Астананың ата-аналар ассамблеясының төрағасы, Қазақстан ата-аналары ассоциациясының отбасыға қолдау білдіру және отбасы құндылықтары бойынша мүшесі Анар Төлебаева мектепті «тозаққа» теңеген мұғалімнің хатына жауап берді деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандық мектептердің жағдайына, балаларымызбен жұмыс істейтін және олардың білім деңгейіне әсер ететін мұғалімдердің ұстанымдарына бейжай қарай алмаймыз. Бізге, ата-аналарға, ең маңыздысы, үнемі қозғалыста болатын алдыңғы қатарлы білім беру — мектептеріміздің мықты болғанын, мұғалімдердің кәсіби білікті әрі балаларды жақсы көргенін көргіміз келеді» деп жазды Анар Төлебаева.
Автор ата-аналарды мұғалімдерге көмектесуге шақырады. «Барлық ата-анаға айтқым келеді — мұғалімдерге көмектесейік. Бірінші кезекте отбасында балаларымызға өзіміз көбірек назар аударайық. Балаларымыз қайырымды, білімге және үлкендерге назар аударатын бола түссе, оқыту процесін ұйымдастыру оңайырақ болады, сөйтіп, мұғалім балаларды тәртіп пен тиянақты болуға артық уақыты мен күшін жұмсамайтын еді. Мойындайықшы, өз балаларымызға аз назар аударамыз ғой, көп сөйлеспейміз, театрға, көрмелерге жиі бармаймыз, кітап жайлы талқыламаймыз, спортпен айналыспаймыз. Көпшілігіміз білімі мен тәртібін, баланың жеке дамуын мұғалімдерге артып қоямыз, ал олардың онсыз да көп жұмысы бар. Ал еліміз бойынша мұғалімге болысудың орнына кейбір ата-аналардың ашуланып, мұғалімдерге айғайлайтын, дау шығарып, «қамап тастайтынын» және «жұмыстан шығаратынын» айтып, қоқан-лоқы көрсеткен деректер қаншама», — деп атап өтті Төлебаева.
Ол мұғалімдердің мұндай мәлімдемелері білім беру саласына кір келтіреді деп есептейді.
«Кейде мұндай пікірлер негізсіз. Мысалы мұғалім 30 жаста екенін және жұмысы көп болғандықтан жеке өмірі жоқтығын жазып отыр. Алайда мұғалімдерден басқа, отбасын құра алмаған, бала таба алмаған, бақытты некеде өмір сүріп жатпаған дәрігер әйелдер, актрисалар, журналист әйелдер, полицей әйелдер, инженер әйелдер, бизнес-вумендер арызданып жатыр ма? Дәл осылайша бақытты отбасын құрған, тамаша балаларын тәрбиелеп отырған мұғалімдерді де мысалға келтіруге болады. Егер жас мұғалім ізгілікті және Мұғалім миссиясын мектепте істеген бір жылдан кейін ұмытса — бұл әйелдің осы мамандыққа кездейсоқ келгенін көрсетеді. Мұндай ашулы хатқа материалдық жағдай себеп — «артық ақшаның» болмауы — ал қандай мамандық иесінің «артық ақшасы» бар? Ешкімнің де «артық ақшасы» болмайды» деді Анар Төлебаева.
«Хатты жазған адам мектепте мұғалімдерге қиын екенін, тек зейнет жасына тақаған мұғалімдердің ғана абыройлы болатынын айтып, шағымданады. Бірақ барлық мамандықта да құрметке тек үлкендер лайық қой. Біз, ата-аналар, тәжірибелі, үлкен жасқа келген мұғалімдерге құрметпен қараймыз — олар нағыз мэтрлер! Әрқайсымыз балаларымыздың осындай педагогтан білім алғанын қалаймыз, себебі олар даналықты, өмір сабағын бере алады» деді ол.
«Қазақстандық ата-аналардың басым бөлігі мұндай жағдайға бей-жай қарай алмайды, мұғалімдермен белсенді түрде қарым-қатынас орнатады. Бірақ мектепте проблема көп, шешілуі тиіс мәселелер жетіп артылады, бірақ біз мектептердің алға жылжып келе жатқанын, дамудың барын көріп отырмыз. Біз «байғұс мұғалім» портретінің насихатталғанына қарсымыз. Суворов айтпақшы, «соғысты сырттай қарап тұрған әрбір адам өзін стратегпін деп есептейді». Сырттан қарап тұрып, сынау оңай. Мұғалімдердің көпшілігі өзін сондаймын деп есептемейді, олар мұғалімнің абыройы үшін күн сайын еңбектеніп жатыр. Аяныш адамды төмендетеді, «байғұс» деген сипаттама әлемдегі ең абыройлы мамандықтардың бірін қорлайды. Мамандықтың абыройы артқан сайын, оған жас дарындар көптеп келе бастайды, дарынды мұғалімдер буыны өсе түседі — себебі біз мұны бақыт үшін және балаларымыздың білімі үшін тілейміз», — деп қорытындылады өз сөзін Анар Төлебаева.
Еске салайық, осыған дейін әлеуметтік желіде қазақстандық мұғалімнің аноним хаты пайда болған еді. Онда мұғалім қазіргі мұғалімдердің жұмысын «тозаққа» теңейді.
tengrinews.kz