Амангелді батырдың домбырасы Қостанайдың төрінде тұр

Тамыз айының алғашқы аптасында елорда төрінде Қостанай облысының мәдени күндері өткен-тін. Осы шара барысында облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің қорында сақтаулы тұрған құнды жәдігерлердің ішінен ерек экспонаттарды әкеліп, көрме жасады деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Астана төріндегі сөреге жай­ғасқан сол жәдігерлер арасынан 1916 жылы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аман­гелді Имановтың домбырасын көрдік. Домбыраның қордағы реттік нөмірі – 1619. Ұзындығы шамамен алты қарыс. Шана­ғының көлемі сопақша һәм қап­талы, беті, сыртқы сауыр дүмі бөлек-бөлек шабылып, ас­қан шеберлікпен жымдастыра құрас­­тырылыпты.
Перне тағылған қу мойнының шанақпен құйысқан тұсынан бас­тап қос шектің бітеу тұйығы бекітілген шегесіне дейін дом­быраның сырты сүйекпен көм­керілген. Бір ерекшелігі – сүйек сәндік үшін жапсырылғаны бол­маса, аспаптың саздық дыбыс-үніне ешбір қатысы жоқ сияқты. Ма­мандар солай дейді. Жасаушы шебер домбыраның сүйек көмкерілген қапталын үзбе иір өрнекпен сәндеп, қап­тал жиегін жағалата сүйек түй­мемен шекіте бекіткен. Ал сырт­қы дүмді шанағына жал­пақ сүйекті ұзынша тіліп, әдемі қиюластырып, сауыр-қапталына ілмелі өрнек салған екен. Музей қызметкерлерінің айтуына қа­рағанда, домбыраның сыртынан кигізетін әсем қабы да болған көрінеді.
Бұл жәдігер 1960 жылдардың басына дейін бұрынғы Торғай облысындағы Амангелді Имановтың мемуарлық музейінде сақталып келген. Деректі мар­құм, этнограф-жазушы Сейіт Кен­жеахметовтің естелігінен алып отырмыз. Секең айтатын: «1961 жылдың күзінде Амангелді Имановтың мемуарлық музейінің директоры, атақты ақын Нұрхан Ахметбеков денсаулығына байланысты жұмыстан босап, орнына мен директор болып бардым. Қорда Торғай өңірінің тарихына қатысты дүниелер көп еді. Кешікпей облыс жабылып, музей экспонаттары Қостанайға көшірілетін болды. Ме­кемені жабу үшін Қостанайдан Павливский деген орыс келді. Сөйтіп, Амангелдінің домбырасы бастаған көптеген жәдігер облыс орталығы — Қостанайға жол тартты», — депті. Содан бері батыр атамыздан қалған жалғыз жәдігер Қостанайдың төрінде тұр.
Ерлан АЛТАЙ

www.egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *