Арқалық өңірлік ауруханасының босандыру бөлімінде жұмыс істейтін неонатолог Шолпан Әбілдина бұл өңірге 1998 жылы, осыдан 25 жыл бұрын жас маман болып келген. Алдымен емханада, кейін аурухананың жансақтау бөлімінде, ал соңғы 8 жылдан бері босандыру бөлімінің неонатологы болып қызмет атқарып келе жатқан Шолпан Әбілдина қазір демалыссыз жұмыс істейді деуге болады. Өйткені, ол бүкіл ауруханадағы жалғыз неонатолог маман. Azattyq Ruhy тілшісі көктем мерекесінің қарсаңында Шолпан Әбілдинаның уақыты бар кезде дәрігерден сұхбат алып, біраз мәселе төңірегінде әңгіме өрбітті.
— Шолпан Қабдрахманқызы, биыл 8 наурыз қарсаңында танымал тұлғалардан, ел білетін батыр қыз-келіншектерден емес, Сіз сияқты күнделікті жұмысы арпалысқа тең, аймақтарда тынымсыз тіршілік етіп жатқан қарапайым еңбек адамдарынан сұхбат алуда жөн көрдік. Сіз Арқалықтағы жалғыз неонатолог екенсіз, яғни, Арқалықта шала туған балаларды жалғыз өзіңіз бағып-қағады екенсіз…
— Ия, шала туған әрбір баланың тағдырын басымнан өткендей сезімде боламын. Бір шала туған бала адам болып, аман-есен анасымен қауышқанша, уайымдап, күні-түні ем-домын беремін. Шала туған баланың әр күні күреспен өтеді.
— Осы ауыр жолдағы қызметіңіз қалай басталып еді?
— Мен 1998 жылы Арқалықтағы емханаға жас маман болып жұмысқа келдім. Бір жылдан кейін, 1999 жылдан бастап перзентханаға неонатолог болып жұмысқа орналастым. Содан, аурухананың реанимация бөлімінде дәрігерлер жетіспеген соң,бір жыл қайта оқып, перзентханада дәрігер-анестезиолог болып жұмыс істедім. Он алты жыл бойы сол жердің жан сақтау бөлімінде қызмет атқардым. Арқалықтағы бұрынғы облыстық аурухана тарап, Арқалық өңірлік ауруханасы болды. Яғни, бұрын перзентхана бөлек, аурухана бөлек еді, кейін екеуі бірігіп, перзентхана Арқалық өңірлік ауруханасының босандыру бөліміне айналды. Міне, соңғы сегіз жылдан бері мен сол Арқалық өңірлік ауруханасының неонатолог қызметкерімін.
— Өңірде шала туатын нәрестелер көп пе?
— Жалпы, өздеріңіз білесіздер, Қостанай өңірі Қазақстан бойынша туу көрсеткіші төмен облыс. Әрине, соңғы жылдары облыс халқы көп көшіп кетті, әйелдердің денсаулығында да проблемалар көбейді. Бұрын жылына шамамен 1000 әйел босанса, қазір орта есеппен жылына 700-800 нәресте туады. Жалпы, баланың өмірге аман-сау келуі ең алдымен анасының денсаулығына байланысты ғой. Экологияға байланысты, соңғы жылдардағы коронавирус пандемиясына байланысты денсаулығы төмендеген әйелдердің саны да көбейді. Көп ананы қазір операция арқылы босандыруға мәжбүрміз. Бұрын екі айда бір бала шала туса, қазір күніне 2-3 бала шала туады.
— Солардың қаншасын аман сақтап қала аласыз?
— Бұл сұраққа былай жауап берейін: біздің ауруханаға Қостанай облысына қарайды, сондықтан, өңірлік аурухана ретінде екінші кезеңдегі ауруханамыз, бізден кейінгі аудандық ауруханалар бірінші кезеңге жатады. Бірінші кезең қарай алмайтын балалар бізге келеді, ал, біздегі медициналық аппараттар жеткіліксіз жағдайда немесе өте ауыр хирургиялық операциялар керек болған кезде, ондай шақалақтарды бірден санитарлық авиациямен Қостанай қаласына жібереміз. Яғни, біздің ауруханада дәрігер мамандар жетіспегендіктен, біз облыс орталығына жүгінеміз. Және бізде салалық мамандар өте тапшы болғандықтан да шала туған кейбір баланы облыс орталығына аттандырамыз. Ауруханамызға бір хирург келіп еді, оның өзі кейін емханаға жұмыс ауыстырып кетті. Сондай жағдайларда баланы аман алып қалу үшін телемедицина ұйымдастырып, телефон арқылы кеңес аламыз, ол жетпесе, баланы шұғыл түрде облыстық ауруханаға апарамыз.
— Сонда, Арқалықтағы жалғыз неонатолог дәрігер қашан демалады?
— Демалыссыз жұмыс істеймін десем, бұл сөзім 200 пайыз шындық. Балаларым әлі оқушы болғандықтан, солардың тамақтарын істеп берейін деп жұмыстан үйге келдім (сұхбат кешкі сағат 19.00-де жазылды – авт). Сол аралықта жұмысқа телефон шалып, бір бала ауыр хәлде жатыр еді, соның жағдайын сұрап алдым. Шала туған балалардың бәрі аппаратта жатады ғой, оларды мен жоқта ересектер бөлімінің дәрігерлері қарап отырады. Бірақ, олар үлкен адамдарды емдейтін дәрігерлер. Ал, неонатолог маманның жұмысында біраз ерекшелік бар. Сондықтан, мен жоқта дәрігерлер бақылау жасап отырғанмен, бүкіл жауапкершілік өз мойнымда. Қандай да бір жағдай болса мен түн ортасы болсын, перзентханаға барамын.
— Зейнет жасына дейін әлі неше жыл еңбек етесіз?
— Қазір 47-демін. Зейнетке қашан шығатынымды бір Құдай біледі (күледі).
— Жалғыз өзіңіз күні-түні жұмыс істеу үшін де біраз күш-қуат керек қой? Оның үстіне, «әрбір шала туған баланың тағдырын бойымнан өткіземін» дейсіз, яғни, моральдық тұрғыда да шаршайсыз деген сөз ғой?
— Өсіп келе жатқан балаларымнан энергия аламын. Соларды жеткізіп, қызықтарын көргім келеді. Жұмыс деп жүріп, кеш тұрмысқа шыққан соң, балаларым әлі мектеп жасында. Жолдасым табиғат қорғаушысы, яғни, инспектор. Киіктерді қорғайды. Дәл қазір өзі іссапарда жүр. Яғни, менің тірегім – отбасым.
— Аурухана болсын, жергілікті әкімдік болсын осындай көл-көсір еңбегіңізді қалай бағалап жатыр?
— Еңбегім елеусіз қалып жатыр деп айта алмаймын. Жергілікті әкім де, облыс әкімі де алғыс хаттарын жіберіп, кез келген мерекеде құттықтайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да еңбегімді елеусіз қалдырған жоқ.
— Шолпан Қабдрахманқызы, Сізді келе жатқан 8-наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көп рақмет, сау болыңыз!