Қостанай өңіріне сапары барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес секторын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы бүгінгі күні шағын және орта бизнес көрсеткіштерін арттыру және халықты жұмыспен қамту жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болып отырғандығын баса айтты.
«Қазіргі уақытта «Атамекен» «Бастау бизнес» деп аталатын өте жақсы оқыту бағдарламасын жүзеге асыру үстінде. Адамдарды бизнес ашуға үйрету, қайда бару, несиені қалай алу керектігіне кеңес беру қажет. «Атамекен» «Бизнес бастау» аясында бұл жұмыстарды жүргізуде, қолдау керек. Содан кейін шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі өсуі тиіс. Жұмыспен қамтуды арттыру, адамдарды өзін барлық қажетті дүниемен қамтамасыз етуді үйрету қажет. Мемлекет оған көмек те береді» деп атап өтті Елбасы.
Осы орайда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай өңірінде 34 бағдарламаның жұмыс істеп жатқанын, оның аясында кәсіпкерлер несие алып, бизнесін ұлғайту мүмкіншілігіне ие болып отырғанын баса айтты. Сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Мемлекет басшысына бұл мәселеде өңірдің, әсіресе, оңтүстік аудандарында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны байқалып отырғандығын айтып, сендірді.
inform.kz