Былтыр «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңірге 2322 адам көшіп келді. Осы бағыттағы жұмысты күшейту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынады.
Көшіп келушілерге нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрсетіледі. Еңбекке қабілетті жандардың барлығы да жұмыспен қамтылып, кәсіп бастағысы келетіндерге түрлі мемлекеттік грант, несиелер беріліп, кәсіп бастауына мүмкіндік жасау қарастырылған.
— Облыстың туристік тартымдылығын арттыру жұмыстарына жиі сын айтылып жатыр. Жол бойындағы сервис проблемалары өте өткір. Өңірде осы салада іске асырылатын тың қадамдарға тоқталсаңыз…
— Туризм және спорт министрлігі жол бойындағы сервис саласын дамыту мақсатында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын, оның ішінде жол бойындағы сервис объектілері – мотельдер, кемпингтер, тамақтану және сауда пункттері бар ЖҚС салуға жұмсалған шығындардың 10% өтеу шараларын іске қосты.
Біздің облыста жол бойындағы сервис объектілерін салуға жұмсалған шығындардың 10% өтеуге 2 өтінім қабылданды. Шығындарды өтеудің жалпы сомасы 100 млн теңгеден асады.
Аталған обьектілер Әулиекөл және Денисов аудандарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан. Бұл ретте сауда залы, дәмхана, абаттандырылған санитариялық-гигиеналық торап және намазханасы бар заманауи форматтағы жанармай құю станциялары ескерілген.
Бұдан басқа, 7 бизнес субъектісіне туристер үшін тартымды аумақтарда және оларға баратын жолдарда орналасқан санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде шығындар өтеледі.
— Әңгімеңізге рақмет!
Фото: Қостанай облысы әкімдігі