Алғашқы саны «Ойнайық та күлейік» деп баяғы бастығымыздың ойланбай қоя салған атауымен оқырман қолына тиген газетіміз әкімді мақтай алмағандықтан өз-өзін ақтай алмай, жабылуға шақ қалып еді. Құдай иіп, «Бақас-Ө» ЖШС-нің қарамағына өтіп, таралымымыз кеңейіп, қуарған бетімізге қан жүгірді.
Жаңа басшымыз талапшыл, әкім десе жаны қас, әділдік үшін әкесін әшкерелеуге өкінбейтін адам болып кездесті. Алғашқы «редсоветте» төрт көзіміз түгел отырғанда айтқаны: «Көлеңкеден басқаны көруге рұхсат жоқ!», «кіл сын болсын, оқыған адам оқыра тигендей шыр-пыр болсын!» деген ұран тасталды ортаға. Бұл ретте тендерден тиын тимей тентіреп, Үкіметтің лотына қолы жетпей мат болып, басшы біткенге қаны қарайған «Ойнайық та күлейіктің» кәнігі ұжымына үлкен сенім артылды.
Бастапқы күннен бастап редакцияда біраз ауыс-түйіс орнады. Талтақтап қалған жалқаулар мен жалтақтап қалған қорқақтар ортамыздан аластатылды. Көптеген айдардың аты ауысты. Атап айтқанда, «Ауылым алтын бесігім» – «Арып ашқан Атамекен», «Боямасыз өмір» – «Қан жылаған тағдыр», «Жасампаз дәуір» – «Құлдыраған қоғам», «Тіршілік» – «Іріп-шіріп», «Хат жаздым қалам алып» айдары «Қайғыдан жүрмін қан құсып» болып өзгерді.
Менің еншіме «Пара – көзге шыққан жара», «Сорақы», «Жемқор көрсең жерге тық», «Сыбайластықты сылып тастайық» деген беттерді апта аралатып шығарып тұру бұйырды. Оның сыртында «Әлем-жәлем», «Бытпылдық», «Сен кімсің?!» айдарларына күш салуымды өтінді. Рахат! Тақырып іздеп, табаныңнан сабылмайсың. Шырт түкіріп тастап, қалаған мекеменің төменгі қызметкерінің телефонын тере ғой. Бипаздап отырып «Бүйректен сирақ» басылымынан екеніңді айтасың. «Бақас-Ө» ЖШС директорының атын айтып қойсаң, тіпті керемет. «Бақас-Ө» деген сөзді естігенде, байғұстар балконнан секіріп кетуге шақ қалады. Қақалып-шашалып, не айтып, не қойғанын өзі білмейтіндері де кездеседі. Бұл пақырларды «псих» қылудың психологиясын бір кісідей біліп алғам. Оларға бастықтың «фатиқасын» алмай, артық мәлімет беруге рұқсат жоқ. Ал мен соны біле тұра қадалып сұраймын. Күмілжіп кешірім сұрай берген әлгінің атын жазып аламын да, айқара бетке «ұра саламын». Бітті!
Кейде «асыранды» басылымдарға «жиендік» жасауға тура келеді. Ондайда бәрін соңынан кері «тәржім»лайсың». Мысалы, шалғай ауылда мектеп жөнделген екен. Әлгі газеттің соңында оған қанша қаржы жұмсалғаны туралы мәлімет тұрады. Соны аласың да айғайлатып тақырып қоясың: «Желге ұшқан бәлен теңге!» – деп. Тамаша!
Ал мұндай тақырыптар ішіңді пыстыра бастаса, «тарихи» «темалар» бар. Көсіле шабуға кең мүмкіндік беретін де осы «тарих». Өзіңе ұнамаған бастықтың жүзін, руын біліп ал да – сол ұлыстың «ұлыларына» баттитып батпақ жаға сал. «Голубой екен» деп гәпіресің бе, «маньяк екен» деп «мыңқылдайсың ба» немесе ойланбастан «ойнастан тудыр», ерік өзіңде! «Местныйларды» менсінбесең, әлемнің әйдіктері тағы бар. «Ойнап» қойған әртістер мен «тойлап» қойған таланттылар жайлы мақалаларға сұраныс мол.
Жалпы, жағдай жаман емес! Тиражға бас қатыруды ұмытқанбыз. Он мың данамен тегін үлестіріледі. Жалақы жағы ренжітпейді. Оның сыртында «әділет жоқшысы» деген атағымыз шығып жатыр.
Егер өз жалақыңызға көңіліңіз толмаса, ептеп сөйлем құрайтын қабілетіңіз болса, бізге келіңіз. Алты күнде алты алашқа атағыңызды шығарып, жеті күнде жемқорлар түсінде көрсе шошып оянатын «имидж» қалыптастыруға уәде береміз! Өйткені, менің де бағымды ашқан осы – «Бақас-Ө» ЖШС.
Құрметпен, «Бүйректен сирақ» ұлттық-қоғамдық, саяси-экономикалық, әлеуметтік-ғылыми, әдеби-мәдени, тарихи-көпшілік апталығының білдей бір бөлім меңгерушісі Абылай МАУДАНОВ
Юрий Кособукиннің карикатурасы
Осы Мауданов деген пәле-ақ қажымайды екен, құрғыр. Енді бүйректен сирақ шығаруға көшкен бе, қайда барсаң да соның жазғаны жүреді екен, туге. Араласпайтын жері жоқ, өткенде кинода жүр еді, анге сөз жазыпты дейд, өлең жазады, соншалықты керемет пе немене. мына жазғанына мен түк күлген жоқпын шынымды айтайын
Е, Мауданып. Мауданып…
иә, мен Маудановпын, ешқандай Мауданып емеспін. Егер, жазғандарымнан кемшілік тауып, қателігім боп жатса, оны айтыңыз. Болмаса, өзіңнің де менің шығармашылығымда шаруаң болмасын.
Абылайдай боп алыңдар…