Таяуда Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Торғай аймағына арнайы жұмыс сапарымен барды. Онда аймақ басшысы Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарын аралап, елдің тұрмыс жағдайымен танысты, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Сапар барысында облыс әкімі Арқалықтағы ұлттық жоба бойынша салынғалы жатқан мектептің жұмыс барысымен танысты. 300 орынға шақталған білім ордасының мердігері — «Алюминқұрылыс» ЖШС. Серіктестік директоры Абай Мұқановтың айтуынша, бүгінде бой көтеретін мектептің жері тазартылып, әзірлік шаралары аяқталуға жақын. Бейнебақылау қондырғылары орнатылып, құрылыс жұмыстары басталады. Нысан құрылысын интернет арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар. Құрылысқа тапсырыс беруші – «Samruk Kazyna construction» АҚ. Жоба құны – 2,6 млрд теңге.
«Арқалық гүлденген қала болады»
Құмар Ақсақалов қалада күрделі жөндеуден өтіп жатқан спорт ғимаратының жай-жапсарымен де танысты. Бүгінде ғимараттың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ қаладан спорт мектеп-интернатын ашу да жоспарланған. Бұл мақсатқа жөнделіп жатқан спорт залдың жанында бос тұрған еңселі ғиамаратты жекенің иелігінен сатып алып, іске жаратуға болады.
Осы орайда облыс әкімі Торғай өңірінен талай мықты спорт саңлақтары шыққанын айтып, спорт мектеп-интернатын ашу туралы ұсынысты қолдады.
Мұнан соң аймақ басшысы өзі кезінде білім алған Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектепке атбасын бұрып, түлектердің жақсы мамандық иесі болуына тілектестігін білдірді.
Аймақ басшысы сондай-ақ Арқалық жылу электр орталығына барып, биыл қолға алынып жатқан су және жылу құбырларының жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде орталықтың сумен жабдықтау жүйесіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба құны – 582,9 млн теңге. Жөндеу жұмыстары 2023 жылдың 1 желтоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Құмар Ақсақалов «Torgai invest group» ЖШС-нің құны 159 млн теңге болатын «Конвейер роликтері шаруашылығы» жобасымен танысты. Қазіргі таңда қажетті қондырғылар сатып алынған. Меншік иесі Сәбит Әбдіқадырұлының мәлімдеуінше, жоба таяуда іске қосылып, 30 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Осы орайда облыс әкімі Құмар Ақсақалов «Арқалық — Жезқазған» көтерме жолының құрылысы көп ұзамай қолға алынатынын айтты.
Арқалықтың дамуын жеделдетеміз. Қаланың өркендеуін Президент өзі қадағалап отыр. Қандай да бір халықтың игілігіне жарайтын болашағы бар жобаларды қолдауға әзірміз. «Арқалық – Жезқазған» көтерме жолының құрылысын да көп ұзатпай қолға аламыз. Арқалық жақсы, гүлденген қала болады, – деді әкім.
Бүгінде «Арқалық – Жарқайың» тас жолы жөнделіп жатыр. Облыс әкімі осы жолдың жай-күйіне де назар аударды.
«Даму» қоры ауыл шаруашылығы үшін жылдық 1%-дан 100 млн теңгеге дейін кредиттер береді
Бұдан ары облыс әкімі Құмар Ақсақалов Амангелді ауданының халқымен кездесті. Тасты ауылындағы жүздесуде аудан әкімі Талғат Карбозов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндама жасады.
Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Облыстың оңтүстік өңірлері үшін арнайы бағдарлама құрылып, іске асырылып жатыр. Амангелді ауданына ауызсуға 715,1 млн теңге бөлінді. Бұған дәлел, биыл Қарасу ауылдық округінде ауызсу құбырын тарту жұмысы басталды. Бұл жоба 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдараламасы аясында қолға алынды. Жобаны Амангелді ауданы әкімдігінің Сәулет, құрылыс және қала құрылыс мекемесінің тапсырысымен «Қаз ЕвроСтрой»» ЖШС-нің компаниясы жүргізуде. Жоба құны – 674 млн 593 мың теңге. Бұл қаражат облыстық бюджеттен және ұлттық қордан бөлінді. Су құбырын тарту мерзімі 2023 жылдың 31 тамыз айында аяқталып, мыңға жуық тұрғын ауызсумен қамтылмақ. Жолдарға 745,9 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,4%-ға артық. Ал жарықтандыруға 20,7 млн теңге бөлініп, игерлу үстінде. Бүгінде Тасты, Ақсай ауылдарының кіреберіс жолдары асфальтталып, ауылдардың ішкі жолдары жаңадан төселініп жатыр, — деді аудан әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімдігі мен «Даму» Қоры бастамашылық еткен арнайы бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерде өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы үшін жылдық 1%-дан 100 млн теңгеге дейін кредиттер берілетіні айтылды. Бағдарлама ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған. Амангелді ауданында «Ауыл Аманаты» бағдарламасына қатысуға 100 ден астам өтінім берілген. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлердің көп болуы халықтың өмірін жақсартуға ықпал етеді.
«Жеке кәсіппен айналыссаңыздар, күнкөріс деңгейі көтеріледі»
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жанкелдин ауданына барғанда жол бойындағы Сужарған ауылына ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.
Аудандағы 22 ауылдың 12-сі орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Жоғарыда аталған екі елді мекеннен бөлек, Шилі ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына, Тәуіш су жүйесін қайта құрылымдауға және Торғай ауылында су жинау мұнарасын жаңғыртуға сырттан тартылған қаражатқа смета құжаттамасы әзірленген. Аудан әкімі Шота Оспанов осы жұмыстар жөнінде хабардар етті.
Сужарғанда су жүйесінің құрылысымен «Алюминстрой» ЖШС айналысып жатыр. Мердігер серіктестіктің бас директоры Абай Мұқанов жұмыс келісімшартта берілген мерзімде, қазан айында аяқталатынын айтты. Бұдан кейін аймақ басшысы ауылдық клубта жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы барлық жүйелі жоспарларды жүзеге асыру – атқарушы биліктің міндеті. Сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, ауыл экономикасын көтереміз. Себебі, қазір ауылдағы көші-қон мәселесі тоқтамай тұр. Халықтың азайғаны елдегі мектептің жабылуына әкеліп соғатынын ұмытпағанымыз жөн. Үкімет тарапынан Арқалық қаласына, Аманкелді мен Жанкелдин аудандарына қолдау жоқ емес. Соңғы бір жылда бюджет өсімі күрт жоғарылады. Инфрақұрылым жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Халықтың көп жылғы тілегі – спорт залы. Оның да құрылыс жұмыстары жуырда басталады. Мектеп асханасы салынады. Сіздер мал шаруашылығымен айналысып, жеке кәсіппен айналыссаңыздар, күнкөріс деңгейі көтеріледі. Жұмыссыздар саны азаяды. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек, – деді облыс әкімі.
Фото: primeminister.kz, kostanaytany.kz