Облыс орталығынан шалғай орналасқан Жанкелдин ауданы жылды жақсы жаңалықтармен бастады. Жақында Торғай ауылында көпсалалы колледж ғимаратының құрылысы аяқталады. Осылайша, биылғы 1 қыркүйектен бастап 9-сыныпты бітірген оқушыларға кәсіптік білім алуға мүмкіндік туады. Бұған қоса өңірде заманауи спорттық 3 ойын алаңы пайдалануға берілмек. Аудан орталығындағы 50 орындық интернат та жаңартылып жатыр. Торғайда колледж ашылады «Аудан экономикасын ілгерілету үшін жеке инвесторларды тарту жұмыстары жоғарғы дәрежеде жүріп жатыр. Есепті кезенде негізгі капиталға игерілген инвестиция көлемі 824 млн теңгеге жетті, нақты көлем индексі 108,3 пайызды құрады. Мәселен, Торғай ауылында көпсалалы колледж құрылысының толықтай аяқталуына Спабековтер әулеті қолдау білдірді. Олар 60 млн теңге қаржылай көмек беріп, құрылыс жұмыстарын жандандырды. Мұның сыртында 28 млн теңгеге Аралбай ауылында шағын футбол алаңын ашты», — деді аудан әкімі өз баяндамасында. Жиынға қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов атап өткендей, жаңа нысандар салу арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуге болады. Жанкелдин ауданында 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, 116 жұмыс орны ашылды. Былтырдан бері ауданда 578 адам жұмыспен қамтылып, жұмысқа орналастыру деңгейі 97,8 пайызды құраған.
inform.kz