Біздің мектепті тәмамдауымыз 1990 жылға, яғни КСРО-ның ыдырау кезеңіне сай келді. Арманым тарихшы, яғни саяси-әлеуметтік пәндер оқытушысы және этнология саласы маманы болу еді. Ойласа келе, туған жеріме бір табан жақын Қарағандыға жол тарттым. Ол кезде Қазақстанда екі университет қана болатын, бірі КазГУ, яғни, Ә.Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ал, екіншісі, КарГУ, яғни, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті.
Біз сияқты ауылдан келген балаларға өте қиын болды, өйткені ресми алғашқы қазақ бөліміне түскенімізбен пәндеріміздің біразын орысша оқитын едік, кітаптарымыз боса болмаса тағы орыс тілінде. Дәрістеріміздің жартысын орысша тыңдадық.
Дегенмен, дәл сол 80 жылдардың соңында Е.Букетов атындағы университетте алғашқы қазақ бөлімдері ашылды, үш топтың біреуі қазақ тобы еді. Оның өзі оңай болмағанға ұқсайды, сіресіп қалған жүйе оңай сетінейді ме?
Сондай кезде алғашқы қазақ тобын ашудың қажеттілігін, маңыздығын түсіндірген, қажет кезінде тайталасып, талап ете білген ұстаздарымыздың бірі – Аманжол Күзембайұлы еді. Енді, қарап отырсам оның мәнісі кезінде өзі де біз сияқты ауылда, дәлірек айтсам Қостанай облысының Меңдіғара ауданындағы Ұзынағаш ауылында туып, кейін Қостанайдағы жалғыз қазақ мектебі – Ы.Алтынсарин атындағы мектепте оқып, көп қиыншылық көрумен байланысты екен ғой. Сондықтан, бұл жайт оған бала күнінен таныс болатұғын.
Ұстазымыздың бір ғажабы лекция кезінде қағазына бір қарамайды-ау. Аманжол Күзембайұлын Қарағанды, Алматы, Қызылжар аймағы ғана емес, Қостанай өңірі де жақсы біледі. Ол осындағы жоғары білім саласына ат салып, өз қолтаңбасын қалдырып келеді. Ұлттық рух, туған жер тарихы, ана тілі мәселесіне келгенде ешқашан аянып қалған емес. Әсіресе, туған өлкеміздің аты ұмытыла бастаған жер-су атауларын қалпына келтіруде ізденісі мол. «Қазақстан тарихы» пәні оқулығын жазып қана қоймай, аталған пәннің барлық жоғары оқу орындары мен мектептерде енгізілуіне ат салысты.
Ал, қазақтың «Аттан тай озады, атадан бала озады» деген мақалы бекер айтылмаған-ау, олай дейтін себебім бізден үш курс жоғары оқыған Еркін Әбілдің ерігі ерекше еді. Университет қабырғасынан белсенді болатын, біз сияқты інісіне және жерлесіне ақыл-кеңесін де айтып отыратын. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Аманжол Күзембайұлы ағамыздың ұлы Еркін Аманжолұлы Әбіл біз оқыған тарих факультетін 1992 жылы қызыл дипломға тәмамдады. 1992-2009 жылдар аралығында Қарағандыда оқытушылық қызмет атқарып, кейін өзінің туған жері – Қостанай қаласына көшіп келіп, осындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, кейін Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметтерін атқарды. Тобыл-Торғай өңірінің мәселелерін бір адамдай біледі.
Міне, сондықтан да Еркін Әбіл туған жері – Қостанай облысының проблемаларын егер, сайлауда жеңген жағдайда жоғары мінберден – Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінен көтермекші.
Жалпы, Тобыл-Торғай өңірінен түсіп жатқан жерлестерімнің барлығының бағдарламаларын зер салып қарап отырамын, зерттеймін. Әрине, таңдау әркімнің өз еркі.
Сонымен, Еркін Әбілдің сайлау алды бағдарламасын қарап, өзіме ұнаған жерлерін осында жазып қоюды жөн көрдім:
— жол, ауыз су және газ, ауыл шаруашылығы мәселелерін шешу;
— жас ғылымдарды қаржыландыру проблемаларын шешу;
— білім сапасы мен оның қолжетімділігіне, педагогтардың мәртебесінің артуына ат салысу;
— шағын және орта бизнесті дамыту жайы;
— алпауыт компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі;
— мемлекеттің мұқтаж жандарға қамқорлығы;
— әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ұйымдарында тегін тамақпен қамтамасыз ету;
— жастарды колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқыту;
— Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының магистратурасында, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде магистратура мен докторантурасында жаңа мамандықтарының ашылуына мұрындық болу;
— студенттердің шәкіртақыларын 2025 жылға қарай екі есе ұлғайту;
— Тобыл-Торғай аймағында А. Марғұлан атындағы Археология институтының филиалын ашу;
— қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысын қайта форматтау;
— еңбек жағдайларына байланысты әділ зейнеткерлік жасты белгілеу;
— жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейту;
— барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту;
— және, соңғысы маған айырықша ұнап тұрғаны Тобыл-Торғай өңірінде туризмді дамыту, оған жәрдемдесу, ал Ерекеңе – Еркін Аманжолұы Әбіл ағамызға сәттілік тілеймін!
Материал авторы – Амандық Әмірхамзин