Кенжебектің күнделігі-4

Кун

14 қазан

Бүгін талантты жазушы Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» атты хикаятын оқып бітірдім. Керемет жазылған шығарма екен. Кезінде танымал жазушы Әбіш Кекілбайұлы осы туынды туралы: «…қайталап айтып беруге келмейтін зұлмат хикая. Оны оқып отырып, ойың он саққа, санаң сан саққа жүгіріп, ойланасың, тебіренесің. Ойлаған сайын ойсырай құлазып, тебіренген сайын теңселе күйзелесің. Нағыз өнердегі «шок терапиясы», — деп жазып, жоғары бағасын берген. Айтса, айтқандай-ақ, бұған, әрине, алып-қосарым жоқ. Ол қайдан болысн әрі… «Парасат майданын» оқыған әр оқушы Әбіш ағамыз сияқты күй кешері хақ.

Жалпы, жазушылардың ішінде маған Төлен Әбдікұлының шығармалары ұнайды. Әсіресе, «Оң қол» атты әңгімесі санамда жатталып қалыпты. Бейжай қалдырмады. Сәтті шыққан әңгіме. Бәлкім, өздеріңіз де оқыған боларсыздар?! Қысқаша мазмұны мынадай: ауруханада жатқан Алма есімді жас қыз адам естімеген сырқатқа шалдығады. Естен танып қала береді. Сол кезде… оң қолы тарпа бассалып, қызды қылқындыра бастайды. Бұл сырқаттың сырына жете алмай әуре-сарсаңға түскен дәрігерлер ақыры қыздың қанын зерттеуге кіріседі. Сөйтсе, қыздың ата-бабаларында оң қолын қанға батырған жан болған екен. «Қаны қуалап атасының жасаған қылмысы енді келіп ұрпағын тұншықтырады екен. Демек, бұл үлкен этикалық философия, яғни қылмыстың ақыры жазасыз болмайтыны жайлы тұжырым, сақтандыру десек болады. Өмірдегі шексіз адами тазалық пен адами зұлымдықтың айқасуы» деп бағалапты баспасөз беттерінде бір жазушы ағамыз. Аты-жөнін ұмытып қалдым.

Міне, әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Әңгіме шағын болса да, кейбір романдар айта алмаған ойды көтеріп тұрған шығарма.

Шіркін, мен де жазушы болсам ғой! Кейін осы күнделігімді пайдаланып, бір сәтті шығарма тудырармын, бәлкім?! Бірақ жазушы болу оңай деймісің. Біріншіден, Алла берген талантың болуы керек, одан арғысы көп оқумен, ізденумен келеді. Сол үшін де жазушы аға-аталарымыздың, әпкелеріміздің жаңа шығармаларын, кітаптарын оқып тұруға тырысамын. Ал ендігі кезек – қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» атты кітабында. Әрине, бұл кітапты бұрынырақта оқығанмын, енді қайталап оқу керек сияқты. Өйткені, әр шығарманы қайта оқыған сайын тереңіне үңіліп, шығарманы басқа қырынан ұға бастағандай боласың…

16 қазан

Бүгін сыныптасым Әсемнің туған күні. Ол сыныптағы бәрімізді үйіне қонаққа шақырды. Сағат 16.00-де. 3 сағаттай уақыт қалды. Әсемге не сыйласам екен деп ойланып отырмын. Әлім болса CD, DVD күйтабағын сыйла деп кеңес береді. Сонымен, Әсемге не сыйласам екен?! Бәлкім, кітап сыйлаған дұрыс шығар?! Міне, енді таптым! Әрине, кітап берсем керемет емес пе?! Әрі оның бірінші аппақ бетіне: «Әсем, туған күнің құтты болсын! Мектепті жақсы бітіріп, қалаған мамандығыңның иесі бол! Досың Кенжебек» деп жазып қойсам, қатып кетпей ме?!

Ал енді қандай кітап сыйлаған дұрыс? Махаббат туралы ма? Жоқ, ол ыңғайсыз болар. Одан да өзімнің сүйікті жазушым Төлен Әбдікұлының «Әке» деп аталатын кітабын сыйлайын. Өткенде кітап дүкенінен көргенім бар-ды. Бағасы 1500 теңге көлемінде. Қымбаттау болса да амалым жоқ. Апамның берген азын-аулақ ақшасына алуға тура келеді.

Сөйтіп, Әсемге кітап сыйлайтын болып шештім. Әйтпесе атыс-шабыс, зорлық-зомбылыққа құрылған DVD дискідегі фильмдерден кітап он есе артық емес пе?

Әсем де қуанып қалатын шығар, бәлкім! Өйткені ол да әдеби шығармаларды оқуды ұнатады. Оны өзі айтқан. Енді уақыт созбай, кітап дүкеніне барайын.

17 қазан

Жалпы, газет-журнал, кітап оқуды әріп танығаннан бері жанымдай жақсы көремін. Баспасөзде жарияланған қызықты мақалаларды басымды алмай оқып шығамын. Жай ғана оқып шықпаймын, көңіліме түйіп, кейбір керекті жерлерін, өзімді бейжай қалдырмаған сөйлемдердің астын сызып, қойын дәптеріме көшіріп алу қашанғы дағдым. Мен мұны неге айтып отырмын?

Бүгін сыныптасым Әсем мектепке бір құшақ «Ұлан» газетін ала келіпті. Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық басылым екен. Бұл газет туралы бұрынырақта естігенім болмаса, бірінші рет көруім.

– Әсем, қолыңдағы қандай газет? – дедім шын білгім келіп.

– Қандай газеті несі? – деді Әсем маған таңырқай қарап. – Бұл бізге арналған «Ұлан» газеті емес пе?

Мен қысылып қалдым. Өйтпегенде ше, «Ұланды» менен басқа балалардың барлығы біледі екен.

– Балалар, шынымды айтайын, «Ұлан» газетін мен оқыған аудандағы мектепте ешкімнен кездестірмедім. Ешкім жазылмайды, – дедім жасырмай.

– Қызық екен! – деді пұшық Саматтың өзі мұрнын тартып қойып. – Сонда сынып жетекшілерің осындай газет барын айтпай ма?

Мен күбіжіктеп қалдым.

Өзара әңгімемізді байқап қалған сынып жетекшіміз Айткүл апай да сөзге араласты.

– Кенжебек, бұл шынында қызық жағдай екен. Облыстарыңда орыстар көп шоғырланғанымен, Амангелді, Жангелдин аудандары нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы жерлер емес пе? Оның есесіне қара сөздің хас шеберлері – көптеген зиялы тұлға, ақын-жазушылар шыққан өлке емес пе? Ал енді «Ұлан» газетін оқушы балалардың білмеуі, енді, тіпті ұят нәрсе. Біле білсең, республикалық «Ұлан» басылымында көптеген танымдық әрі қызықты материал жарияланады. Егер газетке жазылғың келсе, әлі де кеш емес. Бағасы да қымбат емес. Бір жылға жазылу, көп болса, 1000 теңге. Ал бұл ақшаға сендер балмұздақ жеп, компьютер ойнайсыңдар. Ал «Ұланның» берері мол, – деді Айткүл апай.

Мен қызығып кетіп, Әсемнен бірнеше нөмірін сұрап алып, көз жүгірте бастадым. Расында, түрлі-түсті болып шығатын газет қызықты екен. Апайыма «Ұланға» міндетті түрде жазылатынымды айттым. Уәде бердім.

19 қазан

Екі күн демалыста «Ұланның» бірнеше санын қызыға әрі тұшына да құмарта оқып шықтым. Жасөспірімдерді толғандыратын тақырыптар газет журналистерінің назарларынан тыс қалмайды екен. Мәселен, өзімді көптен толғандырып жүрген оқушы дәптерлеріне қатысты мақала мені бейжай қалдырмады. Материал тақырыбы – «Діңкелеткен дәптерлер» деп қойылыпты. Онда қазақ халқына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шетелдік әртістердің, әншілердің суреттері басылған дәптерлердің балаларды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде, білімді болуға шақыруға үлкен тосқауыл екені айтылыпты. Сол сияқты бүгінде «Ой еңбегінің мүгедегі», «Егер сарбаз болғың келсе, деканды балағатта» деген жазуы бар дәптерлердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткенін, «марихуананы қайдан сатып алуға болады?», «Бүгінде бір грамм марихуана қанша тұрады?» деген аударма сөздіктердің кітап дүкендерінде кездесетінін ашына айтады.

Сондай-ақ бір топ оқушының осындай дәптерлері туралы ой-пікірлерін сұрап біліпті. Олар, яғни менің замандастарым мұндай бейәдеп жазылған дәптерлерді ұстамайтындарын, ұстаған жағдайда сыртын ақ парақпен қаптап алатындарын жеткізіпті. Бұған, әрине, ішім жылып қалды. Өйткені, ондайға өзім де қарсы едім. Сондай-ақ «Ұланда» бұдан басқа да проблемалық мақалалар, қызықты да танымдық материалдарға кеңінен орын беріледі екен. Ал өлеңдер мен әңгімелердің үзбей жариялануы, ол өз алдына бөлек әңгіме. Сонымен қатар «Ұланның» осы санында «Құқығыңды қорғай біл!» атты сұхбат та қызықты оқылады. Айтпақшы, еліміздің әр түкпірінде тұратын мектеп оқушылары өздерінің сүйікті басылымдары – «Ұланға» үшбу хат жолдап тұрады екен. Ол газет бетіне жарияланып та жүр. Енді жуық арада мен де «Ұланға» мақала жазып, жолдайтын боламын. Мақалаларың газет бетінде жиі жарық көрсе, онда «Ұлан» редакциясы «жас тілші» деген куәлік тапсырады екен. Әттең, мұны бұрын білгенде ғой… Бірақ «ештен кеш жақсы» дейді ғой. Менің ендігі басты арманым – «Ұлан» газетінің «жас тілшісі» атану…

23 қазан

Атам қазақ «Ұрлық түбі – қорлық» деп бекерден бекер айтпаса керек. Сыныптағы пұшық Самат өткендегі менің қаламымды ұрлағаны сияқты енді Әйгерімнің әдемі сызғышына қол салыпты. Онысы, әрине, кейін әшкере болды. Оқиға былай болған: Геометрия сабағынан Әйгерім сызғышын парта үстіне қалдырып, қоңырау соғылысымен сыныптан шығып кеткен. Сөйтіп, қайтып келіп сөмкесін олай ақтарады, бұлай ақтарады – сызғышы ұшты-күйлі жоқ!

– Балалар, сызғышымды көрмедіңдер ме? – деп сұрады бізден жалынышты үнмен.

– Жоқ, көрген жоқпыз, – деп жатырмыз бәріміз жамырай.

– Осы сендер үйлеріңде ұмыт қалдырған заттарыңды бізден сұрайтындарың-ай! – десін Самат жұлып алғандай. Осы сәтте артқы партада отырған кетік тіс Әсет:

– Біз сыныптан шығып кеткенде Са… – деп сөзін аяқтамай аузын жаба қойды. – Әйгерім, шынында да үйде қалдырған шығарсың. Оны да бізден көресің бе? – деп әңгіме ауанын өзгертіп жіберді.

– Қайдағы үйде қалдырған?! Жаңа ғана геометрия сабағында пайдаландым емес пе? – деді Әйгерім жыларман болып.

Сөйтті де екі көзін Саматқа қадады. Ол төмен қарай берді. Осы сәтте мына бір оқиға ойыма еріксіз оралды:

Ол кезде 5-сыныпта оқитынмын. Бір күні үйге Арман деген досым аптығып жетіп келді. Салған жерден:

– Кенжебек, жүр, тез! Шалабай атайдың үйіне барамыз! – деді ентігіп.

– Не болып қалды? – дедім еш нәрсеге түсінбей.

– Жүр, алма жеуге!

Енді түсінікті болды. Шалабай атайдың бау-бақшасындағы нарттай алмалары көз алдыма елестеп әрі сілекейім шұбырып Арманға қалай еріп кеткенімді білмей қалғаным есімде. Сөйтіп, бақшаға аяқтарымыздың ұшымен басып кіргеніміз сол еді, Арманға:

– Арман, тс-с-с, ана жерде дәу иті жатыр, көріп қалмасын! – деуім мұң екен, иттен қорқатын Арман:

– Қане, қайда?! – деп артқа шегіншектеп, ағаш бұтағына ілулі тұрған бос шелекті басымен соғып қалып, қаңғыр еткізгені. Осы сәтте дәу ит бізді арсылдап қуа жөнелгені бар. Біз алды-артымызға қарамастан қашып келеміз. Ал Арман менен арқан бойы алда ұшып барады.

Дәу ит бізге жете алмасын білді ме, әйтеуір «енді келерсіңдер» дегендей бір-екі рет арс-арс етіп, кейін қайтты.

– Бәріне сен кінәлісің! – дедім ағаш көлеңкесінде демалып отырғанымызда Арманға.

Ол әңгіменің әуенің өзгерткісі келді, білем:

– Кенжебек, өткендегі алмаға сылқия тойғанымыз есіңде ме? – деді маған жымия қарап. Мен самарқау басымды изедім. Бірақ алма жемегенімізге іштей өкініп қоямын.

– Сол алмалардың тәттісін-ай! Дәмі әлі аузымнан кетер емес! – деді ол жұтынып.

Осылай бейқам отырғанымызда ту сыртымыздан «шырақтарым!» деген Шалабай атайдың даусы естілді. «Мәссаған, безгелдек!»

– Шырақтарым, амансыңдар ма? Сендерге не болған, түрлерің өрт сөндіргендей ғой? – деді қаба сақалын сипап қойып. Қапелімде аузымызға сөз түспей қойды.

– Неге үндемейсіңдер? Жаңа ғана осылай қарай жүгірген екі баланы көрмедіңдер ме? – деді бізге сынай қарап.

– Жо-жоқ! Ата, көрген жоқпыз, біз… – дей берген Арманның сөзін іліп әкеттім:

– Жоқ, ата, көрген жоқпыз! Біз жаңа ғана үйден шықтық, – деп өтірікті соғып жібердім. Бұлай алдауға болмайтынын білсем де, басқа амал жоқ еді…

– Ә-ә, көрмеген екенсіңдер ғой?! Әрине, үйден жаңа ғана шықсаңдар… – деді Шалабай атай. – Олар алмамды ұрлап қоятын емес. Алмасын үзіп қана алса мейлі ғой, бұтағымен сындырып алады. Ол алмаларды не істейді деп ойлайды екен. Ұрламай-ақ сұрап алса да болады ғой?! Егер олар ер жігіт болатын болса, кінәларын мойындап, әлде де кешірім сұрар! – деп таяғын тықылдатып кері бұрылды. Оның соңғы сөзі нық әрі зілді шықты. Алайда неге екенін білмеймін, атай ұрлауға барған біз екенімізді сезетіндей көрінді маған.

Көктегі бозторғай да Шалабай атайдың сөзін сәл өзгертіп: «ер жігіт болсаңдар, мойындаңдар!» дегендей дәл төбемізден ойқастай ұшады. Мен шыдап тұра алмадым.

– Ата, ата, тоқтаңызшы, кешіріңізші, біз едік, енді қайталамаймыз! – дегенім әлі есімде. Әрі жылап та жібердім.

– Ә-ә, сендер екен ғой?! – деп атай қулана күлді. – Жарайды, ештеңе етпейді, жыламаңдар, ондай-ондай болмай тұрмайды. Кешірдім, сендерді кешірдім.

Маған еріп жылаған Арман екеуміз өксігімізді баса алмай тұрмыз. Атай бізді жұбатқысы келді ме:

– Шырақтарым, істеген істеріңді мойындарыңмен көтерсеңдер, бұл – ерлікпен пара-пар! Осы естеріңде болсын! Әрі қазақта «өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам» деген мақал бар. Ал енді жүріңдер, мен сендерді алманың түр-түріне тойдырайын, – дегенде біздің барарымызды да, бармасымызды да білмей, мелшиіп тұрып қалғанымыз әлі көз алдымда.

Міне, осы оқиғаны сыныптастарыма айтып бергенімде, бұл Саматқа да әсер етті, білем, оның екі құлағына дейін қызарып:

– Кешір, Әйгерім, енді қайталамаймын! Сызғышты мен алған едім, қызығып кетіп… – деп сызғышын қайтара қойды.

Әйгерім де, басқалары да тырс үндемедік. Түсініп, мойындағанына, үлкен ерлік жасағанына ерекше риза болған едік. Мен айтқан оқиғанын бәріне, әсіресе, Саматқа да әсер еткеніне бір марқайып қалдым…

Жалғасы бар

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *