Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ КҮДІК

(әңгіме)

Айдын үйге қатты ашуланып кірді. «Қап, бәлем, сол Айдосты ма! Бір күні сазайын тарттырайын мен оның. Әлі кішкентай ғой деп аяп жүрсем… Әйгерімнің көзінше ұятқа қалдырғаны-ай…» деп, қабырғаға ілінген әйдік айнаның алдында тұрған орындыққа отыра кетті.

Әйгерім – осы ауылдағы ең сүйкімді, әдемі қыз. Айдын 3-«А» сыныбында, ал Әйгерім 3-«Б» сыныбында оқиды. Осы қызды алыстан көре қалса болды, Айдынның кішкентай жүрегі дүрс-дүрс соғатынды шығарды. Онымен жөнді тілдесе алмай, сөйлесе қалған жағдайда қызарақтап, төмен қарай беретін болды. Мана өзінен үш жас кіші Айдос үйінің төбесіне шығып алып, Айдынды көре сала: «Айдын, қонжық! Қонжық келе жатыр…» деп айғайлап қоя берген. Тап сол мезетте, қырсық шалғанда, таяқ тастам жерден Әйгерімнің де шыға келгені… Үйіне екі шелекпен су әкеле жатыр екен. Ол Айдостың «қонжық, Айдын, қонжық!» деген айғайын естімеді ғой дейсің бе? Әрине, естіді. «Енді оның мен туралы не ойлайтыны белгілі болды. Тілазар Айдостың да шығармайтыны жоқ. Өзі тілазар десе, тілазар неме. Өткенде Әдешті мазақтаймын деп итке талана жаздап еді. Мен де Әдеш құсап Құтжолымды айтақтасам қайтеді?! Міне, табылған ақыл!» деп бір ойлаған Айдын, кенет: «Жә, – деді. – Соны қойшы, ол ертең-ақ сазайын тартады. Бәрінен де Әйгерімді айтсаңшы! Мүмкін ол өзінің құрбыларының бәріне болған оқиғаны айтқан шығар?! Бәрі мазақ қылатын болды-ау… Енді Әйгерім менімен сөйлеспек түгілі, сәлемдеспеуі де мүмкін…

Жо-жоқ! Мұным қате, ол ондай ақылсыз қыз емес! Меніңше, ол сол тілазар Айдосқа мені жақтаймын деп ұрысып тастауы да мүмкін ғой?.. Әлде… мені көре қалса, жанындағы қыздармен бірге: «Айдын, қонжық! Айдын, қонжық!» деп шуласар ма екен?..»

Айдын осындай екіұдай пікірде еді. Қайсысына тоқталарын білмей дал болды.

Бота көзді, пісте мұрынды Әйгерімнің томпақ бетінің ұшы ылғи да қызарып тұратын. Сол сүйкімді көрініс Айдынның көз алдына келіп тұрып алды. «Қой, мұным жарамас, не де болса бір-ақ көрейін» деп ойлап, тысқа шықты.

«Мәссаған, безгелдек! Жаңа айттым ғой, ойлағаным айна-қатесіз келді. Енді біттім, құрыдым… Қазір мені бәрі мазақ қылады, қара да тұр! Мен жақты нұсқап: «Қонжық шықты! Айдын, қонжық» деп бас салады. Өзім дәл ойлағандай Әйгерімнің үйінің маңайына бір топ бала жиналып қалыпты. Әне, әне, Әйгерімнің өзі де көрінді. Балаларға қолын сермеп, бірдеңе айтқан болады. Әне, әне, біздің үй жақты нұсқап сөйлеп жатыр» деп шыр-пыры шықты Айдынның.

Үйден шығуын шыққанымен, жаңағы көріністерден кейін басын төмен салбыратқан бойы кері бұрылған.

Кенет, ту сыртынан:

– Айдын, әй, Айдын! – деген өзіне таныс дауыс естілді.

«Иә, иә, таныс дауыс. Өзімнің досым Орал ғой мынау. Бірақ ол аналардың арасында неғып жүр?! Сонда ол маған өтірік дос болған екен ғой. Бәрі бірігіп мені мазақтамақ қой ойлары. Бәрі түсінікті болды… Қазір мен сендерге мазақ қылғанды көрсетейін» деп Құтжолға қарай беттеді. Ол иесінің босатуға келе жатқанына қуанғандай бір-екі рет арс-арс етіп үріп қойды.

– Әй, Айдын, сен не істейін деп жатырсың?! – деді иттен қорқатын Орал. Екі көзін итке қадап, жалтақ-жалтақ қарап қояды.

– Жүр, кеттік! Тез бол, балалар күтіп қалды. Кеше өзің емес пе едің «жидек теруге барайық» деген…

– А-а, иә, иә, кешір, Орал, мен ұмытып кетіппін… Иә, иә, кешір, – деген сөзін екі қайталап айтқанын өзі де сезбей қалды. – Мен итті босатайын деген жоқпын, қайта сен келе жатқан соң, мықтап байлаулы ма екен деп тексеріп жатқаным. Оның кейде өзінен өзі босап кететін әдеті, – деді Айдын сездіргісі келмей.

– Ал, ендеше, кеттік, неге тұрсың, жылдам! – деді Орал тағатсыздана.

– Мен қазір, тобатайымды алып шығайын, сен бара бер. Мен қазір, тез, – деп Айдын үйіне кіріп кетті.

Қанша барғысы келмегенімен, мұның бойын еріксіз бір күш билеп, толқып кетті. Жүрегі құрығыр тағы да лүпілдеп соға бастады…

Лезде тобатайын алып шыққан ол «тілазар Айдос» (ауылдағылардың бәрі де солай атайды) үйінің жағына ұрлана көз тастады. Абырой болғанда, ол әзірше көрінбейді. Сондықтан да іштей «Айдос шығып қалмай тұрғанда балаларға тез барып қосылайын» деп жүгіре жөнелді.

Айдын Әйгерімнің нәзік даусымен «Сәлем, Айдын!» деп амандасқанын әрі түк болмағандай шүйіркелесе кеткенін көргенде, өзінен-өзі қысылып, жайсыз күй кешті. Әрі таңғалды. Манағы өз ойының бәрі бекер болғанына енді көзі жеткендей еді…

Сол-ақ екен, тал арасынан «Қонжық, Айдын, қонжық!» деген дауыстар жамырай шықты. Алайда, Айдыннан басқасы бұларға онша мән бермейтін тәрізді. Құдды естімеген адамдарша өздерімен өздері… «Ау, бәрінің естімеген адамша бұлай үндемеулерінің себебін қалай түсінуге болады?! Мені жақтап бірауыз сөз айтса, бірдеңелері кете ме екен бұлардың?! Жә, басқасын айтпағанда, өзімнің досым санап жүрген Орал, өзіме жақын тұтып жүрген Әйгерім ше?! Олар неге үн-түнсіз қалды екен?!» деп шамданды Айдын ішінен.

Әне, «қонжық, қонжық!» деген дауыстар енді тіптен жақын естіліп, екі бала тал арасынан шыға келді. Біреуі сол «тілазар» Айдос. Ал екіншісі кім?! Даусы неткен ащы еді, шіркіннің… Е-е-е, түсінікті, Айдостың қабырғалас көршісі Қайпен екен. Оған да үйретіп қойғаны-ау, пәтшағардың!

«Таяқ жейсіңдер!» дегендей, жұдырығын түйіп, екі бала тұрған жаққа қолын көтере бергені сол еді…

– Айдын, сен оларға ренжіме, қайта естімеген болып жүр бер. Олар әлі кішкентай ғой. Сен бүйтіп қыр көрсете берсең, олар саған ерегеседі. Әсіресе, «тілазар» Айдосты өзің жақсы білесің ғой. Олар есейген соң, ертең-ақ бәрін түсінеді, – деді Әйгерім нақ үлкен адамдарша сөйлеп. Әрі Айдынға қарап жымиып қойды.

Айдынның жүрегі тағы да шым ете қалды…

«Мұны айтып тұрған Әйгерім бе?! Мәссаған! Мен одан мұндай сөздерді күтпеп едім. Бірақ оның айтқандарының бәрі дұрыс секілді. «Олар әлі кішкентай ғой» дейді. Иә, иә, олардың кішкентай екендері рас. Менен бақандай үш жас кіші. Мен тоғыз жаста болсам, олар небәрі 6 жаста. Мен өзімді олардан үлкен сезінуім керек. Өзімді салмақты ұстап, Айдосқа ақыл айтудың орнына, жұдырығымды түйіп, сес көрсетіп қоямын. Әйгерім: «Сен бүйте берсең, олар саған ерегеседі» дейді. Айтқаны айдай келген жоқ па?! Иә, қу басым-ай, шынашақтай Әйгерімнің айтқанын енді ұққандаймын. Рақмет саған, ақылды қыз Әйгерім!» деп іштей күбірледі.

Ол өзінің аңқау қылығына өкініп әрі теріс ойынан қатты ұялып, ләм деместен жүре берді. Кенет, «Қап! – деді іштей. – Мана Құтжолды босатып жіберіп, айтақтасам ғой, масқара болатын едім. «Не үшін айтақтадың, Айдын?!» десе, не дер едім?! Өзімнің досыма сенімсіздікпен қарауға қалай ғана дәтім барды десеңші. Бәрінің анық-қанығына көзімді жеткізбей, асығыс шешім қабылдай жаздауым ұят-ақ! Осылай кері ойлағаныма сол «тілазар» Айдостың тікелей қатысы бар! Бірақ ол осылай жасамаса, бәлкім, осы күйіммен жүрер ме едім бала болып…»

 

Мынаны да қараңыз

Су астында ауыл да, қала да тұр…

Дамира Ахметханова 2003 жылы 11 қарашада Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылында дүниеге келген. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *