Бәріміз де ауыл баласымыз, мен де Қостанай облысы Жанкелдин ауданындағы бұрынғы «Еңбек» кеңшарының орталығы Көкалат ауылындағы Албарбөгет орта мектебінде оқыдым.
Ол кездері бір жылғылардың 2 не 3 сыныптары болатын. Нақты есімде қалғаны 1990 жылғы аталған Албарбөгет мектебін бітірген кезде жалпы санымыз 46 ұл-қыз едік, кейбірі 8 жылдықты аяқтап кәсіптік білім беру мекемелерінде оқып, еңбекке ерте араласты. Әйтеуір жақсы жері бізге дейінгі Семей өңірі Шұбартау жастарының комсомолдық үндеулері бойынша жыл сайын мектеп түлектері қой бағатын еді, одан құтылдық.
Сол балалық, мектеп шағы ең қызық әрі уайым-қайғысыз күндер ғой.
Қыс болса хоккей ойнаймыз, өзіміз алаңды құйып аламыз, су құйып, әйдік конкилерімізді киіп, мал жайлау, отын-су әкелуден басқа уақытта үйге кірмейміз. Ал жаз болса сай-салаға кетіп, өзен жағалап балық аулаймыз, әр көшеден бір бір футбол құрама комадасын жасақтаймыз.
Ал, сабақта жаңағы аталған екі сынып сәйкесінше бөлек оқимыз. Негізі ауыл білімі біздің болашаққа бағдар алуымызға себепші болды, жақсы тәрбие бере білді. Өз басым – Албарбөгет орта мектебін аудан бойынша ең үздік мекептердің қатарынан деп білемін.
Жаңағы айтқан екі сынып кейде бір пәндерді қатар оқитын еді, ал менің оқуға, әсіресе гуманитарлық пәндерге қызығушылығым жақсы болды.
Міне, ұлдар жағы бір бірімізден қатты араласқанымызбен келесі сыныптың қыздарының көпшілігімен сөйлеспейміз, олар да бір ерке, біз де басымызды ие қоймаймыз.
Ол сыныпта Зәуре Жүнісова деген қыз болды, ауыл баласы болған соң ба әлде жалпы екеуміз де сондаймыз ба, 10 жылдықты тәмамдағанша бір бірімізбен амандаспаппыз ғой, қызық!
Кейін арман қуып, мен Қарағанды қаласындағы Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне, ал Зәуре Қарағанды медициналық институтына түсті. Сыртта жүрген кезде жерлестердің араласуы жақын болады екен, біз енді біз бірімізбен тығыз араластық, Торғайлық жастардың бас қосулары болсын, немесе қатарластарымыздың кештері болсын жиі жолығып жүрдік. Олар кіл қыздар, ал біз ұлдар жиналып мәдени шараларға қатысып, айтыс көріп, театр мен киноға да барамыз. Жалпы, жақсы достық қарым-қатынаста болдық. Кейін 95-96 жылдары әркім өз жолымен кеткен соң бұрынғы қатынас та байланыс та үзіліп қалды. Ал, Зәуренің бауырлары Абайды да Алтайды да жақсы білем ғой, біздің Көкалат ауылындағы мектепте оқыды, кейін олар да сыртқа кетіп, жоғары оқу орындарына түсті. Ханшайым апай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бізге сабақ берсе, Кәдір ағай кеңшарды басқарды.
Бұл әңгімен неге айтып отырмын, жалпы Жүнісовтердің отбасы үлгілі әрі кәсіптерін дөңгелетіп қана қоймай, сауапты істерді жасап жүр.
Естіген құлақта жазық жоқ, кешегі жолы Торғайда мынадай әңгімені ел жыр қылып айтып отырды.
Қазір аты көпшілікке таныс Ақшығанақ ауылының жеріне бөтен біреудің, сырттың адамының көзі түседі, ол және әрине, ауыл халқын жарылқамайтыны белгілі ғой.
Мұндай хабарды естіген ағайындылар жаңағы жерді сатып алып, ауыл адамдарының жайылымдық жер болсын, басқадай жері болсын бәрін тегін пайдалануы үшін сатып алып, жергілікті тұрғындарға алып берген.
Бұл — бірінші жақсылығы деңіз.
Екінші жақсылығы — Ақшығанақ ауылында Шақшақ Жәнібек батыр атындағы Алла үйін тұрғызып, оның құрылысы мен оған жұмсалатын бар қаражатын өздері көтеріп алды.
Үшінші жақсылықтары — ол жақында Оспан қожа әулие атындағы Торғай шаһарындағы мешітке қолдау көрсетіп, толықтай күрделі жөндеуден өткізіп берді.
Әрине, негізі «жасалған жақсылықты айтпай, білдірмей істеу керек» дейді ғой, бірақ мен Торғай елінде де жері мен жұртына жаны ашитын азаматтарымыздың бар екендігін айтқым келген.
Бұл ретте, жарғақ құлағы жастығына тимеген Торғайдың дін саласы мамандарын, халқын және Қазақстанның әр қиырында болса да тегі торғайлық бауырларымыздың да өз көмегін аямағанын айта кету ләзім болар. Біреу 1000 теңге берген болар, біреу 10000 теңге қосқан шығар, бастысы, Алла үйінің толықтай қайта жөнделгенін өз көзіммен көрдім.
Бұл мешіт 1990 жылдары Қазақстанда ашылған ең алғашқы мешіттердің бірі, көптен бері күйі кішкене кетіп қалып еді, қанша дегенмен ширек ғасыр жөндеу жасалмаған ғой.
Ал, енді мешіт туралы кішкене айта кетсем, мешітті кезінде Қостанай облысындағы Жанкелдин ауданының жергілікті халқы өз қаржысына салды. Мешіт 1992 жылы 20 тамызда ашылды. Оның ашылу салтанатына Рәтбек қажы, Халифа Алтай, жазушылар Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, Ә. Сығаев және т.б. қатысты. 1992 жылы 21 қыркүйекте мешітке Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев барған. Кейіннен мешітке Торғай өңірінде өткен Оспан қожа әулиенің есімі берілген. Мешітте Оспан қожа әулиенің ұрпағы Ғазез қажы ұзақ жылдар имамдық етті. Жалпы, Торғай өңіріне ислам дінінің кең таралуына Шақшақ Жәнібек батырдың еңбегі орасан. Ол кісі Бұхара, Ташкент сияқты шаһарлардан молдаларды-қожаларды алдырып балалардың діни білім алуына жол ашқан. Бұл өңірден атақты Оспан қожа, Сатыбалды Ишан, Файзолла құран-қари, Нұркей қажы сияқты көптеген дін қайраткерлері шыққан.
Айтқандай кешегі Кенесары заманындағы Марал ишанның да аты Тобыл-Торғай өлкесімен байланысты. Қостанайдағы Ақмешітті Марал ишан мешіті деп атайды. «Ғасыр басында Торғай үйезінде 54 мешіт болған» деп оқып едім бір жерден.
Ал, Торғай шаһарындағы мешіттің жалпы ауданы 2300, пайдалы көлемі 744 шаршы метр. Залда 1 үлкен, 6 кіші люстралар қойылған. Намазхана залы 500 адамға арналған. Мұның 350 ер, 150 әйелдер үшін – екеуін перде бөліп тұр. Ғибадатхананың 30 метрлік екі мұнарасы бар. Төбеде биіктігі 18, көлемі 15 метрлік күмбез бар. Мешіт қабырғасының биіктігі 8 метр. Бұл осы өңірдегі ең үлкен мешіт деуге болады. Құдай қаласа, жанындағы асханасы да пайдалануға беріледі екен.
Айтқандай, 2017 жылғы 14 қазан күні Оспан қожа әулие мешіті міне өзінің 25 жылдығын тойламақшы.
Оспан қожа әулие мешіті алаңында мерекелік кештің ашылу салтанаты болып, аруақтарға құран оқытылады.
Сондай-ақ, Шақшақ Жәнібек батыр алаңында Айбек ақынның бас болуымен, Абылай інімнің жүргізуімен ақындар айтысы өтеді.
Ал, Жастар алаңында қазақша күрестен жарыс өтсе, ипподромда аламан бәйге болады.
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
Фотоларды түсірген Ербол Спабек