Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫНЫҢ қалжыңдары

Бір орыс елінің қатыны…

Cейіт Кенжеахметұлы Қазақстан егемендік алған алғашқы жылдары «Қазақ тілі» қоғамының Торғай облысындағы филиалы төрағасы қызметін атқарды. Сол жылдары қоғамның үлкен жиналысы болып, жиналыста сөз алған Сейіт:

– Біздің Торғай облысында Надежда Крупская атында совхоз бар, Н.Крупская атында мектеп бар, Н.Крупская атында көше бар, Н.Крупская атында дружина бар, Н.Крупская атындағы отрядтар бар. Бір жігіт ағасына ренжігенде «Бұндай ағаның інісі болғанша, жеңгемнің сіңлісі болғаным дұрыс еді» депті. Сол жігіт айтқандай, біздің Қобыланды, Алпамыс, Кейкі батырларымыз, Міржақып, Ахмет аталарымыз «Бұндай қазақ деген елдің батырлары болғанымызша, бір орыс елінің «қатыны» болғанымыз артық екен» деп жүрген жоқ па екен? – деген екен.

Арқалық Украинаның жері ме?

2000 жылдары Сейіт Арқалық қаласы әкімдігінің жиналысына қатысып отырыпты. Мінберге қалалық оқу бөлімінің бастығы А.Кривенко шығып сөз сөйлепті. Одан кейін қалалық жылу бөлімінің бастығы Н.Богоченко сөйлепті, оның соңынан қалалық үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы В.Кухарчук шығып сөйлепті, мұнан кейің қалалық құрылыс-архитектура бөлімінен Степанчук сөйлепті… Бұның бәрін көріп-біліп отырған Сейіт қасында отырған музейдің директоры Жұмағали Өмірбековке қарап:

– Мынаны көрген бөтен адам: «Бұл Арқалық өзі Украинаның жері екен» деп ойлап қалатын шығар, ә, – деген екен.

Қайынағамен қалжың

Сейіт Кенжеахметұлына ақша қажет болып қалады. Институттың бас есепшісі Тоқтарбайға барғандар құр қол қайтып жатады. Оны білген Сейіт кіріп барып өлеңдете жөнеледі:

– Ертеден ер туғызған қайран бабам,

Тоқтарбай соның бірі жайраңдаған.

Долларды салып алып қалтасына

Астана, Алматыда сайрандаған.

Бұрынғы еркектердің жолымен

Қызарып, қызды көрсе тайраңдаған.

Атақты Құлжан атам ұрпағының

Жомарттық істеріне қайран қалам.

Келгенде құрбы-құрдас ақша сұрап,

Па, шіркін, бір секөнт те ойланбаған, – дегенде, Тоқтарбай:

– Қане, қанша керек еді? – деген екен.

Жасұлан СЕЙІТҰЛЫ, Астана қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

«ӘУЛИЕ» ІЗДЕП ӘУРЕ ДЕСЕДІ…

Сыбайластықты сылып тастау департаменті Ұсақ жемқорларды іріктеу басқармасының Қолма-қол ақшамен пара берушілерден түсінік алу бөлімінің ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *