Дүниедегі небір уақиғалардың түбінің қайырлылығын тілеу әйтеуір жақсылыққа әкеледі. Естеріңде жүрсін, бір әңгіме айтып берейін.
«Баяғыда қалмақ шапқыншылығынан елді босатып, әбден жерсініп қалған даладан мықтының мысы басып ауып бара жатқан қалмақтар «Көк майсасы белден келетін, балығы тайдай тулаған, ұшқан құсы жыртылып-айырылған қайран, сахарам-ай, сақау қазаққа қалып барасың-ау» деп Еділдің қарсы бетіне шығып, қолын теріс жайып былай деп қарғапты:
Бірінші — “Өзің білме, білгеннің тілін алма”, екінші — “Ешкімге айта алмайтын, сыртқа шығара алмайтын қара сасырға күнде жолық”, онысы ұл-қызым жаман, келінім мен күйеу балам, алған жарым немесе отағасым жаман деп кімге айтасың. Қорлықты үй ішінен көріп, күнде бүгіл және оны сыртқа шығара алмай қинал дегені екен. Үшінші — “Бұрынғы қайғыңды соңғы қайғың ұмыттырсын” деген екен.
Қарға бойлы Қазтуған жырау қалай деп еді: “Қайырлы болсын сіздерге, біздерден қалған Еділ жұрт” деп артта ел мен жерге ие болып қалған жұртқа жамандық емес, жақсылық тілеп кеткен жоқ па еді. Қараңдаршы, қазіргі күні қалмақ қандай, қазақ қандай? Осы күнге жетіп, тәуелсіз ел атанғанымыз сондай тар пейіл емес, кең көңілді бабаларымыздың ақ тілеуінің өтеуі болса керек. Сондықтан жамандық жасаған адамды да шын көңілден кешіріп, Алланың ол пендені дұрыс жолға салуын тілеңдер. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп бекер айтылмаған», – деген еді анам енді бір сөзінде.
Анар ТӨЛЕУХАН
Сурет Интернеттен алынды, Еділдің арғы бетіндегі қалмақтың ханы — Аюке ханның жұрты.