Алашорданың табаны – Торғай…

Уақытша үкі­мет­­­тің басқару органы «Уч­ре­дительное собрание» («Ко­муч»)  мүшелерімен кездесу­ге­ Алашорда атынан 1918 жыл­дың шілде айында Семейден Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков, Түркістаннан М.Шоқай, Батыс­тан У.Танашев төртеуі Самарада бас қосады. Бұлар «Комичпен» келіссөз жүргізді. Нәтижесінде, 20 қыркүйекте Уфада Уақытша үкімет жанынан Алашорда Ке­ңесі ашылды.

– Әнес Төлендіұлы, сізді көзіқа­рақты қауым алаш тақы­ры­бында айтары бар тұлға деп біле­ді. Сұрайын де­генім –  Алаш­орда ық­палы қазақ дала­­сын толық қам­ти алды ма?

– Қазақстанда Алашорданың ық­палы басым үш аймақ бол­ды.­­ Табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұ­­лыны – Жымпиты. Тор­ғайда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов болды. Семейде Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаб­басов, Райымжан Мәрсеков сынды мықтылар топтасты. Үшіншісі – Ба­тыстағы Жымпитыда Халел және Жанша Досмұхамедовтер бастаған қайрат­керлер бас қосты.

Осылардың бәрі Семейге ба­ғынды. Мәселен, 1918 жыл­дың нау­рыз айында Халел мен­­ Жанша Досмұхамедовтер Алаш­орда үкі­­ме­тінің Семейдегі басшы­сы­ Әли­хан Бөкейхановтың тапсыр­масымен Мәскеуге барып, Халық Ко­мис­сарлары Ке­­ңе­сінің төрағасы Ле­нин­­нің қа­былдауында болып, сонымен қа­тар Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталинге жолыққан.

–  Досмұхамедовтер Мәскеу­ге қан­дай мақсат көздеп барды?­

– Мақсат айқын, халықтар өзін-­өзі дара билеу құқығын та­лап етуі заңды деп түсінген алаш­тықтар әуелі автономия мәселесін шешуді қолға ал­ды. Әуелі өкілдер Ленин мен Ста­линге 1917 жылы желтоқсанда өт­кен ІІ Жалпықазақ сиезінің «Ав­тономия құру туралы» қау­лы­сын табыс етті. И.Сталин қау­лымен танысып, наурыздың 19-ы күні Семейдегі Алашорда бас­шылары Ә.Бөкейханов жә­не Х.Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Мұнда автономия мәселесі талқыланды. Осы­ телефон-сұхбатта айтылған дү­ние­лер қазақ тіліне аударылып, алаштың көз-құлағы саналған «Сарыарқа» газетіне жарияланды.

– «Сарыарқа» газетіне қазақ тіліне аударылып жарияланған мә­тін­­де не айтылған?

– Газетте жарияланған мәтін­ге­ қара­ғанда кеңестік көсемдер 1917­ жы­лы желтоқсанда өт­кен Жалпы­қазақ жиынының қау­лы­сымен терең танысқаны бай­қалады. Бірақ олар алаштықтар тарапынан «Кеңес үкіме­тіне еш­бір қарсылық болмау керек»,­ де­генді алға тарта отырып, тіпті авто­номияға келіскен жағ­дайда:  «Ол тап­тық автоно­мия болсын. Билік басында большевик­тер отырсын. Әуел бас­тан келісіп ала­йық, ұлтшылдар ау­лақ жүр­сін!» деген шарттарын­ ұсы­ныпты.

Мәселе мұнымен бітпейді. Жал­пы, алаш тақырыбына бойлау үшін сол дәуірде алма-кезек құйқылжыған сая­си оқиғаларды да білу керек. Өйт­кені Алаш қай­раткерлерінің арман-аң­сарын Ре­сейде пайда болған саяси-әскери топтар бәрі де өз мүддесі үшін пай­даланғысы келіп, жан-жаққа тарт­қылады…

–  Мысалы…

– Мысалы, алаштықтар боль­­ше­виктермен келісе алмай жат­­қан тұста, Уфада Уақытша үкі­мет орнады. Оның басқару органы «Учредительное соб­рание» дейтін құрылды. Олар: «Қа­зақтарға арнап 81 депутаттық орын бөліп қойдық. Түбінде сен­дер­ге автономия береміз!» деп дәмелендіреді.

–  Алаш қайраткерлері осы тұста Уақытша үкімет жағына ойыс­қан сыңайлы…

– Әрине, Уақытша үкі­мет­­­тің бас­қару органы «Уч­ре­дительное соб­­ра­ние» («Ко­муч»)  мүшелерімен кез­­десу­ге­ Алашорда атынан 1918 жыл­­дың шілде айында Семейден Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермеков, Түр­кістаннан М.Шоқай, Батыс­тан У.Танашев төртеуі Самарада бас қо­сады. Бұлар «Комичпен» к­еліс­сөз жүр­­гізді. Нәтижесінде, 20 қыркүйекте Уфада Уақытша үкімет жанынан Алаш­орда Ке­ңесі ашылды. Осы жиын­­­­ға Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, М.Тынышпаев, М.Шоқай, У.Танашев бас­­­татқан 172 адам қа­тысып, олар «Батыс Алашорда Семейдегі орта­лыққа бағынады, бірақ төтенше жағ­дайда өз бе­тінше әрекет жасауға құқылы» де­ген қаулы қабылдады.

Сонымен қатар, «Комуч» Шығыс Алашорда әскеріне 2 млн сом ақша, 3000 әскерге киім-кешек, қару-жарақ берді. Осы­ның бәрін Ә.Ермеков артып-тартып, Семейге алып кетті. Ал  Батыс Алашордаға  2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек, 2 автомобиль  берді.

(Алаш қаласының ХІХ ғасырдағы көрінісі)

 – Осы қару-жарақтарды пайдаланып алаштықтар әс­кер-милиция, яғни елді қор­ғайтын жасақ құруға талпынды. Солай ма?

– Сөйтті. Жоғарыда айт­қа­ны­мыздай алаштықтар Алаш­ор­да қарулы күштерін құруға кө­мек көр­сету мәселесі бойын­ша Самара­дағы Құрылтай жина­лысының коми­тетімен келіссөз жүргізді. Бұл істің басы-қа­сында Алаш көсемдері Ә.Бөкей­ханов, Ә.Ермековпен бірге патшалық Ре­сейдің әскери  қызметкері Xамит Тоқ­тамышев та жүрді. Бұ­лар Семейде Шығыс Алаш әс­керін жасақтауды қолға алды.

Бірақ менің пайымдауым бойынша, сол кезде алаштықтар аты айтып тұр­ғандай Уақытша үкі­метке сеніп жүріп уақыттан ұты­лып қалды. Екі ортада большевиктер күшейіп кетті. Олар Орынборды жастанып жатқан Колчакты қуып шықты. Келесі қарсы тұрар күш Деникин мен Жайықтағы Толстов отрядын жойып, Түркістанды толық ба­ғындыру мақсатында «4-ші Түр­кістан майданын» ашты. Май­данға барлық қару-жарақты үйіп-төгіп берді. Сөйтіп  Фрунзе бас­қарған алапат күш дүниені басып-жаншып Оңтүстікке қарай жыл­жыды.

Обалы не керек, бұлармен Батыс Алаш әскерлері кәдімгідей соғысты. Оларға Толстов отряды көмектесті. Батыс Алаш әскеріне «Темір, Ойыл, Електен қызылдарды өткізбеңдер!» деген тапсырма жүктелді. Алғашқы соғыс 1919 жылы Жымпитының те­рістігінде — Аққаты өзенінің жаға­сын­да өтті…

– Бірақ Фрунзе басқарған 4-ші­ Түркістан майданы же­ңіске жетті. Алаш­тықтар да, ақтар да жеңілді. Сөйтіп жең­ген жақ жазалау шарасын жүр­­гіз­ді ғой?

– Фрунзе «Алаш әскерін оң­дырмай жазалаймын» деп қатты шүйліккен. Дәл осы сәтте Ахмет Бай­тұрсынов араласып, жа­нын салып «алаштықтарды жаза­ламауға» Фрунзені көндірген. Бәкібаев деген адамды жіберіп, Алаш әскерилерін де сабырға шақырған. Халел Досмұхамедов Елек қаласында Фрунземен жа­сырын кездескен. Сөй­тіп 1919 жылы 10 желтоқсанда Орын­борда алаштықтар мен Фрунзе ке­лісімге келген. Алаш әскерінің атын өзгертіп «Қызыл коммунарлар отряды» деп атаған. Содан кейін Казревком тек Ба­тыс қана емес, бүкіл Алашордаға ке­ші­­рім жариялады. Осының бәрі Ахаң­ның еңбегі.

– Дұрыс айтасыз, Әнес аға! Ба­­тыс Алаш әскерилерінің тағ­­дыры осы­лай шешілді. Ка­питан Тоқ­тамышев бастаған Шы­ғыс Алаш әс­кер­­­­лері жайлы көп жазылды, бұдан ел-жұрт құлағдар. Сөз басында өзі­ңіз айт­қандай, Алаштың та­баны — Тор­­ғай жерін­дегі Алаш әс­керлері жай­­лы қыс­қаша хабардар етсеңіз?

– Алаш әскері тарихында ең бір күрделі оқиға болған жер осы Торғай топырағы. Өйткені бұл өлкеде А.Иманов басқарған 4-ші қызыл әскер полкі болды. Оның үстіне әкеліп Міржақып атаң 4-ші Алаш полкі дегенді құр­ды. Бұдан басқа Қостанай жақта Колчакқа қарсы қызыл пар­тизандарды ұйымдастырып, Мәс­кеу жақтан қару-жарақ алып отыр­ған Таран отряды тұрды.

Торғайдағы қызыл әскерлерге орта­лықтан қару-жарақ жеткізіп беруші адам – Әліби Жангелдин. Әлекең 1918 жылы 20 шілдеде мол қару-жарақпен Мәскеуден теміржол арқылы шығып, 1 тамызда Астраханға келеді. Содан 21 тамыз күні екі желкенді кемемен Каспий арқылы Алек­сандровскіге, одан Құланды ара­лы арқылы Бұзашыға келіп, Жан­дауыр мүйісіне жүктерін түсіреді.

Ойдан-қырдан құралған әс­керлер Маңғыстаудың жерін көріп «қу далада  қаңғырып өлер жайымыз жоқ» деп, бүлік шыға­рып, келген кемелерімен қайтып кетеді. Жағада жалғыз қалған Әлі­би порттың коменданты, уақыт­ша үкімет өкілі, полковник Ос­пан Көбеев­ке келеді. Жөнін ай­тады. Осы­лай да осы­лай, мына қару-жарақты Торғайға жет­­кізуім керек деген.

Оспан далалық адайдың болысы Тобаниязды шақырып алып көмек­тесу қажетін ұқтырған. Тоба­нияздың арқасында Әлекең ел­ден түйе жиып, оған қару-жа­рақ артып Шалқар – Мұғалжар – Ырғыз арқылы Торғайға тарт­қан. Жолай Шалқарда Ахмет Бай­тұрсыновпен құ­пия кездесіп, Ахаң­ды Ұлттар істері жө­ніндегі Ха­лық Комиссариаты Қазақ бөліміне қызмет жасауға көндір­ген. Ахаң осы қызметін пайдаланып, Фрунзенің тілін табу арқылы жоғарыда Батыс алаштықтарды құтқарып қалған жоқ па…

Қысқасы, Торғай өңірінде кеңестік билік орнаған тұста Міржақып басқар­ған 4-ші Алаш полкі кіммен соғысарын білмей тағы да далада қалып қояды. Олар осылай қиналып тұрғанда Мәс­кеуден алып-ұшып Ахаң жеткен. Мір­жақыппен сөйлесіп, 4-ші Алаш полкын, «4-ші Қызыл әскер полкы» деп атын өзгертіп, Аманкелдінің сарбаздарына қосып кеткен… Алаш әскерлерінің қысқаша тарихы осылай, қарағым!

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

egemen.kz

Мынаны да қараңыз

«Біз үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз»: Екатерина Смолякова, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат

Respublica партиясы өкілдерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атырау тұрғындарымен өткен кездесу барысында ҚР Парламенті ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *