1-фото. Торғай даласы
Әркімге өз туған жері ыстық, иә мен де соңғы 2-3 жыл көлемінде туған жерім Торғай туралы көп жазып жүрмін. Мақтанғаным емес өлкеміздің танылуына бір кісідей ат салысудамын, әлі де айта да жаза беремін деп ойлаймын. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деп, дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Әлеуметтік желіде ойымызды білдіріп, кейде ақыл айтатынымыз да шын. Сонда әрбір азамат туған аймағын тануды өз ауылынан, өз ауданынан, өз облысынан бастауын қажет деп жазамыз.
Сондықтан, біз бұрын да жариялағандай Ахаң мен Жахаң жұртына сапарымызды жасап едік. Аталған саяхатымыз 2017 жылғы 5-10 шілде аралығында өтті, ал енді сапар туралы баяндасам.
Сонымен Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музейінің директоры Райхан Имаханбет, Жәнібек Аянбай және мен, осы мақаланың авторы — Амандық Қорғанұлы үшеуміз жолға шықтық.
Астана-Арқалық поезына жайланып отырып, біраз уақыт алдағы сапар туралы ақылдастық. Мақсатымыз айқын — Алаштың арыстары — Ахаң мен Жахаң жұртын көру. Негізі, ертеректе Міржақып Дулатұлы ауылдары Қызбел мен Бидайықта болғанмын, ал ата-бабам жері Аққұммен іргелес Ақкөл, Қарасу ауылдарына барып көрмеппін. Бұл ауылдар — Ахмет Байтұрсынұлының елі.
Сөйтіп таңғы 6.30-да Арқалық қаласының вокзалына келіп түстік. Мұнда бізге Қайыңды ауылының тумасы Мырқанов Қанат келіп қосылды.
Сәлден соң іркілместен сапарға аттандық. Бағытымыз бойынша алдағы үш күнде 1000 шақырымнан астам қашықтықты артқа тастап Ахаң мен Жахаң іздерімен жүріп өту.
2-фото. Тасбұлақ
Бірінші тоқтаған жеріміз — 288 шақырым жолы бар Арқалық-Торғай трассанының бойындағы Арқалық қаласынан шамамен 70 шақырым қашықтықтағы Тасбұлақ болды.
Тасбұлақ басында біраз сусындап, аздап тыныстаған соң келесі бағытымыз — Кейкі батыр мен Құтан әулие кесенелеріне тоқтау еді.
Кейкі батыр бабамыз туралы жақсы және көп айтылып жүр. Негізінде бала кезімізден мергеннің әңгімелеріне қанықпыз. Қайран бабам-ай, ана дүниеде жатса да еліне қызмет етіп жатыр. Олай дейтін себебім, биыл даңқты бабамыздың сүйегін алып келген соң, Ресейге елші болып кеткен Иманғали Тасмағанбетов бас-көз болып Үкіметтің қаулысын қабылдатып, 2 млрд. теңге бөлдіріп, шараларды бекіттіріп еді. Соның арқасында Арқалық қаласының көшелері жөнделіп, Кейкі кешені салынып жатыр (автордың ескертесі, кейін құрылысы аяқталып, үлкен шара өткен еді), трассаның кешенге жақын жерлері жөндеу көруде.
3-фото. Кейкі батыр Көкембайұлы
Ал, Арқалық-Торғай трассасының бойындағы 288 шақырымның шамамен 150 шақырымы бұған дейін жөнделіп қалған болатын. Әрине, арасында нашарлау жерлері кездеседі, бірақ қалған 138 шақырымды басып өту — ол бір қиямет. Бұл жолға Үкіметтің назары қашан түсер екен?!
Бірді айтып бірге кеттім, сонымен Кейкі бабамыздың кесенесі салынып жатырғаны туралы айттық. Арнайы тоқтап құрылысшылармен сөйлестік. Айтқандай ескі кешен мен жаңа кешен арасы өте қашық емес. Құрылысшылардың айтуынша кешеннің құрылысы тамыз айының аяғына дейін толық аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде жұмыстың негізгі бөлігі аяқталып қалыпты.
Енді, Құтан әулие деген кім дейтін болсақ, ол кісі туралы бір-екі сөз айта кетсек.
Халықта Құтан әулие Аталықұлын Найман ішіндегі «Бағаналының төрт тағанының бірі» деп атайды. Құтан әулие Тәуке ханның биік құрған заманында хан кеңесі мүшесі болған деседі. Кейін ұрпақтары Қарынсалды өзені бойында оның кешенін салған екен. Құтан әулие кесенесі — сәулет өнерінің ескерткіші. Арқалық-Амангелді тас жолының бойында, Қарынсалды өзенінің шығыс жақ қыратында орналасқан.Амантоғай ауылынан Арқалыққа қарай 10 км жерде.
4-фото. Құтан әулие Аталықұқұлының кесенесі
Екі кесенге тоқтап, азаттық үшін күрескен бабаларымызға құран бағыштап «Амантоғай қайдасың?» деп сапарымызды әрі жалғастырдық!
Жалпы, қазақтың бірегей ұлы — Кейкі батыр туралы әңгімелерде аңыз бен шындық қатар жүретіні аян. Біреулер оны Қытай асырса, енді біреулер Қазақстанның оңтүстігіне өткен деседі. Мұның бәрі халықтың ықыласынан туған деп ойлаймын, батырын өлімге қимаған болар?!. Ертеректе, Аққұм жағында (Ахмет Байтұрсыновтың «Аққұм» атты әнін білетін боларсыздар «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты, Сөзі бар алуа шекер балдан тәтті. Адамның өзім көрген абзалы екен, Айтайын өлең қылып перизатты…» деп басталатын) нағашыларымызға жыл сайын қойшы ауылға, қырға баратын едік. Сонда Қатеш әжем Кейкі Көкембайұлы туралы әңгімесін айтып беріп еді. Біз кішкентай кезімізден батыр туралы аңыз бен ақиқатқа қанық болып өстік. Жыланшық өзені бойында отырған Қатеш әжем ауылына келіп, атамызға бірнеше мәрте шашын тақырлатып алдырғанын, оның қалай өлгенін жыр қылып айтып отырушы еді. Қызылға да, аққа да берілмеген, халқының азаттығы үшін жанын құрбан еткен асыл бабамызды қаншама жылдардан кейін енді ұлықтап жатқан түріміз бар.
5-фото. Кейкі батыр Көкембайұлының Арқалық-Торғай трассасы бойындағы, Тасты жеріндегі салынып жатқан кенесі
Ұлт арыстары Ахаң мен Жахаң (Ахмет Байтұсынұлы мен Міржақып Дулатұлы) жұртына сапарымыз Тасбұлақ пен Кейкі батыр және Құтан әулие кешенінен кейінгі нүктеміз Торғай-Арқалық трассасының 100 шақырым қашықтығындағы Амантоғай, Жалдама кенттеріне соғудан басталды. Жалпы, бұл жерде кішкене шегініс жасағым келіп отыр.
Қазақстанда кезінде тың игеру барысында, тың және тыңайған жерлерде көптеген егін совхоздары пайда болғаны мәлім.
Міне, осылайша Сарыарқаның басым бөлігін игерген соң Кеңес Одағы назарын «қазақ белдеуіне» аударды. «Қазақ белдеуі» деген шартты атау, бұл жергілікті ұлттың саны әлі де бар, кем дегенде халықтың 3/1, тіпті жартысына жуығын құраған уақыт еді, оларға, мысалы, Семей, Жезқазған және Торғай облыстарын жатқызуға болатын еді. Кеңес Одағы енді Солтүстік Қазақстанды игеріп болған соң, Қазақияның орталық өңірлеріп одан әрі игеруге кірісті, ол үшін, мысалы, әлі де қазағы қалың орналасқан Арқалық, Амангелді, Жанкелдин, Амантоғай аудандарында (бұрынғы Торғай облысы) көптеген егін совхоздары пайда болып, басқа өңірлерден, тіпті ішкі Ресейден тағы да «тың игерушілер» келе бастады, бір совхозда 20 үй өзге ұлт болса, таза орыс мектептері ашылып, баяғы отарлау саясаты әлі жалғасын тауып жатты. Қанымызға, жанымызға қатты сіңіп қалғаны сондай Қостанай облысы «Тың-Целина» атты жыл сайынғы спартакиада өткізіп, әлі «целина» деген сөзден құтыла алмай жүр! Спартакиадаға қарсылығым жоқ, елімізде барлық шараның атауы қазақша болғанда, бұлардың ескілікке жармасуын қалай түсінуге болады?! Мысалы, Жанкелдин ауданында Юбилейный, Бидайық, Амантоғай ауданында Рассвет, Қарынсалды, Арқалық ауданында Ангарский, Матросово, Мирное, Молодёжное, Фурманово, Целинное сияқты елді мекендер дүниеге келді.
6-фото. Кейкі батыр Көкембайұлының кесенесі
Иә, сол кезеңде Амангелді ауданынан жеке отау тігіп шыққан ауданның бірі — Амантоғай ауданы еді. Айтқандай Арқалық қаласының аумағы да әуелде Амангелді ауданының жері болатын.
Кезінде мықты егін совхоздары бар, әлеуеті мықты аудан кейін тоқырау кезіңінде жабылып, Амангелді ауданына қайта қосылып, географиялық жақсы орналасқан орнына қарамастан кейінгі кездері жұтаңдап қалып еді. Дәл Амантоғай кентінен Амангелдіге 50 шақырым, әрісі Торғайға 188 шақырым, Қостанайға 365 шақырым қашықтық бар.
Кейкі батырға арналған шараларға байланысты енді Амантоғай кентінің көшелері қоқыстан тазартылып, үйлеріне азын-аулақ жөндеу жүргізілуде, ол үшін бюджеттен 30 млн. теңге де бөлінген болатын. Күнін малмен көріп отырған Торғай елінің жұрты үшін дәл осы Амантоғай кентінде мал сою пункті ашылады деп жоспарланып отыр, өйткені Қостанайдан 500-700, Астанадан 700-1000 шақырым қашықтықтағы Торғай елі өз өнімдерін өткізе алмай, делдалшыға жем болып жатқан жағдайы тағы бар.
7-фото. Торғайдың Кемері
Жол ұзақ болған соң трасса бойындағы өзгешеліктерге зер сала қарайсың, сонда Кемер, Кендірлі мен Айдар аты жерлерді кездестірдім.
Мысалы, ұзындығы 288 шақырым болатын Арқалық-Торғай трассасының бойынан Арқалық шаһарына жақын жерде Айдар деген елді мекен мен өзенді көруге болады.
Бір қызығы Украинаның шығысында Айдар деген өзенге кезінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ақынымыз Жұмағали Саин «Есімде Айдар өзені» деген өлеңін арнаған болатын, онда мынадай шумақ жолдары бар еді:
«Айдар, Айдар, ақ Айдар!
Жағаң сурет, суың бал.
Өткіздім сенде көп айлар…
Қалдырдым сенде көп ойлар…» деп майдангер-ақын атамыздың жыр жолдарын мен де қайталаумен болдым.
Бабаларымыздың ізі қалған жер — Украинадағы Айдар өзені қазір соғыс алаңына айналғаны өкінішті-ақ.
Сөйтіп, ой үстінде келе жатқанымызда Торғай жеріндегі Кемер атты ауылға да қалай жеткенімізді білмей қалдық.
Әрине, Түркияның миллиондаған туристерді қабылдайтын, атақты Кемер атты тынығу орнына, қаласына қайдан жетсін, дегенмен «Әркімге өз туған жері – Мысыр шаһары» деп халқымыз бекер айтпаған болар!
Құдайдың құдіреті-ау, мына шеті Украинада, екінші шеті Түркияда аттас жерлер кездесті деп таң қалып жатсам, Ахаң жері — Ақкөл жағасында Кендірлі атты көл жағасындағы жағажайды (Кендірлі — туристік аймағы Қазақстанның Маңғыстау өңірінде орналасқан) кездестіріп тіптен таң қалған жайым болды.
Сонымен, саяхатымыз барысында осындай қызықты жайттарға да ден қойған түріміз бар.
8-фото. А.Иманов атындағы мемориалдық музей
Сөйтіп Амантоғай кентінен кейін Амангелді Иманов атындағы ауданға да жеттік. Аудан 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісі ошақтарының бірі болған Торғай жеріндегі кезінде 60 000 мыңға дейін сарбаздары болған, көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі — Амангелді Иманов. Амангелдінің есімі Әбдіғапар ханмен, Кейкі батымен қатар аталады әрине, негізінде Амангелді батыр көтерілісшілердің бас сардары.
Бұрын да айтқанымдай және жазғанымдай 288 қашықтықтағы Арқалық-Торғай трассасының шамамен 150 шақырымын артқа тастап Қостанай облысы Амангелді ауданының орталығы Амангелді кентіне де келіп тоқтадық. Таңғы жетіде шыққан сапарымыздың осы бөлігін жақсы өткіздік, ешбір қиыншылық болған жоқ. Себебі трасса жақсы, қозғалыс ыңғайлы, бастысы күн ыстық емес, бұлтты болып тұрды.
Осындағы туысқанымыздың дәмханасына алдын ала тапсырыс беріп қойып едік, түскі асымызды іштік, оған дейін Арқалық қаласынан 70 шақырым қашықтықтағы Тасбұлақта таза ауа саясында таңғы асымызды ішкен болатынбыз.
Енді Амангелді кентінің басында не көруге болады деген заңды сұрақ туады?!
9-фото. А.Иманов атындағы мемориалдық музейдегі Амангелді батырдың анасының төсегі
Мұнда — 4-5 негізгі нысан бар.
Бірінші — А.Иманов атындағы музей, былтыр оның облыс бюджетінен 12 млн. теңге бөлініп қайта жаңғыртылған жайы бар, ол өткен жылы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы құрметіне жасалып қалған шаруаның бірі еді. Осы жолы тағы да едәуір құндылықтармен толығып қалыпты.
Екінші — Сатыпалды ишан кесенесі.
Үшінші — «Шұғылы» кинотеатрының алдындағы Амангелді батырдың жерленген жері.
Төртінші — Сатыпалды ишан мешіті.
Бесінші — Әнуар Боранбаев атындағы музей.
Әлі де жалғастыра беруге болады!
Жалпы сапар барысында уақытымыз тығыз болғандықтан ең негізгі объектілерге соғуға тырыстық.
Өлке сондай-ақ, 1930 жылдары Қазақстанның барлық өңірін шарпыған шаруалар көтерілісінің ошақтарының бірі болған. Ол тарихқа Батпаққара көтерілісі атымен белгілі.
10-фото. Амангелді кентіндегі Сатыпалды ишан мешіті
Сонымен бірінші тоқтаған жеріміз — А.Иманов атындағы музей болды.
Айтқандай бұл күні демалыс болғанына қарамастан музей директоры Кәмшат Әбжанова бізге алтын уақытын бөліп, музейді емін-еркін аралауымызға мүмкіндік тудырып еді!
Музейде әсіресе Кейкі батырдың, Амангелдінің және олардың сарбаздарының тұтынған заттары көп. Былтырғы жылы Сапар Ысқақов ағамыз Амангелді кентіне тақау жерден археологтарды алып келіп, қазба жұмыстарын жүргізген еді, ол қазылған моладан табылған заттар да музейге қойылған екен!
Амангелді кентіндегі А.Иманов атындағы музейді аралаған соң аудан орталығындағы Сатыпалды ишан кесенесі мен Сатыпалды ишан мешітіне соқпай кету күнә болар сірә!
11-фото. Былтырғы жылы қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер
Әуелі Сатыпалды ишан атындағы мешіт туралы баяндай кетсем.
«Сатыбалды ишан» мешіті Амангелді ауданының орталығы Амангелді кентінде орналасқан. Оның іргетасы 1992 жылы қаланды. Жалпы ауданы 9 мың шаршы метр. 300 намазханға арналған. Мешітте сауат ашу курсына арналған 2 бөлме бар. Мешіттің маңызды, әрі көрнекті орны михраб болғандықтан оған көркем етіп Фатиха сүресі, төр жақ маңдайшасына «Аяту-л курси» жазылған. Мешіттің оң жақ қанатында имам бөлмесі, сол қанатына неке қию залы орналасқан. Мешіттің негізгі залы гипспен жасалған қазақи оюлармен өрнектелген. Ғибадатхана мұнарасының биіктігі 14,9 метр. Кіре беріс қапталға биіктігі 8,7, ені 24 шаршы метр үлкен күмбез орнатылған. Мешіт сөйтіп 1993 жылдың 29 қазанында намазхандарға есігін айқара ашты. Айтқандай мешіттің төбесінде кезінде космос кораблінің шар тәріздес қалдығы пайдаланылғанын жазған едім, аудан әкімдігінен оның адам өміріне зиян еместігі туралы хат та алғанбыз.
Ал, Сатыпалды ишан кесенесі туралы айтатын болсақ, мұнда өзіміз куә болғандай алыс және жақын шетелдерден зиярат етушілер көп екен. Аудан орталығында орналасқан кешенде Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы жерленген. Ескерткішті 1899 жылы оның үлкен ұлы салдырған деседі, сонда бұл ғимарат үш ғасырға куә болып отыр ғой.
Сатыпалды Ғабдоллаұлы өз дәуірінің белгілі тұлғаларының бірі. Жас кезінен дін жолына түседі. Өмірінің 14 жылын оқуға арнап, Орта Азия мұсылман кеңесінің алдында сынақ тапсырып, одан мүдірмей өтеді, Кеңес мүшелері оған бір ауыздан ишан атағына лайықсың деп сенім білдіреді. Заманында жерлестерін оқу-білімге, еңбекке тартқан, еліне зор қызмет қылған адам. Аңыздың айтуына қарағанда қазіргі кешен орналасқан жер ордалы жыланның отаны болыпты. Кейін аталған жерді жыландар Сатыпалдының дұғаларынан кейін тастап кеткен деседі. Аңыз ба әлде шын ба кім білсін, бірақ тегін адам болмаса керек. Кешенде Ғабдолланың баласы Файзулла және жақын досы Омар Қалпе де жерленген. Бұл әулет көп қудалауға да ұшыраған.
12-фото. Амангелді сарбаздарының байрағы, А.Иманов атындағы мемориалдық музей
Наушабайдың Нұржаны Сатыпалды ишан қайтыс болғанда оған арнап мынандай жыр шығарған екен:
«Сатыпалды ишан әулие
Фәниден өтті бақиға,
Дін мұсылман жұрты үшін
Қайғылы, ауыр оқиға.
Тізеңді бүгіп, қолың жай,
Арнап құран оқырға,
Жақсылығы көп еді
Жетім менен пақырға.
Дарақ егіп, жеміс сап
Өсіріп еді тақырға.
Тәлім берген сол еді
Біз секілді соқырға».
Сөйтіп, осы өңірге білім нәрін сепкен тұлғалардың басына дұғамызды бағыштаған соң келесі бағытымыз — Құмкешуге қарай жол тарттық.
Ашқан қарынды бір тойдырып, шөлімізді тағы қандырып, енді Торғайдың Дубайына бет алған түріміз еді!
Айтқандай, Амангелді кентінде бір соға алмай кеткен жерім бар, ол Әнуар Боранбаев атындағы музей, құдай қаласа тағы жол түсер деп ойлаймыз.
13-фото. Құмкешу құмы
Сонымен Амангелді кентін артқа тастап, Торғайдың Дубайы деп аталатын Құмкешуге де келіп жеттік, бұл жер Арқалық-Торғай трассасының Торғай бағытындағы шамамен 180 шақырымында орналасқан.
Жалпы, біз көбінесе Құмкешу құмдары туралы білеміз, негізінде жақын маңда Құмкешу атты ауыл және сондай-ақ, энеолит дәуірінің тарихи ескерткіштері — қазылған қоныс та бар.
Аталған жерден жиырма мыңнан астам кремнийден жасалған заттар, көптеген қыш бұйымдар табылған. Дәл осы жерден Терсек дәуірінің 11 қонысының орны да ғылым үшін құнды.
Айтқандай, 1917 жылғы 21 ақпанда Амангелді батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылар Құмкешуде патша әскерінің жазалаушы отрядтарына соққы берген болатын.
Тағы бір қызық дерек — Құмкешуде 22 әулие-әмбие жатыр екен.
Қазақ жерінің әр төбесі, әр адыры осынысымен құнды.
Ал, Құмкешу құмы — табиғат ананың кереметі, Құмкешу құмы бар болғаны 2-5 шақырым жерді алып жатқанымен Сарыарқа жерінде кездесетін нағыз керемет құбылыс!
Құмкешу Қостанай облысы Амангелді ауданының аумағында орналасқан!
14-фото. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылардың қару-жарақтары, А.Иманов атындағы мемориалдық музей
Бұл жерде 10-15 минут аялдап, келесі бағытымыз Айтпай ауылы қайдасың деп жолға тарттық!
Айтқандай жол бойы болса да арнайы тоқтап кідіруді қажет ететін жер — Үрпек ауылы.
Алла сәтін салса оған да жетіміз деп жүрміз.
15-фото. Қазақ қонақжайлығы
Әлқисса, Арқалық-Торғай трассасының бойымен келе жатырмыз, шамамен Арқалықтан 191 шақырым қашықтықтағы Айтбай ауылына да келіп тоқтадық. Мұнда Зекен деген туыс ағамыз тұрады. Ол кісінің үйіне соғып, аман-саулық сұрастық. Ағайындар дастархан басына шақырды. Бауырсақ пен қаймақты соғып алдық, бір сапар кеседен қымыз іштік те рахметімізді айтып, Тоқанай ауылына бағыт алдық.
Сонда деймін-ау, қай үйге кірсең де алдыңа қымызы мен қаймақ-майын тосады, құтты қонақ болуын сұрайды. Тек Айтбай ғана емес, жолдағы Саға мен Бидайық (Міржақып Дулатұлының ауылдары) және Ақкөл мен Қарасу (Ахмет Байтұрсынұлының ауылдары) ауылдарында да, Торғай шаһарында да халқымыздың қонақжайлығына риза болдық. Негізі біз ешкімге салмақ салдырмай, мүмкіндігінше қонақ үйде тоқтап, дәмхана мен асханалардан тамақ ішуге тырыстық, бірақ қай ауылда болса да алдымызға бас тартып, бұқпа жасап, балығын да (көл жағасындағы ауылдарда) қойып қояды.
Иә, сөйтіп жолдың қиыншылығына төзе отырып, Тоқанай ауылына де жеттік. Тоқанайдан Торғайға дейінгі қашықтық 92 шақырым шамасында, сонда біз 196 шақырым қашықтықты жүріп тастағанбыз ғой.
Алдында, біз Арқалық-Торғай трассасы бойынша батысқа қарай бағыт алсақ, енді Тоқанайдың тұсынан солтүстікке жол тарттық. Алдағы екі ауылға, дәлірек айтсақ, сапарымыздың басты мақсаттарының бірі — Міржақып Дулатұлының сүйегі қойылған, туып-өскен жері Саға мен Бидайыққа бағыт алдық.
16-фото. Міржақып Дулатұлының кіндік қаны тамған жері
Осыған дейін жолдың азабына қиналдық деп жүрсек, машақат енді басталды. Оның үстіне жолда жауын-шашын болса көлігіңізбен қоса далада қалуыңыз мүмкін. Сондықтан бастысы сапарға сай сайлы көлікпен шығу қажет. Алдағы жол қашықтығы мынадай: Тоқанай ауылының тұсынан Саға ауылына дейін 49 шақырым, одан әрі Бидайық ауылына дейінгі қашықтық тағы 30-35 шақырым шамасында, сонда біз тағы кері жолымызды қосқанда 170 шақырым шамасында жол жүруіміз қажет.
«Жолдың сәтін бере көр» деп Міржақып еліне бұрылдық.
Манағы қымыздың қызуы бар ой-шұңқырға, жолдың жайсыздығына қарайтын біз жоқ, асығып келеміз, алда «Оян қазақ» деп Алашқа жар салған Міржақып атамыздың жұрты!
Міне осы Тоқанай ауылының тұсынан «Алтын Дала» резерватының «Сарықопа» деп аталатын учаскесі басталады. Аталған резерваттың өзі 2012 жылы құрылған болатын, тиісінше резерват құрамына дала, құмды-шөлейтті жерлер мен сулы-батпақты алқаптар кіреді, әсіресе «Сарықопа» уческесінің аумағы жабайы аңдардың, мысалы, ақбөкеннің, құстардың мекен ету ортасы болып табылады. Ал, «Алтын Дала» резерватынының жері Қостанай облысының Амангелді және Жанкелдин аудандарының аумағын алып жатыр.
Айтқандай, Науырзым қорығы — Торғай табиғи аумағының солтүстік шегі болып табылады. Нақты Сарықопа участогына қатысты айтатын болсақ, Сарықопа мемлекеттік табиғи мемлекеттік заказнигі 1986 жылы құрылған еді. Сарықопа көлдері аумағын сулы-батпақты және шалғынды жерлер алып жатыр. Жалпы, Сарықопа көлдер жүйесі дүниежүзілік орнитологиялық аймақтар (IBA) тізіміне кіргізілген. Өйткені Сарықопа сулы-батпақты және су маңындағы құстардың ең көп шоғырланатын жері, құстар бұл жерде ұя басып, балапан ұшырады. Бірқазан, қарақұс, тырна, дуадақ сияқты сирек кездесетін құстар осы өңірде ғана ұя салады.
Сарықопа көлінің жалпы ауданы 336 км2, су жиналатын алабы 17440 км2. Орташа тереңдігі 2 м.
Көлдің батыс жағалауы түйетайлы, біртіндеп жазыққа ұласады, ал шығыс жағалауы биік (5-5 м). Көлге Теке, Сарыөзен өзендері құяды. Су мол жылдары көл қазаншұңқырындағы су деңгейінен асып Сарысу, Тәуіш өзені арқылы Торғай өзеніне құяды. Балыққа (мөңке, алабұға, қарабалық) бай. Суымен шабындық суғарылады!
17-фото. Міржақып Дулатұлының еліндегі Қоңыраулы өзені
Енді, экспедиция құрамындағы өздеріміз туралы азды-көпті баяндай кетсем. Кейде ойлаймын, егер еріктілер болмаса қоғам қаншалықты дамымайтын еді, мәселен, мына суреттегі төртеуміз де өз саламызда жұмыс істеп, елге пайдамыз тисе деп жүрген жандар екенбіз. Өзіңді өзің мақтау артықтау әрине, бірақ осы біздің елді таныту үшін қаншалықты тер төгіп жүргенімізді ағайындар біле ме екен?!
18-фото. Міржақып Дулатұлы елінде
Мына суреттегі Райхан Имаханбет деген апайымыз (алайда апай деп айтуға біртүрлі аузың бармайды, өйткені ол кісінің менен 5-6 жас үлкендігі ғана бар екен) Алматы қ. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы музейді басқарады екен. Аталған музейді мемлекеттен бір тиын да алмастан, өздерінің жанқиярығының арқасында ұстап отыр. Оны айтасыз-ау, музейді мемлекеттің музейінін кем жарақтандырып отырған жоқ. Жан-жағы тағы гүлге оранған, тазалығы тіпті тамаша. Музейге барып Ахаңның ұстанған заттарын бір көрудің өзі неге тұрады? Сонда деймін-ау, ол қандай күш екен Райхан апайымызды осыншама жанқиярлықпен қаншама жыл музейді ұстатып отырған?! Ахмет атамыздың рухы риза болсын! Айтқандай, басқа өңірден шыққан бауырлар ренжімесін, Райхан апайдың айтуынша осы музейге келген торғайлық ағайындар музейге тегін кіреді екен.
Ал, ол кісімен іргелес отырған жігіттің есімі — Нағашыбай Бірманов. Ал, бұл ағамыз Торғайдың Бидайық деген ауылында Міржақып Дулатұлының кесенесін 10 жылдан бері ұстап отыр. Жахаңа жақындығы да бар екен, сонда бұл ағайындық парыз ба әлде қазақтың ұлы тұлғасы — Міржақыптың алдындағы қарыз ба? Қалай десек те осынша уақыт шашауын шығармай ұстау екінің қолынан келмесі анық! Атамыздың заттарын да көрдік, музей де бар екен.
Енді, ортада отырған үшінші кісі — Қызбел ауылдық округінің әкімдігінде істейтін мемлекеттік қызметкер ағамыз Мәлік Балғин. Қызбелден (Сағадан) Бидайық ауылына бізді бастап жүрді, жол көрсетті, алтын уақытын қиып, асты-үстімізге түсіп әлек болды.
Бұл да оның бізді туған жерді танысын, барынша мәлімет алсын деген жанашырлығы деп түсіндік.
Осы ағайындардың ішіндегі біз де — мен және Жәнібек Аянбай екеуміз халқымызға қалтқысыз қызмет етіп Тылсым Торғайды танытып, жерлес бауырларымызбен — «Тобыл-Торғай.кз» сайтын ашып және жүргізіп, дәл сол сәтте үш күнде мың шақырымнан астап жол жүргізген тағы қандай күш екен?!
Бұл — аталарымыздың қайсар рухы, оларға тағзым ету үшін біздің азаматтық борышымыз деп санаймыз.
19-фото. Міржақып Дулатұлының кесенесіндегі жазу
Ахаң мен Жахаң соңдарына өлмейтұғын із қалдырып, бірі «Маса» болып ызыңдаса, бірі «Оян, қазақ» деп айтумен болды. Олардың жасаған дүниелерінің ең болмағанда миллионнан бірін, мыңнан бірін жасасақ онда біздің де киелі топырақтан нәр алғанымыз ғой!
20-фото. Торғайда тау жоқ деп кім айтты?!
Әлқисса, Тоқанай ауылының тұсынан Саға ауылына бет алдық. Күн ыстық, көлікте кондиционер болып жанымыз аман қалып келеді. Құдай-ау 49 шақырым деген жолымыз жеткізбей келеді, ал біз толқу үстіндеміз, өйткені әдеттегі Арқалық-Торғай трассасынан бұрылып «Оян қазақ» деп жар салған Жақаңның — Міржақыптың еліне бет алып келеміз.
Әрине, Бидайық пен Саға ауылдары Қызбел ауылдық округіне кіреді, бірақ Саға — Торғай мадияларының Отаны ретінде белгілі, ал Бидайықта Жақаңның сүйегі жатыр.
Жалпы, бұл киелі мекеннің Торғайдың өзге өңірлерінен өзгешелігі бар, біріншіден, жері шоқылы-қыратты, атауларының өзі қызық — Қыземшек, Қызбел, Боқбасар, Қатын қазған, Шөкет сиген деп кете береді. Иә, бастадым ғой, толық айтып шығайын, Қайсар Әлім ағамның жазуынша Қызбелтау, Қотыртау, Мық, Абаттау, Теке діңі төбесі, Сұпытөбе, Қоңыраулы, Теке өзендері, Сарықопа көлі, Сарықопадан бөлінетін Қазалы, Айтуар сияқты көлдер, Аққұдық, Талдықұдық, Қуысқұдық, Қарақұдық, Тастықұдық, Жырық, Оспан құдығы, Орыс құдығы, Құттыбай бұлағы, Амантай бұлағы, Жосалы, Бүргенді, Рақбек, Төлеген, Шабанбай, Бошақайлы, Қайнар, Әжібай, Ебелек, Андағұл, Аршалы шат, Ақ отау, Ақсуат, Саға, Шобан, Құмшық, Ошағанды, Ойшүмек, Тамшұбар, Лақшұбар, Жолан секілді әрбір жер-судың өз атаулары бар.
Қызбелге кезінде Нұрxан Аxметбеков, Фариза Оңғарсынова, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Назарбек Бектемісов, Ақылбек Шаяxмет және т.б ақындардар өлең арнаған, С.Мұқановтың «Мөлдір маxаббат» романы мен С.Досановтың «Ақбас бүркіт» шығармасына негіз болған мекен — ол да Қызбел.
21-фото. Қазақ және венгр халықтарының достығы құрметіне салынған ескерткіш, Саға ауылы
Енді, осындай мекеннен осал адам тумауы мүмкін емес қой?
Мәселен, кішкентай ғана Қызбел ауылынан исі қазаққа белгілі мынадай тұлғалар шыққан:
1) Өтей батыр,
2) Қарсақ батыр,
3) Назар абыз,
4) Оспан қожа,
5) Міржақып Дулатұлы,
6) Сейдазым Қадырбаев,
7) Әбдірахман Иманқұлұлы,
8) Күдері Жолдыбайұлы,
9) Асқар Закарин,
10) Фазылхан Бәйімбетов,
11) Сайлау Байзақов,
12) Сәбит Байзақов,
13) Едірес Сейілов,
14) Нариман Қыпшақбаев,
15) Абай Байтоғаев,
16) Бақытбек Қошмағамбетов,
17) Сейіт Кенжеахметов,
18) Қайсар Әлім,
19) Таңатқан Сәтбаев,
20) Жұмағали Арғынбаев,
21) Таңатқан Досмағамбетұлы,
22) Әлібек Қасымов,
23) Асқар Дулатұлы,
24) Айбек Байзақов,
25) Əбутəліп Əмірұлы,
26) Қабылан Рағатов,
27) Ғазез қажы Әмірханов,
28) Бақыт Қошмұхамбетов,
29) Абай Әмірханов,
30) Шоқан қажы Әмірханов.
Иә, бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады.
Сонымен ауыл іргесіндегі Қоңыраулы өзенінің үстіндегі биік көпір үстіне тоқтадық, бұған дейін ауыл әкімдігі хабарласып, бізді күтіп алатынын айтқан еді. Біз кідірмедік, сол қалпымызда әуелі Жақаңның — Міржақып Дулатұлының сүйегі жатқан Бидайық ауылына жетіп алуды көздедік.
Бұл ретте, Қызбел ауылы туралы тағы бір-екі деректі айта кетсем. Қызбел жерінде Теке діңі деп аталатын қола ғасырының ескерткіші де бар.
Оны айтасыз-ау бір жылдары інім тіпті ауыл ішінен қола дәуірінің қыш құмырасын да тауып алған болатын. Астанадағы Е.Гумилев атындағы университеттің ғалымдары оның суретін де көріп, нақты қай кезеңге жататына баға да берген болатын. Тек, өкініштісі, сол құмыра ауылда сынып, аяқ астында қалды. Осындайда шығар, «табанымыздың астындағы тарих» деген ұғымның пайда болуы. Ал, біз Ахаң мен Жахаңның ізі қалған, табаны тиген жерді басуға, оның кесенесіне асығып барамыз.
Тағы да бір шегініс жасайық.
1960 жылдары Европа төсіндегі венгерлер Орталық Азия мен башқұрт жерінен өз туыстарын, дәлірек айтсақ, аңыздарында айтылатындай — атамекенінде қалған мадиярларды іздей бастайды. Сол уақытта Торғайдың Қызбел ауылында мадияр деген ру барын естіп, оларды атажұртында қалған мадиярлар деп санап, кейін келулерін жиілетіп, зерттеулерін де жүргізе бастайды. Ең соңғысы осы жазда біздің алдымызда венгрлердің 27 және 3 адамнан тұратын екі тобы келіп кеткен еді.
Негізінде мына жайтты еске ұстауымыз керек, 1000 жыл көлемінде Ұлы Даладан (дұрысы қазақ және башқұрт жерлері) кеткен венгрлер Паннонияға барып тұрақтап, Европада орнығып алады, алайда славян және неміс тектес жұрттардың қоршауында өмір сүрген олар бәрібір өгейдің күнін кешеді. Бұлар сол кеткеннен мол кеткен, кезінде патшалықтары дүркіреп тұрған ел болатын. Ал, монғал шапқыншылығы кезінде сахарадан қашып, Еуропа орталығын паналаған 60 мың үйлі Дәшті Қыпшақ жұрты 19 ғасырға дейін бастарын өзге жұртқа имей келді. Алайда, ақырында ассимиляцияға түсті, қазіргі саны 300 000 деседі.
Міне, сол венгрлер Саға ауылында бұдан бірнеше жыл бұрын қазақ пен мажар достығының құрметіне ескерткіш орнатып еді. Ауыл адамдарының айтуынша Сағадағы бұтақ түріндегі ескерткіш (ағаш) теңіз түбінен алынып, қазақ жеріне жеткізілген екен.
22-фото. Мадияр би Жауғаштұлы өмірде болған адам, баба Түркістанда жерленген екен, өмір сүрген уақыты — 1655-1735 жылдар.
Айтайын дегенім, Мадиярлар (яғни) мен біздің мадиярлар (қазақ руы) арасында еш қатынас жоқ. Себебі Мадияр би Жауғаштұлы өмірде болған адам, баба Түркістанда жерленген екен, өмір сүрген уақыты — 1655-1735 жылдар. Ал, мажарлардың кеткеніне мың жыл болғанын ескерсек, шындық пен аңыздың арасы осындай екеніне көз жүгіртесіз.
Бастысы өзіміз өшкенімізді жаңғыртып, өлгенімізді тірілтіп жатқан түріміз бар.
Жалғасы бар!
Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ
фотоға түсірген Жәнібек АЯНБАЙ
Бір пікір
Pingback: Ахаң мен Жахаң жұртына сапар! 2-ші бөлім. — Тобыл-Торғай