Жол үстіндегі екінші әңгіме-3

ЖУА!

Аудан орталығы ажарын түзеген. «Біткен іске мінші» болмайық дей жүрсек те көңіл алаң, бала кездегі көз үйренген кеніштерді іздейді. Бұрын Торғайдың көшелері атқан оқтай түзу келетін, қазір көшелер қисық-қисық. Баяғы Пионер көшесі бөлініп қалыпты. Көшенің нақ ортасында мешіт тұрғызылған. Құрылыс мектебі дейтіннің орнына кафе салыныпты, ескі клуб үйі бұзылған, бұрын сол орынды саудагер Якушевтің дүкені деуші еді. Ыбырай мектебінің жаңа құрылысы ұнамады. Аманкелді батырдың штаб-үйі болған дейтін ғимарат, ескі орталық алаңындағы үлкен қоңырау, жер кіндігі делінетін темір құбыр, сәнді көпір – бүгінде соның бірі жоқ… Торғай өзені де тартылған, арнада су аз, биыл өзен тасымапты.

Кенжекең осы сапарға бет алғанда-ақ: «Біздер елге шыққан уәкіл-өкіл емеспіз, сондықтан әкім-қара мекемесін жағалап, жұртты дүрліктірмелік», — деген. Осы ұстаным қатаң сақталды. Дүрмек құрмадық, ел ішінде шалқаймай, шалқақтамай, көз көрген ағайын-туыс арасына сіңісіп кеттік. Халық ішінде қарапайымдылық жарасады. Ертеңгісін «Ақкөл» астық.

«Ақкөлдің» жолы… Жол деген ғана аты, әйтпесе «Кенжекең қиялындағы қара жол» машина жүретін «жол» болмай шықты, ит ырғақ – өгіз аяңмен жылжуға тура келді. Бірақ «осы жол» Кенжекеңе қатты ұнады. Өзі тым сергек, ауылына беттегеннен-ақ жадырай жанып, ажары ашылып, дала табиғатынан ләззат тауып, көкірегінде сақталған елінің көне суреттері көз алдына елестегендей, балалық шақтың аралын кезген тәтті қиял ырғағында тербеліп отырды.

«Ақкөлдің» орталығы – Ызбан! Ызбанда қонақтарға деп тігілген киіз үйлердің Ақкөл жағасында екені анықталды.

Ақкөлге табан тірелді. Бұл арадан Ахаң дүниеге келген Сартүбек, Кенжекең өмір есігін ашқан Құмарал қашық емес, таяқ тастам жерде, екі мекен де Ақкөлдің сағасында. Бірақ Сартүбек пен Құмаралда бүгіндері ел тұрмайды, олардың орындарында құм басқан көңдері ғана жатыр. Қазір қазақтың кең даласында осындай құм төбелер, жермен жексен болған ескі көңдер жыртылып артылады, тым көп-ақ.

Көңдер, құм төбелер, аңсаған Ақкөл… Ақкөл көлі аспанның көз жасындай мөлдірейді. Ұлытаудан құйылатын Жыланшық өзені оны жылма-жыл толтырып тұрады. Жыланшық тасыса Ақкөлдің берекесі кіреді – жарқырайды, жайылады, ел ырысы! «Жыланшық құрғаса Ақкөл жылайды» дейді жергілікті тұрғындар.

Біз Сартүбекте тұрмыз – Ахмет Байтұрсыновтың туған жері, киелі мекен! Кішкентай ғана мүйіс. Жыланшықтың Ақкөлге құяр мүйісі. Жазда бұл жер күннің ыстығынан сарғайып кетеді, сондықтан болар аты да – Сартүбек!. Осыдан ұзамай жатып 3-4 шақырым жерде құмды өлке басталады, қазақтар бұл тұсты «Құмарал» атайды. Міне, осы құм таулы, шағырлы-жынысты алқапта Кенжеғали Әбенұлы туған…

Туған жер, бір кездері өмірі жайнаған, тіршілігі қайнаған ауыл орны – Құмаралға келгенде Кенжекең де толқығандай, сапарлас достары жиылып ғалымды кір жуып, кіндік кескен орнында, туған топырағына мауқын бассын деп аунатып алдық…

Құмарал – құс базары іспетті мүйіс, бұл аралда құстың не бір атасын ұшырастырасың, торғай – торғайдың түр-түрі жеткілікті бұл атырапта, аққу, қаз, шағала, үйрек боса-болмаса да, бүркіт, жапалақ, қара құс, қыран ен даланы емін-еркін жайлап, мылтық дауысын еш естімей алаңсыз тіршілік кешіп жатқан құсни-ғұмырды көріп жан рахаттанды…

Көкірек толып кетеді, мына жазық сахараға қарап. Әттең, бір кем дүние, қайдамыз осы, мына кең жазира дала неге құлазып, бос жатыр?

Бір кезде басыласың әйтеуір. “Бұл жалғанның бәрі күдік дүние ғой” деп. Өмірдің бәрі өткінші. Ақкөл өңірін олай шарладық, былай кесіп өттік – бәрі бос, ен даладан не жан, не мал кезіктірмейсің… Кезіктірсең де тарығып барып ұшыратасың… Қайран, Дешті қыпшақ даласы-ай!?. Жер астынан мұнай шықты дейтін Қараой (осы Қаройдың мұнай қоры Маңғыстау түбегінен кем емес деген де ана кезде сөз шыққан), Шөптікөл, Аққұм, Айырқұм, бір жағы Тосын құмы аралықтарының бәрінде де тірі жан сирек ұшырасады. Елсіз мекеннің әр жер – әр жерінде жарқыраған сор – тұзкөлдерді көрер ең, кәдімгі қаратұздар, табиғи астұздары жылтырайды. Шіркін, кәсіпорын ашып жіберсе ғой дейсің, дайын өнім далада жатыр… Ғажабы сол, Шөптікөлде жер астынан ыстық сулар атқылап тұр, бірақ бұған назар аударып жатқан жан және көрінбейді. Жан!

«Жан» дедік пе? Немене, сонда бұл төңіректе жан жоқ дедіңіз бе – жоқ бар, болғанын көзіміз көрген. Және қандай еді! Әттең дүние, сол бар жандардың біразы өмірден өтті, біразы ата-жұртты тастап көшіп кетті. Ал қалғандарының өшкенді жаңғыртуға қолдары қысқа, тұйық ауылдың бұйығы тірлігін ашып жіберуге мүмкіндіктері келмейді, білек сыбанып іске кірісейін десе қолда жұмыс жоқ, бұрынғы колхоз-совхоз жүйесі жойылғасын дағдарып қалған. Жұрттың елді тастап, басқа жаққа көше бастауының себебі де осы тұстан басталады. Міне, гәп қайда, күйбең тірліктің мәнін қайдан іздеу керек. Сондықтан да бұл өңірде адамдар қарасы сирек, аз, бірақ сол атажұртта қалған аз адамдар мейірімін айтпайсыз ба, алдыңнан ас-суын, дәмін алып шығып, жік-жапар болғанын көргенде іштей егілесің «қайран, қазағымның таза ықыласы-ай» деп. Қайда барсаң да жылылық, сағыныш, пейіл!..

Аккол

Осылайша біз Ақкөл жақтың оң-солын армансыз сүзіп, тұзына түсіп, суына шомылып біраз араладық, ағайындардың ыстық ықыласына бөлендік, қорымдарға барып ата-баба рухтарына дұға қылып, құран бағыштадық. Ахмет Байтұрсынов әке-шешесінің, Кенжеғали Әбенұлы аталарының бейіттерін көрдік, аруақтарға тағзым еттік. Осы тұста біздің ауыл – мен туған өңір де қашық емес, асса қырық қырқаның астында жатыр, Жыланшық бойымен тартып отырсаң үстінен түсесің, ауыл жаққа мойын созып қоямын… Мұнда анық аңғарылғаны: Аудандағы бұрынғы дүркірей аты шыққан «Ақкөл» кеңшарында бүгінде неге өрісінде мал, даласында егін жоқ десек мұнда жұрт істейтін кәсіп жоқ екен, техника жоқ, тіпті ен Ақкөлдің ең болмаса тегін балығы ауланбайтынының да себебі жағдайлары жоқ. Жағдай демекші, жағдайға да тоқтала кетелік. Иә, балық аулау үшін де жағдай – толып жатқан құрал-жабдық керек-ау… Ақкөл – ұзындығы 60, ені 40 шақырымдай, Балқашқа жетеғабыл теңіз дерлік көл. Ал осындай қомақты көлді ауылдың қалтылдақ қайығымен игеруге бола ма, бұл жақта маторлы қайық, әрине, жоқ, кеме боса да. Сондықтан да балықшылар айдынға шыға алмайды. Біздіңше, Ақкөл маңында шағын-шағын балық кәсіпорындарын ашса тиімді болатын сияқты. Жалпы Торғай жағында өзен-көл жеткілікті, осыны ырғақты жұмыс көзі десек мұндай байлықты игеру де басты мәселелердің бірі. Және айтқанға бұл аймақта күн мен жел энергиясын табиғи пайдалану ісі де қарастырылса елге қыруар пайда. Қазіргі заманда жел двигателінің құрылымын жасақтау, күн жарығынан қуат алатын қондырғылар тұрғызу қиын болмай қалмады ма, әрине бұл үшін де жағдай жасалуы керек, халық жұмылса бітпейтін іс жоқ. Қалайда көл игерілуі керек, әйтпесе Ақкөлдің қызығын сырттан келген келімсектердің көріп, балықты камазбен, ұшақпен тасып жатқаны көңілге қаяу салады. Ойға келеді: «Неге бұл өңір игерілмейді?» – деп. «Қашан бұл дала тағдыры шешіледі?» деп. «Қазақ шаруасы қай уақытта реттеледі?» дейсің іштей…

Рас, бұл айтылмай, көтерілмей, жазылмай жүрген тақырып емес – бірақ әр кезде де мән берілмей, әрдайым шетқақпай болып келе жатқан қазақ шаруасы екені және анық. Осы жайттар толғандырады ма, Кенжеғали Әбенұлы да үнсіз. Әлде бір нәрсені іші сезе ме, ойлы… Ғалым жүрегін түсінуге болады. Несіне үндесін, Кенжекең де, біз, қонақтар да бұл елді сынап-мінеуге келіп пе ек?.. Бәрі белгілі жайт қой… Соның ішінде Кенжеғали Әбенұлы бұл мәселелерді білмейді емес біледі, өзінің де сан көтерген мәселесі. Қайтерсіз, біз осындаймыз, Үкімет үнсіз, қазақ ауылдарының жай-күйі жүрек сыздататындай дәрежеде бола тұра әлі де бейғамбыз. Бірақ, даурығу көп, жеткілікті!?

Бізде қазақ шаруасының жайын жүре тыңдау әдетке айналған. Әйтпесе Ұлы Далаға жөндем бетбұрыс жасай алмай жүргеніміз жасырын шаруа емес қой. Баяғы сарын – бір сарын. Неліктен бізде аудан, облыс сыртында салалық аймақтар ашылмайды? Кімге жалтақтаймыз? Не кедергі? Өндірістік мамандандырылған шаруашылық орталықтарын құруға неге құлқымыз жоқ? Осы салалық-экономикалық аймақтар кешегі жабылып қалған облыстарымызды қайта қалпына келтіруге де негіз бола алады ғой. Мысалы: Торғай, Жезқазған, Семей аумағы деген сияқты… Бұрынғы географиялық қалпымен бұл іріленген аймақтық құрылымдарды ашу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі, әрі өзін ақтайтын шаруа екені айтпаса да түсінікті. Ендігі жерде ұлттық саясаттың – жалпы қазақ шаруасының әкесі мен көкесі осы игерілмеген жерлерде жатыр. Қаржы-қаражат қазақ даласының астында ғана емес, бетіне шыққаны қашан… Ал, жер сатып шоғыр-шоғыр отау болғаннан қазақ елінің ұлттық қазынасы толықты дегенді естіген ешкім жоқ. Сөйте тұра қазақ жұрты ақшаның үстінде отырған жұрт. Міне, соны игере алмай отырғанымыз, бұл әрине ұлттық мін. Ал мұны игеру үшін жұмыс қолы керек деп сылтау айтсақ, онда және баяғыдай тың көтеру науқанын ұйымдастырудың қажеті шамалы. Содан кейін сыртты қаптатқанның пайдасы аз. “Өзіңнен тумай ұл, құлағын кеспей құл болмайды”, тартсақ тек сыртта жүрген қандастарымызды тартайық. Сыртта бес миллион қазақ жүр, міне – ел, міне – жұрт. Ендеше көші-қон жұмысын жолға қоймасақ, ұтыла береміз. Еске ұстайық: қазақ даласын қазақ қана игеруге құлықты, қазақ шаруасына қазақ болып кіріскенде ғана іс тынады.

Ақкөлдің айдынында аққулар көрінеді.

Сартүбектен құстар әні естілді.

Құмарал аспанында қыран қалқыды. Біреу… екеу…

Мен қасымдағы Кенжекеңе қарадым. Қанында тектіліктің, жанында іріліктің, жұмысында реформаторлықтың, бойында ерлік пен күрескерліктің мол табы бар ғұлама ғалым – академик алысқа көз тігіп тұр. Маған дәл осы сәт Кенжеғали Әбенұлы Құмаралдың қыранындай боп елестеді. Оның ажарынан әлдеқалай абыржып, қобалжыған кісінің кейпі байқала ма, қалай?.. Есіме қай-қайдан бір портрет түссін. Орыстың Столыпині! Соның бір суретін Мәскеуде көріп едім, алысқа көз тігіп тұрған, орыс реформаторының сол бейнесіне жанымдағы Кенжекең қатты ұқсап кеткендей. Іскерлігі, шаруаның ретін білетіндігі жағынан орыстар Столыпинді көп мақтайды ғой, мен де кейде «осы біздің Кенжекең кімге ұқсайды?» деп ойлап қоятынмын, қазір сол жұмбақ ой басымда сақ етті. Иә, кімге ұқсайды? Тіліме орыстың Столыпині оралды. “Столыпин – Сағадиев…” Бәлкім бұл теңеуім дәл де емес шығар, тіптен сәйкес те келмес, ол орыс шаруасының реформаторы атанған шенеунік, бұл кісі ғалым, ілім-білімнің адамы. Сөйте тұра Кенжекеңді де жұрт жұмыстың қай саласында да іскер, өз ісінің реформаторы атайды, қазақ шаруасының ыңғайын біледі дейді. Қатарластарының “заманында болмай кетіп бара жатқан қазақтың Премьер-министрі!” дейтін сөзін еске алдым…

Ойлай берсең, ой – тұңғиық…

Біз енді Алматыға беттейміз.

Беу, тіршілік…

Туған жер, ел-жұрт, сен аман бол, дүние тұрғанша тұр, қайран ата-мекен!

Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ

adebiportal.kz

Мынаны да қараңыз

Қапеш ӘЛИҰЛЫ. АҚСУАТ-9

Дәулеттібике Осыдан бұрын көптеген ғасырлар мен жылдар өтіп елде тоқтық, уайым-қайғысыз күндері өтіп жатты. Елдің ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *