Жақында Қостанай облысында Цифрландыру жөніндегі басқарма өз жұмысын бастайды. Бұл туралы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына арналған жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Архимед Мұхамбетов атап өткендей, Елбасы өз Жолдауында он нақты міндетті атай отырып, өнеркәсіп, көлік, білім беру және басқа да салаларға бүгінгі заманның озық технологиясын енгізуге ерекше міндет жүктеді.
«Сол себепті, біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Жақын арада цифрландыру жөніндегі басқарма құрылады. Жаңа басқарманың нақты міндеттері анықталып, 4 ай ішінде жұмыс жоспары бекітілмек. Сондай-ақ қала-аудандардың әкімдері цифрландыруға байланысты ай сайын есеп жіберіп отырады» деді облыс әкімі.
Жиын барысында белгілі болғаны, цифрландыруға байланысты өңірде жыл аяғына дейін 100-ден астам жоба іске қосылуы тиіс. Қазірдің өзінде 68 жоба өңір басшысымен келісіліп, өз жұмысын бастап кетті.
Ал облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өз баяндамасында цифрландырудың 12 бағытын қамтитын құжатты іске асыруда шетелдік тәжірибелер де қолданылатынын айтты. «Қостанай облысында 20 ауыл шаруашылығы кәсіпорны аграрлық-өнеркәсіптік кешендерді (АӨК) цифрландыру жобасына қатысу үшін іріктеліп алынды. Жалпы, бүгінде өңірдегі 700 кәсіпорынға цифрландыру элементтері енгізілген. Атап айтқанда, егін алқабының жағдайын бақылайтын жерсеріктік мониторинг, автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын бақылау, жанармай деңгейін көрсететін құрылғы, агробағыттаушылар, мал шаруашылығында малды чиптеу сияқты жүйелер шетелдерде жақсы дамыған. Мәселен, Канадада мал жағдайын бақылау үшін дрондар пайдаланылады» деп атап өтті М.Мырзалиев.
inform.kz