Әркімге өзінің туған жері ыстық болатыны бесенеден белгілі, және ол ешқандай дау тудырмайтын ақиқат. Сен үшін оның әрбір тасы, сабырмен аққан өзені, сылдырап аққан бұлағы тіпті айдалада өсіп, шашын самал желпіген арудай желмен тербелген жалғыз жидесі, өзендердің бойында ырғатылған талы мен қамысы да ыстық. Олардың үнін тыңдап, өзің туған өлкенің топырағын басып, ауасымен тыныстау жаныңды тербейді. Алыста қалған балалығыңды сағындырады, көз алдыңа қимас сәттеріңді әкеледі. Содан да әркез атыңның басын бұрған сайын тек туған жерден алатын зарядпен қуаттанып қайтасың. Бірақ кейде сол ауылыңнан қап-қап ауыр ой арқалап, ертеңіне алаңдап ораласың. Өйтпегенде ше. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деп дана халық бекер айтпаған. Қостанай облысының құрамында Торғай деп аталатын өлке бар, бұл қазіргі Жанкелдин, Амангелді ауданы және Арқалық қаласының аумағы. Шынтуайттап келгенде бұл аталған екі аудан мен бір қалаға тиесілі атырап бір өңір ғана емес, басын сондау Орал тауларынан, одан әрісі Батыс Сібір жазығынан, Тавда деген өзеннен басталып, оңтүстігі Арал теңізіне дейін жететін, шығысында Сарыарқамен шектесіп, батысы қазіргі Ақтөбе облысының аумағының бір бөлігін қоса алғандағы жанасатын алып өңір – Торғай жері. Дәлірек айтсақ, Қостанай мен Ақтөбе облыстарының, Ресейдің Қорған және Түмен облыстарының аумағы дәл осы Торғай ойпаты, Торғай қолаты деген атпен белгілі. «Бастан құлақ садаға» демекші, әбден кесіп, бөлшектеп, Науырзым мен Жарқайың аудандарын алып қойып, қазіргі күні «барымызға базар» деген жайымыз бар. Енді міне, қалған аумаққа талдау жасап көрейік. Тағдырына жазылғаны- ашылып-жабылуы есіктен де жылдам болған Торғай облысы туралы білмейтіндер жоқ шығар. Негізінде бұл қате шешім еді. Оған бірақ баға беру біздің еншіміз емес. Алайда, қазір Торғай мен Қостанай қатар аталады дегенімізбен «өгей баланың» кебін кешіп жүрген жайымыз бар. Біріншіден, облыс басшылығы әркез «облыстың оңтүстік аудандары» деген сөз тіркесін жиі қолданады, бірақ облыстағы солтүстік ия болмаса батыс, шығыс аудандары деп бөліп айтқанын естімейсіз. Қостанай облысы аумағының 50 пайызын құрайтын аумақ сөйтіп өлместің күнін кешуде. 1989 жылғы санақ бойынша Арқалық қаласында 62 367 халық тұрған болса, Арқалық ауданы мен Жанкелдин және Амангелді аудандарында тиісінше 23 216, 28 765, 27 998 халық тұрған екен, яғни өлке халқының саны 142 337 болды (бұл тізімге кезіндегі Амантоғай ауданы кірген кірмегені белгісіз). Айтқандай өткен ғасырдың басында тек Торғай үйезінде 110 мың халық тұрған екен. Енді, қазіргі күнге арналған санақты қарайық, Арқалық қаласының халқы 25 000, оның жанындағы бұрынғы Арқалық ауданының халқын қосып есептегеннің өзінде 42 438 ғана тұрғын болып отыр, ал Амангелді және Жанкелдин аудандарында қазір тиісінше 17 353 және 13 457 ғана адам қалды. Сонда бар болғаны 73248 халық бар, бұл дегеніңіз өңір халқының екі есе азайып кеткенін көрсетеді.
«Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар» дегендей халық жағдайлары келісіп тұрса күнкөрістің қамымен үлкен қалаларға келіп, пәтер жағалап сансырамас еді. Сорына қарай біркездері талай ән тудырған ару қаланың әкімдігіне қала тамырына қан жүгіртіп, халқы сүйіп «Ақ Берік» атаған әкім келген еді, оның өрістетемін деген жұмысын ерте қиып, Қарағандыға алып кетті. Жанған сәулесі шоқ болып маздап келе жатқан үміттер бықсыған шалаға айналды. Қағажу көру әлі де жалғасып, Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Атырау халықаралық дәлізін салу 2020 жылға дейін шегерілді, ал оның одан кейін тағы да созылмауына кім кепіл? Жолдың шалғайлығы экономиканың өсуіне кедергі болып тұр, бұл ретте, облыс, республика басшылығы жедел шешім қабылдамаса, өңір жағдайы одан сайын мүшкіл бола бермек! Күре жолды аңсап күрсінген халық зарын кім тыңдар?! Теміржол келе ме дегенде ол Алтынсарыға бұрылды, тас жол құрлысы табандап ол жатыр. Жарқайың мен Арқалық арасындағы бөлікті жанкешті жанның өзі жүргенде иманын үйіріп отырады. Ойдым-ойдым тесік, ошарылып ойылған құдықтан өткен жұрт Арқалыққа өлдім дегенде жетеді. Ал Торғай мен Арқалықтың арасындағы тесік жол талай адамды жалмады. Ішінде ертеңінен үміт күткен талай дарынды жас кетті. Көктемей жатып уақытынан бұрын солып, жанар шырақтары ерте сөнді -ау құлындардың. Сондықтан жол өңірдің басты мәселесі болып қала бермек. Бастысы Торғай халқының көңіліне көргені аздай үлкен үрей кірді. «Ресейдің полигоны болады» екен сөз шыққалы көңілдегі күптілік күн өткен сайын ұлғая түсуде. Қазақтың небір ұлы тұлғалары шыққан Абай елін сынақ полигонына айналдырған үкімет өзіміздікі емес еді ғой, ал мынау қай үкімет дейді халық. Шынында ұланғайыр жері бар мемлекетке зымырандарын құлату үшін жер беру қай «ақылдының» ісі екен? Ахаң мен Жахаң елі бұған қашанға дейін шыдар екен? Торғай тек торғайлықтардың жері емес, ол -ұлттың байлығы! Онда тарих бар, қайталанбас табиғат, қасиетті топырақ бар. Ресей Жапония емес, жерге зәруліктен қолдан арал жасап жатқан. Қазақ жерінің бір сүйем жерін лайлатуға болмайды. Ертеңгі күнге қарабет болмайық, ұрпақтан қарғыс емес, алғыс алайық десек қабылданып қойылған шешім болса да өзгеруі тиіс! Болашаққа қарабет емес, жарқын жүзбен жетейік, жер халық байлығы, онымен ойнауға болмайды. Халықтың шымбайына батудан қорқу керек.
Анар ТӨЛЕУХАН,
Амандық ӘМІРХАМЗИН
Фотода Торғай өңіріндегі «Қалмақ қырған» өткелі.
Суретті түсірген — Айдан Апақанов