ӘКЕ

ПАПАМ

Бүгін торғайлық ұстаз-ақын, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Торғайдың гимні» атанған «Туған жер – Торғайым» туындысының авторы – әкем Ғалымбек Әбілқайырдың туғанына 74 жыл… Осыдан төрт жыл бұрын дүние салғанда егіліп отырып жазған осы бір жазбамды тағы бір мәрте ұсынып отырмын.

Автор 

…Біз үшін асқар тау болған асыл әкеміз өмірі өлмейтіндей көрініп еді-ау… Әкем Ғалымбек Әбілқайыр өз ортасына сыйлы, қадірменді ұстаз еді… Өзекті өртер өкініштісі, өткен шақпен жазып отырғанымда бұл жазбамды. Әке туралы естелік жазамын деген ой он ұйықтасам да түсіме кірмеген еді ғой. Дегенмен, «жазылар естеліктер ол туралы»… Төл нағашым Төлен Әбдікұлы сынды Әкеге арнап повесть жазса да артықтық етпес. Бірақ оны уақыт көрсетер…

Ақын еді әкем. Өзгелерді қайдам, мен үшін әкем нағыз ақын еді. Нағыз ақынға тән мінезі бар еді. «Жазушы» баспасынан шыққан «Көңілімнің шуағы» атты жыр жинағы дәтке қуат болып отыр бүгінде. Сағыныш самалы ескенде кітабын парақтап, өлеңдерінен тұшынамыз. Адалдықты, әділдікті қашанда ту етіп өмірден өткен оның әр жырында өмір жолы сайрап жатқандай көрінеді… Кіндік кескен жеріне арнаған бір ғана «Туған жер – Торғайым» әнін еңбектеген баладан бастап шабыттана шырқайды. Бүгінде Торғайда қандай да бір концерттік шаралар өткізілсе, «Торғайдың гимні» атанған әннің шырқалмай қалған кезі болған жоқ. Жастар жағы ұялы телефондарына жазып алып, тыңдап жүр.

«Ата-анаңның қадірін балалы болғанда білерсің» деген рас сөз-ау, сірә. Әкемнің қадірін өзім әке атанған соң түсінгендеймін бе, қалай?.. Соңғы рет немересі құлдыраңдап жетіп барғанда, «атаң ауырып қалды ғой. Ақылды болып өс» деп басынан сипап еді-ау… Содан бір аптаға жуық уақыт өткенде кереуеті бос қалды… Табалдырықтан аттаған бойда бірден атасы жататын бөлмеге қарай жүгіретін немересі Сұлтанның да көңілі жабыраңқы. Сәби жүрек бір нәрсені сезетіндей… Бөлмесіне ауық-ауық кіріп-шығады. Атасын іздеп шарқ ұрады. Әкем теледидар көріп жатқанда пультін алып қашатын әдеті бар еді…

Ақыры сұм ажал алып тынды. Ұзаққа созылған ауруы дегеніне жетті… Бейсенбі күні таңғы сағат жетіде жетпістің желкесіне шыққан әкемізден айырылып қалдық… Қандай өкінішті!

Әкем өзге балаларының ішінен маған өзгеше қарайтындай көрінетін. Жазуға ебім бар екенін мектеп қабырғасында жүргенімнен-ақ айқын аңғарып еді. Бағыт-бағдар көрсетіп отыратын. Алғашқы мақаламды жазуыма да түрткі болған еді. Арқалық қаласына алғаш көшіп келген жылы «Қалада екі газет бар екен, бірақ екеуі де аралас тілде. Неге біреуін қазақша шығармайды екен? Осы тақырыпты жазшы» деген еді. Қолыма қалам алдым. Шимайымды оқып, түзетулер енгізген соң, облыстық газеттің поштасына жөнелттім. «Қазақша төл газет керек-ақ». Осылай деп тақырып қойылған мақалам облыстық «Қостанай таңының» бірінші бетіне жарқ ете қалғанда, төбем көкке екі елі жетпей қалған еді.

Кейін білдім, ол мақала қалалық әкімдікте талқыланғанға ұқсайды. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Бірде Торғайдағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте 11-сынып оқып жүргенімде «Мойындау» деген балаларға арналған бір шағын әңгіме жазғанмын. Шимайымды әкеме көрсеттім. Байыппен мұқият оқып шыққан соң, төргі бөлмеге барып, сөреде сықия тұрған көп кітапты ақтара бастады. Аң-таңмын. Сірә, өзім жаздым дегенге күдікпен қарайтын тәрізді. «Бұл әңгімені бұрын бір жерден оқыған сияқтымын, – дейді. – Ұят болмасын. Біреуден көшіріп алған жоқсың ба?». Мен азар да безер боламын. «Ендеше, облыстық «Қостанай таңы» газетіне жолдап көр» деді. Сөйттім. Ақ параққа маржандай әріптермен жазып, хат арқылы редакция поштасына жөнелттім. Бүгінгідей «көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алдыратын» интернет жоқ. Мен мектеп бітіретін жылы ғана білім ордасына орнатып жатқан-ды. Хош. Бірнеше күн өтті, редакция тарапынан қуанышты хабар болмады. Күдерімді үзе бастағанмын. Жо, жоқ, марқұм болған журналист нағашым Мылтықбай Ысмағұл бірде қоңыраулатты. «Газетке әңгіме беріпсің ғой. Жаңа редакциядағы жігіттермен сөйлескенде айтты, 2-3 күнде жарыққа шығады екен» деді.

Рас екен. Облыстық газетте жарияланды тырнақалды әңгімем. Кейін балаларға арналған бірнеше әңгімем осы газеттің әдебиет бөлімінің меңгерушісі, белгілі сатирик-жазушы Дамир аға Әбіштің (ол кезде есімі Дәмер еді) сәт-сапар тілеуімен оқырмандарға жол тартқан еді. Егер қаламын ұштай берсе, болашақта талантты жазушы болатындығында дау жоқ депті және. Қалай қуанбассың? Қалай шаттанбассың? Бұл маған шалқар шабыт сыйлады. Әлгі әңгімем «Балдырған» журналында да жарық көрді кейін.

Әкеден шықты-ау әңгіме. Газет-журналдарға мақалаларым, әңгімелерім жарияланып жатса, әкем «менің атымды шығарып жүрсің» деп ырза болатын.

Ауырып үйде жатқанда бар ермегі теледидар көру мен басылымдарды оқу еді. Көбіне мен сан түрлі газет-журналдар әкеліп беретінмін. Ол балаша қуанатын еді. Қайтсін, іші пыса ма үйде… Өзім қызмет істеген «Нұр Астана» республикалық жастар апталығы, бүгінде «отымен кіріп, күлі болып шығып» жүрген «Сақшы» газетін де қолына тапсыратын едім. Ол әр бетін асықпай парақтап, менің аты-жөнімді іздейтін. Нені қалай жазып жүр екен дей ме.

Папа Толен

Жоғарыда әкемнің қақ-соқпен жұмысы болмай, әділдік үшін шырылдап, тек ұстаздық жолмен ғана қарапайым ғұмыр кешкенін тілге тиек еттім. Билікке де қызыққан жоқ. Байлыққа да. Өзі «уысымда – жан рухым, байлығым. Дос тұтқанға құшағым кең, жайлымын» деп жырлағанындай өмір сүрді. Әділетсіздікке жаны қас болды. Мұны танымал жазушы Төлен Әбдікұлы да айтады. Әкемнің нағашысы туған. Түйдей құрдасы. «Ғалымбек ешқандай да қақ-соқпен жұмысы болмай адал өмір сүрді. Өзінше бір әлеммен ғұмыр кешті. Байлыққа да, билікке де еш қызықпады. Алланың берген күніне шүкіршілік айтып, қоңыр тіршілік етті. Әділдікті жаны сүйетін еді. Ешкімге қылдай қиянаты жоқ жан еді» деді марқұмның намазына жиылған жұртшылыққа қарата. Көзіне жас алды.

Рас, қайтыс болған адамның атына жаман сөз айтпайды. Бірақ Төлен ағамыздың айтқанында ақиқат бар. Біз де көзімізге еріксіз жас алдық… Анам байғұс болса да аңырап қалды.

Әкем аттай 40 жыл ұстаз болып еңбек етті, бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлді. Бүгінде шәкірттерінің бірқатары ұстаздарының жолын таңдап, мұғалім мамандығын жалғастырып келеді. Қолы қалт еткенде ой өрнектерін жыр кестесіне түсіре білді. Жүрегін жарып шыққан өлеңдері осы облыстық газет бетінде жиі жарияланып тұрды…

Негізі, Мұхаммед (сғс) пайғамбарымыздың хадисінде: «Адам қайтыс болғанда амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам» (Сүнән, Ибн Мажә), – деп ілім үйретушінің сауабы екі дүниеде де тоқтаусыз екендігін білдіріп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған.

Ендеше, әке аруағы да бір аунап түскен шығар-ау. Артына өшпес мұра – жан жүрегін жарып шыққан жырларын қалдырып, 40 жыл бала оқытқан жанға Алла Тағалаға құлшылық етіп, шарапатыңды тигізе гөр деп тілейміз. Жаны жәннатта болып, қабірі нұрға толса екен дейміз… Мына дүниемен қош айтысқанына да 40 күннен асыпты. Уақыт, шіркін, жүйрік-ау қашанда…

Міне, мен де әке атандым. Жан жарым, бір жастан асқан Сұлтан атты ұлым бар. Аллаға шүкір!

…Құдай-ау,  ұлым жұрттың балаларындай «папа, папа» деп қиылмайды. «Әке, әке» деп құлдыраңдайды. Ешкім де үйреткен жоқ бұл сөзді. Тілі шыққаннан осылай деп атайды мені. Анасы да бұған дән риза. Қошақаным, сені тіл-көзден сақтасын Алла. Қайтыс боларынан бір-екі күн бұрын немересі атасының жанына тағы да жүгіріп барды. Бұ жолы төсектен әрең тұрып жүрген әкем оны иіскеп, басынан сипай алмады. Тек нәзік қолынан қысып, кемсеңдеді. «Аман болшы, құлыншақ. Ақылды болып өсші» деді.

Иә, жалған өмір жалғасып жатыр… Тірі адам тіршілігін істейді.

Ұрпағымды жалғастырар сәбиім, қайда болсаң да тек аман болшы! Әкем айтпақшы, «ақылды болып өсші», құлыным!..

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

3 пікір

  1. Кенжеахметова Зәмзәгүл Сейітқызы

    Әке туралы сөз қозғалғанда қатты толғанамын. Асқақ тұлға, асқар тау, мәуелі бәйтерек… Артында ауыз толтырып айтатын ұрпақ қалдырған әкеде арман жоқ болар. Ұрпағы үшін Әке салып кеткен сара жол, әрқашан құс жолындай сайрап жататыны белгілі. Уақыт өткен сайын кезінде мән бермеген сәттер айқындала түседі екен де естелік болып оралып, әке бейнесі көз алдыңда тұрады да қояды.
    Жүректі тебірентіп, ой салатын осындай естеліктердің орны бөлек.
    Шығармашылық табыс тілеймін!

  2. Сырбаз жазылған әдемі естелік. Жұмат ӘНЕСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *