Арқалық алысқа қарайды: Қала қалай дамып жатыр?

Биыл Арқалық қаласында бірнеше жұмыс орны құрылып, өңір экономикасы айтарлықтай дамитын болады. Атап айтқанда, өнеркәсіп секторын дамыту үшін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, жалпы құны 350 млрд теңгеге жуық үш инвестициялық жоба іске асырылатын болады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.

Бұл туралы қала әкімі Әмірхан Асанов Қостанай Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында нақты секторды дамытуға басымдық  беріп, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керектігін айтқан болатын. Осы бағытта Арқалықта бірқатар жоба қолға алынып отыр.

Үш ірі жобаның бірі –  Қостанай тау-кен металлургиялық корпорациясы қолға алған «Маятас» кластерлік кен орнын геологиялық зерттеу және тау-кен байыту комбинатының құрылысы 2027 жылға дейін жоспарланған. Жоба құны 315 млрд теңге. Толықтай салынып біткен күнде 1200 жұмыс орны ашылады.

Қала әкімінің айтуынша, Арқалық қаласының бюджеті шамамен 17 млрд теңгені құрайды немесе 2022 жылғы бюджеттен  2,4 есеге өскен ( 9,8 млрд теңгеге өсті,  2022 жылы 7,2 млрд теңге (білім беру және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шығындарын шегергенде – 3,4 млрд теңге).

Бұл ретте қала бюджетінің меншікті кірістері 3 млрд теңгені құрады, нысаналы трансферттер көлемі 14 млрд теңгеге тең (оның ішінде: субвенциялар — 1 млрд 338 млн теңге).

Жыл басынан бері кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен геологиялық барлау жұмыстарына 1,2 млрд теңге инвестиция құйылды. Бүгінде 7 мың геохимиялық сынама алынып, 7 мың метрге жуық ұңғыма бұрғыланды. 126 шаршы метр аумақта магниттік және радиобарлау жұмыстары жүргізілді. Ұңғымалар бойынша зертханалық мәліметтер алынды. Деректерді өңдеу орындалуда. Электр барлау, арықтарды қазу, геохимиялық желіні қалыңдату, оның қорытындысы бойынша бұрғылау жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.

Екіншісі – «KazWindEenergy» ЖШС бастаған қуаты 48 МВт жел электр станциясының құрылысы. Кәсіпорында 20 жұмыс орнын құрылмақ. Жоба құны 24 млрд 300 млн теңге.

Қазіргі таңда биіктігі 110 метр болатын 10 жел электр станциясы орнатылып, 3 әкімшілік ғимарат салынып жатыр. Жобаны осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Үшіншісі – «Конкорд Инвестментс» ЖШС құны 7 млрд 400 млн теңгені құрайтын отқа  төзімді балшықтарды өндіру және сирек кездесетін жер шикізатын өңдеу бағытында жұмыс істейтін жобасын іске асыруды бастады. Мұнда 670 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Бүгінде  компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге лицензиясын алды.

Саздың алғашқы жөнелтілімі осы жылдың желтоқсан айында жүзеге асырылады.

Сонымен қатар компания Tорғай боксит кен басқармасының бұрынғы 29 қызметкерін жұмысқа алды. Сондай-ақ жыл соңына дейін кәсіпорын 100 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ қала әкімінің айтуынша, 17 білім беру ұйымына 34 млн теңгеге биология кабинеттері, STEM зертханасы, музыкалық аспаптар, жиһаз және компьютерлер сатып алынған.

Бұдан бөлек, Арқалық қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде  мемлекеттік тілде оқытатын 300 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігер «Алюминстрой» ЖШС-мен шарт жасалған, жұмыстар 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр, — деді Әмірхан Асанов.

Әкімнің сөзінше, есепті кезеңде денсаулық сақтау саласы бойынша  209 млн теңгеге: өкпені жасанды желдету аппараттары, жан сақтау бөліміне арналған көпфункционалды кереуеттер, жаңа туған нәрестелерді қарқынды емдеуге арналған инкубаторлар және басқа да медициналық жабдықтар сатылып алынды.

Мұнымен қоса, ағымдағы жылдың соңына дейін  259 млн теңгеге басқа да медициналық құрылғылар жеткізу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта перзентхана  ғимаратын күрделі жөндеудің 1-ші кезеңі жүргізілуде. Бұл жұмысқа  1 млрд 149 млн теңгеге мердігер «RAKADA GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шарт жасалған, жұмыстар 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Спортпен және дене шынықтырумен айналысуға көпшілікті тарту мақсатында биыл Западный кентінде 18 млн теңгеге көше тренажерлары мен шағын футбол алаңы орнатылды. Сондай-ақ 46 млн теңгеге спортзалды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл ретте, қаланың шағын аудандарында 35 млн теңгеге жуық қаражатқа 4 спорт алаңы орнатылды: футбол алаңы; волейбол алаңы; 8 көшеде тренажерлер және көпфункционалды хоккей кортының жасанды жабынын жаңарту жұмысы, — деді қала әкімі.

Әмірхан Асановтың вйтуынша, Өңір халқына мәдени-демалыс қызметтерін сапалы көрсету аясында 500 млн теңгеге қалалық Мәдениет сарайының ғимаратын күрделі жөндеудің 1-ші кезеңі іске асырылуда. Есепті күнге бұзу — бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Жобаның жалпы құны 1 млрд 217 млн теңге, жөндеуді 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Мобильді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында 33 млн. теңгеге антеналы-діңгек құрылыстарын салуға 3 жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаларды іске асыру құны 83 млн. теңгені құрайды.

Жоба жүзеге асса тұрғындарының саны шамамен 1 мың 600 адамды құрайтын 7 ауылдық елді — мекен сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Фото: ng.kz

Мынаны да қараңыз

Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін жаңа газ құбыры салынады

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті ...