Қостанайдағы «Астық индустриясы» ірі агрохолдингі Цифрландыру бағдарламасы аясында төрт түлікті чиптеуді бастамақ деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарабалық ауданында орналасқан «Астық индустриясы» агрохолдингі құрамына «Север-Агро Н» асыл тұқымды мал шаруашылығы комбинаты, «Терра» бордақылау алаңы, «Тоғызақ» астық өнімдері комбинаты және «Ақ-Бидай-Агро» фирмасы секілді бірқатар нысан кіреді. Бүгін агрохолдингтің алдағы жұмыс жоспары мен жетістіктері шетелдік ғалымдарға таныстырылды.
«Біздің облыста АӨК цифрландыру пилоттық жобасына қатысуға мүмкіндігі бар 20 кәсіпорын іріктеліп алынды. Солардың бірі «Астық индустриясы» агрохолдингі өз базасында бірнеше жаңашылдық ұсынды. Осыған орай тәжірибелерімен бөлісу үшін Италия, АҚШ, Франция, Ресей мемлекеттерінің ғалымдарын шақырдық. Дамыған елдердің жаңа технологияларын біздің өңірдің ауыл шаруашылығына пайдалансақ, өнімділік қуаты әлдеқайда артады» деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
«Астық индустриясы» агрохолдингі бас директоры Дәулет Ахметқалиевтің сөзінше, Цифрландыру бағдарламасы бойынша қолға алынған жобалардың көмегі зор.
«Жақында малдарды чиптеуді бастаймыз. Осы арқылы асыл тұқымды малдың ұрланбауын компьютерден қадағалап отыратын боламыз. Сондай-ақ, бордақылау алаңы да озық технология бойынша жабдықталатын болады. Мұндағы мал тәулігіне 700 грамм салмақ қосады. Қолдағы малдың 20 пайызы осы бордақылау алаңында, қажетті салмақ алынғаннан кейін оларды ауыстырып отырамыз, осылай үдеріс жалғаса беретін болады. Жалпы, ешқандай қоспасыз табиғи жем берілетін малдан алынатын ет сапасы да жоғары болады» деді Д.Ахметқалиев.
Бүгінде «Терра» бордақылау алаңында 8 мың ірі қара жемделеді. Компания облыстағы ет кластерінің қалыптасуына үлес қосып отыр. «Север-Агро Н» шаруашылығы 3500 ет бағытындағы және 2800 сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсіреді. Ал «Ақ-Бидай-Агро» агрофирмасы 3-4 ауданда 85 мың гектар алқапқа бұршақ, майлы дақылдар өсірумен айналысады. Олардың ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие өнімі Қарабалық ауданында өңделеді.
inform.kz