Қазіргі күні ішкі туризм туралы айтатын болсақ сыртқы туризм туралы бір-екі ауыз сөз айтуға да тура келеді. Өздеріңіз білетіндей көк қағаздың қымбаттауынан сыртқа шығатын туристер саны күрт азайып, шетелге барушылар бірден 60-80 пайызға дейін төмендеп кетті. Бұрындары шамамен 10 млн.жуық Қазақстан азаматы шетелдерде демалатын (бірақ бұл жерде статистикалық деректердің әртүрлі екенін ескерген жөн, мысалы, еңбек мигранттары да бұл санға қосылып тұр).
Әрине бұл сыртқа шығатын туристер үшін жақсы жағдай емес, сәйкесінше бұрын Қытайда, Түркияда (сыртта демалушылардың көпшілігі Түркияда дем алған екен), Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қырғызстанда немесе тағы басқа елде жұмсайтын қаражатына еліміздің өз ішінен демалатын, саяхат жасайтын орындар іздей бастады. Егер, әрбір шетелге шығушы турист кем дегенде 1100 доллар қаражатты жұмсайтын болса, сонда қанша қыруар қаражат сыртқа кетіп жатыр. Әрине адамдар шетелге бармасын деген әңгіме жоқ, бірақ дағдарыс ішкі туризмді дамытуға жол ашып беруі мүмкін, қазірдің өзінде республикамыздың көптеген өңірлерінің тұрғындары жазғы демалыс орындарын іздеуге кірісіп кетті, өкінішке орай ішкі туризмге сұраныс болғанымен қанағаттандыру мәселесі жағынан сұрақ бар. Мысалы, туристерді тіркеу, орналастыру, барлық жағдайды жасау, қызмет көрсету сияқты. Әрине, қызмет сапасы күннен күнге жақсарып келе жатқаны қуантады, алайда оған тіптен даңдайсуға болмайды.
Осы ретте, бір-екі цифрларға тоқталсақ, егер 2015 жылы Америка Құрама Шттатарының тұрғындары туризм үшін 137,1 млрд. АҚШ долларын жұмсаса, Қазақстан тұрғындары 1,34 млрд. АҚШ долларын жұмсаған. Айтқандай былтырғы жылы Қазақстанға сырттан 4,5 млн. турист келген екен. Яғни, келушілердің санынан шығушылардың саны екі есе басым болып тұр. Енді мынадай цифрларға тоқталайық, егер Люксембург тұрғыны туристік сапары үшін 5,1 мың АҚШ долларын шығындайтын болса, Қазақстан тұрғыны 272,3 АҚШ долларын жұсайды екен. Ал, жалпы туризм саласындағы қаржының көлемі 7 трлн. АҚШ долларын құрайтын болса, ол Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 9,5 % құрайды және сәйкесінше жалпы Әлемдік экспорттың 5,4 % құрап отыр. Бұл үрдіс үдемесе, кемуі тиіс емес.
Енді тақырыбымызға қарай ауыссақ, Қазақстанның әр облысында туризмге қолайлы жерлер көп, біріншіден әкімдіктер мен туризм басқармалары жергілікті туристік компаниялармен бірлесе отырып, олардың танымалдығын арттыру қажет. Сонымен бірге, ол жерлерге туристердің баруы, демалуы үшін мүмкіндікті қарастыру керек. Бұл ретте, мемлекет пен бизнестің әріптестігінің орны ерекше болмақ.
Мысалы, Ақмола облысын алсақ, Бурабай мен Қорғалжын, Қарағанды облысын алсақ Қарқаралы мен Балқаш сияқты әр облыстың туризмді дамытуға ыңғайлы жерлері өздері-ақ сұранып тұр. Ең басты проблема, тағы қайталап айтқым келетіні – ол инфрақұрымы мәселесі. Бірақ жағдай жасалатын болса, туристер көптеп келе бастайтынын Бурабай дәлелдеп отыр. Қазіргі күні Қазақстан тұрғындарынан басқа Ресейдің көршілес өңірлерінің туристері Бурабайға көптеп келуде.
Ішкі туризмді дамыту үшін, біріншіден туризм саласына ерекше ден қойылуы керек, осы ретте, мен мына бір жайды айта кетейін, мәселен, көпшілігіміз демалатын Түркия туризмінің жолға қойылғанына көп бола қойған жоқ. Түркия ол үшін не істеді, туризм нысандарын неміс кәсіпкерлерін шақырып, алыңдар, дамытыңдар, бірақ он жылдан кейін қайтарып бересіңдер деп талап қойды, әрине, пайдасын қалт жібермейтін немістер түрік халқына біраз нәрсені үйретті, пайдаларын да тапты, ең бастысы масылдық психологиядан арылды. Бұрындары түріктер біз батыр халықпыз, біз сауда жасамаймыз, біз қызмет көрсетпейміз деген қағидатпен өмір сүрген болатын. Міне, осындай психологиялық сәттерді жеңе отырып, Түркия қазір туристерді қабылдау саны бойынша дүние жүзінде алғашқы ондыққа да кіріп үлгерді. Сондықтан туризмді – табыс көзі ретінде қарастыру қажет. Бюджеттің де бүйрегі толығады.
Екіншіден, қазір байқасаңыз Қазақстанда Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі қолға алынып, көп аймақтардың үстіп басып өтуде және жол сапасы да жақсы, міне осы жолдар бойынша көптеп кемпингтер, демалыс орындарын салу қажет. Міне, бизнес, әсіресе шағын бизнес өзінің қызығушылығын білдіруі керек, ал жергілікті билік олар үшін коммуникация, жер телімдері, инфрақұрылым мәселелерін шешіп беру қажет.
Тағы бір мәселе – ол демалыс орындарының қымбат болуы, әрине түсінікті де, өйткені аталған орындар жаз мезгілінде қызмет көрсетеді де, осы айларда барынша табыс табуға тырысады, яғни бұдан шығатын қорытынды жылдың басқа да мезгілдерінде туристерді тарту керек, бұл жерде әңгіме тек ішкі туристер туралы болмауы керек, сырттан да туристерді тарту керек. Мысалы, өмірінде қарды көрмеген миллиондаған адамдар бар ғой, тіпті Қазақстанның климаттық қайшылығының өзі неге тұрады. Есіңізде болса, көктемде Қарағанды облысының Осакаровка ауданында қалың қардың салдарынан поездар жүрмей қалып жатса, Оңтүстік Қазақстан облысында ағаштар бүршік жарып жатыр еді.
Келесі мәселе, ол ақпараттың жетіспеушілігі, ол үшін бірнеше тілде ақпараттық сайттардың, интернет сервистердің санын көбейту қажет, әсіресе әлеуметтік желілердің бұл жерде рөлі күшті, мықты гид-саяхатшыларды, әсіресе қазақ тіліндегі гид-саяхатшыларды даярлау қажет.
Егер, халыққа қызықты болатын болса, жаңадан турпакеттер мен тур бағыттар ұйымдастыру қажет.
ЭКСПО-2017 қатысты туризм мәселелеріне туралы бір-екі сөз айта кетсем.
Біріншіден, ЭКСПО-2017-ге туристер келуі үшін оларды қызықтыра білуіміз қажет. Өйткені турист – ол кірпияз жан. Бұл мәселемен ұлттық компания айналысқаннан кейін олардың шаруаларына қол сұққандай боламын, бірақ туристерді көбірек тартуға мүдделі болғандықтан өз тарапымнан бір-екі ауыз сөз айта кетсем. Естеріңізде болса, Голливуд жұлдызы Леонардо Ди Каприо Монғолияда 10 күн табиғат аясында демалғаны үшін 95 000 АҚШ долларын төлеген болатын. Бұдан шығатын қорытынды Қазақстанға қарағанда Монғолия жерінің алыстығы, инфрақұрлымның жоқтығына қарамастан туристерді тарта білді, олар не керек – бірінші бүркітпен аң салу, балық аулау, тұмса табиғат аясында табиғи өнімдерді тұтына отырып, тынығу.
Ал көршілес Қырғызстанды алатын болсақ, Ыстықкөлге миллиондаған Қазақстан туристерін тарта отырып, енді этнотуризм саласын қолға алды. Жыл сайын көшпелі халықтардың жарыстарын ұйымдастырып, қосымша туристерді тартып жатыр. Оны айтасыз, Еуропадағы аядай Мажарстанның өзі Тұран халықтарының құрылтайын өткізу арқылы мыңдаған туристерді әкеліп отыр. Яғни, ең бастысы туристерді қазықтыра білу керек, АҚШ пен Батыс Еуропаның туристіне Сіздің қазіргі заманғы қалаңыз көк тиынға керегі жоқ, оларға керегі – жаңадан, бұрын болмаған дүниелер, бұл ретте этнотуризмнің болашағы зор және өзі-ақ сұранып тұр. Егер де қалған шамалы уақытта Қазақстан осындай мәселелерді шешетін болса жүздеген мың – бәлкім бір жарым – екі жарым миллионға дейін турист келуі мүмкін, әрине оның көпшілігі ішкі туристер болуы керек. Ал, жалпы инфрақұрылым жағынан Астанаға әлі де біраз шаруа атқару қажет, егер де ЭКСПО-2017 жақсы өтетін, туристердің қажеттіліктерін қанағаттандыратын болса, Астана Орталық Азиядағы туристерді көп қабылдаушы қала ретінде ғана емес, Еуразия жүрегі ретінде Батыс пен Шығыстан да, Солтүстік пен Оңтүстіктен де туристерді тартатын жерге айналады.
Соңғы 3-4 жылда туризмге қатты ден қоюдың арқасында туризм саласын, әріресе ішкі туризм туралы көп іздендім.
Осындай мәліметтерді зерделей отырып, көптеген статистикалық деректерді игергеннен кейін, ең бастысы туризм саласының маманы болмасам да, туризмді жақсы көруімнің арқасында – туризм саласын дамытуға өз үлесімді қосуым қажет деп шештім.
Ол үшін туризм мамандығы бойынша білім алған, кәсіби маман – Жәнібек деген ініммен өз бизнесімді одан әрі дамыта отырып, ішкі туризмді өз тарапымыздан, қолдан келгенше дамытуға іске кірістік.
Қазіргі уақытты, Астана қаласы мен Бурабайға экскурсия және демалыс турларын ұйымдастырамыз.
Ал, ос ішкі туризмді дамытудағы басты көзіріміз – ол «Тылсым Торғайға саяхат» атты жаңа жобаны, яғни турпакетті ойлап табуымыз.
Саяхатымыз мамыр айының 6-11 аралығына жоспарланған.
Ал, нәтижесі туралы кейінірек толық айтып бере аламыз деп ойлаймын.
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Фотолар интернеттен алынды