1907 жыл. Шілде айы. Ахмет Байтұрсынов Семей түрмесінен босатылғаннан кейін қала базарының маңынан бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатқан. Оған себеп— жандармерияның «қаладан шықпайсыз» деген нұсқауы еді.
Түс әлеті болып қалған кез, Ахмет терезе алдындағы столда Крыловтың «Басни» атты кітабының біраз мысалдарын аударған. Қолжазбасын автордың мысалдарымен салыстырып, кей жерін өшіріп, қайта жазып, кейбір мысалдарға өз жанынан қосып, Крылов мысалдарына жаңаша мағына берген, қазақ санасына «жақын» болсын» дегені.
Уақыт сәскеден ауып бара жатқан кез, сырттан біреу есік қаққандай болды. Ахаң барып есікті ашса, алдында жымиып Міржақып тұр. Ахаң інісін көргеніне ерекше қуанып, құшақтап, амандасып, «Кір үйге, төрге шық» деп қолын алмай, құшақтаған күйі Міржақыпты үйге кіргізді.
Міржақып Зайсан жақтағы мектепте мұғалім еді. Түрмеден Ахаңның шыққанын естіп, әдейі амандасуға келіпті. Ахаңның да інісін көрмегелі бір жылдай уақыт өткен.
Міржақып төрдегі орындыққа асықпай отырып, амандық-саулық сұрады. Ахаң:
— Әкем мен Ақтас ағамның айдаудан келгенін білесің ғой. 1902 жылы Сібірден оралып келе жатқанда осы Семейде оларды алдынан күтіп алып, елге қарай шығарып салдым. Содан бері əке-шешемді көруге мүмкіндік болмай жүр. Анда-санда елден хат келеді. Тағы түрмеге қамалғанымды естіп, қапаланып жүрген шығар. Әсіресе, шешем күйзеледі мен үшін. Сол жағы жаныма батады.
— Мен де елдегі жай-жапсардан хабардармын. Ақтан ағамыз бен Байтан ағамыз ояз бастығын ұрып, ерлік жасады ғой. Отаршыларға бұл да сабақ. Ал Қызбелдегі Асқар ағам сирек те болса хат жазып тұрады.
— Иә, солайы солай ау! — деп Ахаң күрсіне бергенде , сырттан есікті ақырын тықылдатып, іле үйге бір орыс қызы кіріп келді. Міржақыптың жаңа келген қонаққа таңғалғанын көріп, қызды іле таныстырды:
— Валентина деген жерлесім. Бұрын Әулиекөлде мектепте мұғалім болып жүргеннен таныспыз. Әуликөлде менің нағашым тұрады ғой. Солардан менің түрмеге түсіп қалғанымды естіп, Семейге келіп, маған күнара тамақ әкеп тұрды. Мына інімнің есімі Міржақып, Қызбелді естуің бар ма?. Сол жерден. Ақын. —деді. Міржақып орнынан тұрып, басын изеп:
— Танысқаныма қуаныштымын! — деген. Сонда Валентина қазақша сөйлеп:
— Қызбелді білгенде қандай! Әулиекөлге жақын жер. Сіз енді қайным боласыз, қазақ дәстүрінде қайнысын тура атымен атамайды деп естігенмін, Сізді Мир Якуб деп атасам бола ма? — деді. Міржақып оған қуанып:
— Әрине, өзім лайықты псевдоним таба алмай жүр едім, дұрыс болды. — Ахмет Міржақыптың Валентинаның сөзіне таңданғанын түсінді. Сосын өзінің қазіргі жағдайын түсіндірді:
— Жаңа айттым ғой, түрмеде жатқанымда тамақ әкеп беріп, кірімді жуып тұрғанын. Қазіргі жалғыз қамқоршым — осы. Сол себепті үйленейін деп шештім. Таяуда мешітте некемізді қиямыз. Есімін де «Бәдрисафа» деп өзгертетін болдық, — деп Ахаң Валентинаға қарады. Ол:
— Иә, солай келістік, — деп басын изеді.
Сосын Валентина: «Кешіріңіздер, мен шай әзірлейін» деп ас үйге беттеді. Міржақып Ахаңа қарап:
— Аға, құптаймын! Құтты болсын! — деген. Ахаң:
— Құпта, құптама, Семейде осы Валя мен сенeн басқа маған жанашыр адам жоқ!
Міржақып Ахаңнан жандармерияның түрмеге неге қамаған себебін сұрады. Ахаң түрмеде отырған кезін бажайлап айтып берді:
— 1905 жылы жазылған Петицияның жай-жапсарын жақсы білесің ғой. Соны бұлар әлі тексеріп жатыр екен. Мені отырған кезде бір аптада бір-ақ рет тергеуге шақырып отырды. Маған:
«Губернаторға жазылған петицияны кім ұйымдастырды?», «Петицияға қол жинаған кім?», «Сіз ұйымдастырушылардың ішінде болдыңыз ба?» деген сұрақтар қойды. Мен «қол жинауға да», «ұйымдастыруға да» қатыспағанымды айттым.
Сол үшін екі ай қамауда ұстады. Жоғары білімді заңгер Жақып Ақбаев та менімен бірге ұсталған, бұлардың нақты дәлелі жоқ, оны да шығаратын шығар, — деді Ахаң.
Міржақып ойында жүрген кейбір елдік мәселелерді талқылағысы келіп, қазіргі оқығандар мен қазақ жағдайын сұрады.
— Отаршылдықтағы қазақ жағдайын өзің де жақсы білесің. Біраз үлкенді-кішілі мәселелердің басы жаңағы айтқан Петицияда келтірілген ғой. Сол мәселелерді көтеріп отырғандар — қазақ оқығандары. Қазақтың көзі ашық азаматтары күн сайын көбейіп келе жатыр. Ең бастысы, сол азаматтардың арасында қазақтың келешегін ойлайтындардың барлығында. Ресейдің бірінші және екінші Думасына қазақтан Тынышпаев, Қаратаев, Бірімжанов, Бөкейханов, Құлманов, Қалменов сияқты алғыр да ойлы азаматтардың депутат болып өтуіне елдің болашағын ойлаған азаматтар сеп болды. Өкініштісі, үшінші Думаға қазақ елінен депутаттарды билік өткізбей тастады. Бірақ бір нәрсе анық , ол — қазақ оқығандарының Ресей отаршылдығымен күресу үшін ынтымақтасуға бет алған тәрізді. Мысалы, 1905 жылғы петиция патша билігін әлі абыржытып жатыр. Ол петицияның қазаққа үлкен пайдасы болды — орыс-қазақ мектептерінде оқитын балаларды христиан дініне тарту тоқтап, миссионерлерге шектеу қойылды. Қарашекпенділерге жаппай қазақтың шұрайлы жерін үлестіру баяулады. Бұл — қазақ зиялыларының ұйымшылдығынан болған қайырлы іс. Ресей жандармериясының қазақ ұлтжандыларымен қазіргі жанталаса күресуі соның айғағы іспетті. Бізде бүгінгі күні партиялар құрылмай жатыр. Біздің отаршылдарға қарсы күрестегі әлсіздігіміз сонда. Айтпақшы, ана бір жылы батыс аймаққа барып, Әлихан ағамыздың партия құру туралы жиналысына қатыстым деп өзің айтқаның есімде. Сол партия құру мәселесі не болды? — деп Ахаң Міржақыптан сұраған. Міржақып:
— Иә, Ойылда өткен ол жиналысқа Әлихан ағамыз шақырған соң, қатысып едім. Ол жақта төрелердің ұрпақтары көп екен. Солардың көбі Ә.Бөкейханов ағамыздың «Конституциялық монархиялық партия құрайық» деген ұсынысына қарсы болды. Жиынға Қаратаев, Құлманов, Досмұхамедовтар қатысты. Әлекеңнің атаған партиясының басшылары Ресейдегі мықтылар екен. Жиынға қатысқандардың ішінде тоғыз адам ғана сол партияға мүше болды. Мен де «монархия» деген сөзден шошып, Әлекеңнің ұсынысын қабыл алмадым.
— Иә, қызық екен! Конституциялық монархияның осы күнгі монархиядан айырмашылығы шамалы. «Конституциялық монархия» деген сөз — «Заңға бағынатын монархия» деген ұғымды білдіреді. Конституция жазылғанмен, оған патша бағына ма, бағынбай ма, ол жағы күңгірт болып қала береді. Ал монархия мен демократияның арасы жер мен көктей, — деген сонда Ахаң.
Сол арада Валентина (Бәдрисафа) шай әкелді. Әңгіме сосын саясаттан шығармашылыққа көшті. Ахаң кітап полкасын көрсетіп:
— Ана тұрған Крылов мысалдарының біздің өмірімізге лайықты біразын аударып бітірдім. Айтпақшы, «өлеңдерімді жинақтаймын» деп едің, сол не болды ?
Міржақыптың көңілі өсіп, көзі күлімдеп:
— Аха! Алла аузыңызға салған шығар! Бір кітапшадай өлеңдерімді жинап, әзірлеп қойдым, жаңа өлеңдерім бола қалса, оларды да қосармын. Бірақ қай жерде, қалай бастырамыз? — деді. Ахаң:
— Оны да ойластырып жүргенмін. Орынборда, Қазанда кітап басатын типография бар деп естігенмін. Орынбарда болғанда көрдім де. Тек кітап шығаратын қаржы мәселесін ойласайық. Оны екеулесек, бір жылда жинап қалуымыз мүмкін…
Ахмет пен Міржақып осы идеяға тоқайласып, Міржақып Зайсанға жолға шығып, Ахмет ойында жүрген «Маса» атты екінші кітапқа өзінің өлең-жырларын топтастыруға кіріскен. Айтпақшы, Ахаң сол жолы Міржақыпты жолға шығарып тұрып:
— Маңайыңа абай болғайсың. Адамдармен де байқап сөйлес, байқап сөйле. Отырған кезде байқадым және заңгер азамат Ақбаевтан естідім — жандармерия «Петицияға қатысы бар-ау» деген оқығандардың бәрінің артына тыңшы салып қойыпты. Байқап жүр! — деген.
«Қырық мысал», «Оян, қазақ!» және А. Байтұрсынұлының екінші қамалуы
Семей қаласы (Семей қаласы ол кезде уез орталығы ретінде Батыс Сібір губерниясына қарайтын). 1908 жыл, қыркүйек айының ортасы. Күн ашық болғанмен, күздің ызғарын сездіргендей салқын жел есіп тұр, сарғая бастаған ағаш жапырақтары жерге түсіп жатыр.
А.Байтұрсынов Семей қалалық семинариясының атқарушы директоры қызметіне орналасқан. Жұбайы Бәдрисафа екеуі Ертіс өзеніне жақын, орыс көпесінің ауласындағы екі бөлмелі үйді жалға алып, тұрып жатқан. Ахаң мен Бәдрисафаның мешітке барып, неке қидырғанына да бірер ай өткен. Ахаңның сүйіп алған жары мұсылмандықты қабылдап, Бәдрисафа Мұхамедсалдыққызы тегін алған.
Ахаң семинариядан бесін кезінде шығып, мінген арбашы тарантасынан Ертістің жағасынан түсіп қалған. Өзеннің күзгі көрінісі керемет, Ахаң соны тамашаламақ болып, жағалаудағы томардың үстіне отырды. Күз болғанына қарамай, өзеннің ағысы тоқтамаған, екпінді, алабы кең. Шағалалар шаңқ -шаңқ етіп өзен үстінде ұшып жүр. Сәл алыста қоңыр үйректердің тобы қарауытады. Әр жерде қармақпен балық аулап отырғандар да бар екен.
Ахаң осы суреттерге көз салып, туып-өскен Сартүбектің ар жағындағы Жыланшық өзенін есіне алды, жар қабақты, тасты, тал-тоғайлы ерекше өзен еді Ахаң көрген кезде.
Жастық шағы Торғай өзені жанында өтті, сонда бір рахаттанып, суға сүңгіп, шомылмапты. Торғай өзені Ертістей үлкен болмағанымен, көктем кезінде жарқырап, жайылып кететінін еске алды. Өз өмірінің соңғы жылдары Қарқаралы, Семейде өтіп жатыр. Қазақтың оқыған біраз адамдарымен танысты. Уездің бай, пысық саудагерлерін де көріп жүр. Соның ішінде қазақтың келешегін ойлайтын адамдарды да көрді, танысты. 1905 жылы губернаторға, Ішкі істер министріне жазылған Петицияға қатысты өзі де айыпталып, екі ай қамауда болғанын ұмытар ма! Содан кейін Ахаң әуелі қазақ қоғамының, жұртының сауатын ашып, санасын жаңартып барып отаршылдықпен күресуге болатынын ұқты. Сол бағытта біраз қадам да жасаған Ахаң. Орыс әдебиетінен И.Крыловтың мысалдары орыс қоғамының ой-санасын жаңғыртуға үлкен әсері болғанын жақсы білетін. А.Байтұрсынов сол Крыловтың мысалдарын аударып та қойған, соны кітап етіп шығару мәселесі шешілмей жатқан. Соны естіген Ә,Бөкейханов Думаға депутаттыққа үміткер кезінде «Орыс география қоғамындағы» біраз оқығандар, жергілікті чиновниктер жиналған кезде «Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» атты атақты Крыловтан аударған мысалдарын баспадан шығару мүмкін болмай жатыр» деп мәселе көтергенін Ахаң Ертістің жағасында отырып есіне алып, жылы жымиып, күлді. Соның да ықпалы болған шығар, Ахаң Петербордан » Қырық мысалды» шығаратын баспа тауып, жазбаларын сонда жіберген. Ақылдасып, Міржақып Дулатовтың кітабын Уфадан шығаратын баспа табылып, ақшасы төленіп, оның да қолжазабасы сонда жіберілген.
Ахаң өзен жағасында біраз ой жаңғыртып, үйге беттеген. Кіре беріс есікті ашқанда Бәдрисафа ерекше қуанышты өңмен қарсы алған. Бәдрисафа Ахаңның бетінен сүйіп (Ахаң да сондай ілтипатпен Бәдрисафаның бетінен сүйді), костюмын, қалпағын шешіп, іліп, Ахаң отырғаннан кейін:
— Сүйінші бересіз, екі поселке, бір хат келді, — деді.
— Әрине, қалаған сүйіншіңді аласың, Бәден! Ол не хат?
Бәдрисафа екі шағын поселке мен бір хатты Ахаңның қолына ұстатты. Хат Батыс Сібір губерниясының Ішкі істер департаментінен келген екен. Онда:
«Сіздің 1907 жылы Ішкі істер министрлігіне жіберген өтінішіңізге орай, қырғыз тілінде газет шығаруға рұқсат берілді. Шығарылатын газеттің не мақсат көздейтінін, онда жарияланатын материалдардың Заң аясында болуын және жергілікті цензурадан өтіп тұратынына кепілдік берілуі тиісті…» деп жазылған екен газет шығаруға рұқсат берілген хатта.
Ахаң Бәдрисафа берген екі поcылканың бірін ашып жатыр. Ішінен мұқабасы жоқ кітап шықты. Алғашқы бетін ашып еді, Міржақыптың » Оян, қазақ!» кітабының «сигнальный» данасы екен, уфалық баспагер «кітаптың қатесі болса, жөндеп, редакциялауын өтінген екен. Ахаң оған қуанып, Бәдрисафаға:
«Мен пошта арқылы хат жазайын оған «тез жет» деп, сен базардан Зайсан жаққа баратындардан хабар жіберші, уақыт тығыз» деген. Сосын Ахаң екінші посылканы ашып көріп еді, Петербордан шығатын өзінің кітабының алғашқы нұсқасы екен, Олар автордан «қарап шығуын «өтініпті. Ахаң бұған ерекше қуанып, Бәдрисафаны шақырып, баспадан алғаш шығайын деп жатқан кітабын
көрсетті:
— Бәден! Қарашы, менің алғашқы кітабым Петербордан басылайын деп жатыр!
Бәдрисафа Ахаңның жанына келіп, бетінен сүйіп:
— Құтты болсын, жаным! Мерейің әрдайым өсе берсін!
— Рахмет, Бәден! Мына кітапты бүгін қарап, редакциялап шығамын! Тыңдашы, ашар бетіндегі аударған мысалымды оқып берейін!
Бәдрисафа Ахаңның жанына жақындай түсіп, құшағын ала отырды. Ахаң алғашқы беташар мысалын оқуды бастаған:
«Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.
Бұлардың машақаты аз болмады,
Жұмысы орнына кеп мәз болмады,
Тартса да бар күштерін аямай-ақ,
Асылы, жүк орнынан қозғалмады…»
Ахаң мысалды оқып болып, «Қалай екен» дегендей Бәдрисафаға қарады. Бәдрисафа Ахаңның өлең оқыған мәнеріне таңғалып, мысалдың мағынасы терең екенін айтты. Ахаң оған риза болып:
— Бұл орыстың атақты ақыны Крыловтың мысалы ғой. Қырықтан астам мысалын елге үлгі болсын деп аударғанмын. Енді сол Петербордан шығайын деп жатыр. Қуанышыма ортақ болғаның үшін рахмет, Бәдрисафа!
— О не дегенің, сүйікті Ақыным менің! Сенің қуанышың — менің қуанышым», Сенің бақытың — менің бақытым!
Ахаң Бәдрисафаның жүректен шыққан сөзіне риза болып, оның екі бетінен шөпілдетіп сүйді.
— Көп ұзамай мүмкін тағы да қуанармыз. Тағы бір кітапты баспаға әзірлеп жатырмын.
— Керемет, мен қолдаушыңмын, көмекшіңмін!
— Айтпақшы, баспадан сигнальный кітабынын келгенін пошта арқылы Міржақыпқа хабар беру керек еді.
— Мен поштаға барып келемін, — деген Бәдрисафа.
Бір аптадан кейін Міржақып Дулатов та Семейге пошта арбакешімен жеткен.
Ахаң да, Бәдрисафа да Міржақыпты үлкен ықыласпен қарсы алды. Ахаң оның кітабының алғашқы нұсқасын көрсетті. Міржақыптың қуанышы кітабы үшін ерекше, қанаты болса, аспанға ұшып кетердей болды.
— Аха, жеңеше! Кітабымның сүйіншісі болсын, Сіздерге «Қызбел тау, Қоңыраулым» атты әнім бар еді, соны орындап берейін деп, Міржақып қабырғада ілулі тұрған домбыраны алып, қоңыр шертпеге салғанда туған жері Торғайды, туғандарын есіне алып, Ахаңның жүрегі де дір ете қалды.
«Қызбелім ерекше еді басқа таудан,
Мейірі қанар ішкеннің бал бұлақтан.
Қоңыраулы жалғасады Жаркөлменен,
Сарықопа майысып, көктоғаймен…» деп Міржақып саз салғанда, тыңдаушы екеудің көздерінен жас та, мұң да төгілді. Ахаң мен Бәдрисафа Мәржақыпты шай дастарханына шақырды. Бәдрисафа ақ дастарханды неше түрлі тағам түрлерімен толтырған. Міржақып оған таңғалып:
— Бұ дастархан ненің құрметіне? — деп сұраса, жеңгесі:
— Ахаң мен Сіздің құрметіңізге! Кітаптарыңыз баспадан шыққалы жатыр! — деген. Міржақып ырзалығын білдіріп:
— Рахмет, жеңше! — деп жатыр. Шай үстінде Бәдрисафа Міржақыпқа қарап:
— Мир Якуб қайным! Сіз қызмет істейтін жақтан ылғи қуанышты хабар күтіп жүретін едік, әлде шығыстың қыздары ұнамай жүр ме? — деп әзіл тастады қайнысына қарап. Міржақып ойланып барып:
— Сұлу қыздар шығыс өңірінде көп сияқты. Мектептен тыс жергілікті кісілер тойға, қонаққа шақырған кездері көп болды. Бірақ мен — мұғаліммін, ұстазбын, содан мен де әуелден қыз-келіншектерге көз салу деген, сөз айту деген ғадет болмады. Содан әлі бойдақпын, — деп күлді Міржақып.
Әңгіме аңысын байқап отырған Ахаң Міржақып інісінің сөзін құптады:
—Мұғалім солай, адал, адамгершілігі мол тұлға болуы шарт. Олай болмаса, абыройлы ұстаз болу қиын. Мен де жеңгеңе дейін бір қызға сөз салып көрген жан емеспін, — деген.
Бәдрисафа Ахаңа қарап, «рас» дегендей басын изеп қойды.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ