Мемлекет халыққа үнемі қолдау көрсетіп отырады — вице-премьер

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған бір топ Үкімет мүшесі Қостанай облысының Федоров ауылына барды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордалық меймандар Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы аясында өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Алдымен олар Таза Шаңдақ ауылында жақында ашылған фельдшерлік-акушерлік пункттің қызметімен танысып, дәрігерлермен жүздесті. Айта кету керек, ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт) салу жобасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылған. Ғимарат құрылысына «Тұрар» ЖШС директоры 63 миллион теңге жұмсады. Жалпы, бұл серіктестік өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады.

Бердібек Сапарбаев кәсіпкердің жұмысын жоғары бағалап, сәттілік тіледі. Сондай-ақ халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатын жақсарту мәселесі ерекше назарда екенін атап өтті. Оның сөзінше, әлеуметтік салада ауқымды жұмыс атқарылуда.

«Үкіметтің жұмыс тобы облыс тұрғындарына Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы айту үшін келді. Негізі жаңа бастамалар ешқашан оңай жүзеге аспайды, бірақ біз ешнәрседен қорықпай, алға ұмтылуымыз керек, өйткені кез келген қиындықтарды еңсеруге болады. Оның үстіне, мемлекет те үнемі қамқорлық танытып, өз халқына қолдау көрсетіп отырады» деді Б. Сапарбаев.

Аудандық мәдениет үйінде үкіметтік жұмыс тобы аудан тұрғындарымен кездесті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ауыл тұрғындарына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін көп балалы және аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдерін түсіндірді.

«Ең бастысы, мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе, балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасудың немесе шағын бизнеспен айналысудың тетіктерін қарастырды. Мемлекеттік көмекке көп балалы отбасыларды қолдау, аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді» деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілді әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген мөлшері аясында көрсетіледі.

«АӘК табысы аз отбасыларға төленеді. Көмек мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы ЕТКД-нің 70%-ы арасындағы айырмашылықты құрайды. Біз тоқсан сайын АӘК тағайындау мен төлемдерді тексереміз. Учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтеміз. Егер отбасы талаптарға сай келмесе, оларға АӘК тағайындаудан бас тартылуы мүмкін» деп толықтырды Б. Нұрымбетов.

Бердібек Сапарбаев халықты дәрі-дәрмекпен қамту, медициналық оңалту қызметтері жетіле түсетінін айтты. Сондай-ақ 2025 жылға дейін барлық елді мекендерде ең кемінде медициналық бекет немесе емхана болуы тиіс. Мұнан бөлек апатты жағдайдағы барлық медициналық мекемелер жөнделеді әрі олардың материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға сәйкестендіріледі. Сапар қорытындысы бойынша Б.Сапарбаев облыс басшылығына тұрғындардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *